Бұрынырақтағы қазақтар білген шығар. Ғайыптан тайып арыстан не жолбарыс тап келсе, қандай әрекетке көшу керегін. Себебі даламызда бертінге дейін жолбарыс болғаны белгілі. Кейіннен тұқымы құрып кеткен соң, жоқ нәрсеге кім бас ауыртсын? Мұхтар Шаханов «Гималай жолбарыстары» деген өлеңінде осы туралы толғанады ғой. Ақын онда жолбарыспен кезіге қалған адам не істеу керегін шетелде жүргенде жолбарыс аулаушыдан естігенін келтіреді.
«Қалың орман арасында, не құзар шың төсінде,
Не асқақ тау баурайымен сапар тартсаң жолға алыс,
Қайтпек керек, қарсы алдыңнан шыға келсе жолбарыс?
Ең бастысы, сабыр сақтап, еңкейместен тік тұру,
Аңға, малға жақындамас болмысыңды ұқтыру.
Осы шартты орындасаң, одан қауіп күтпегін,
Ал еңкейіп, төрт аяқты малға ұқсасаң – біткенің.
Сол сәтінде-ақ тарғыл мысық қан толтырып көзіне,
Серіппедей тартыла кеп атылады өзіңе»,
дейді. Өлеңнің басында «ең дұрысы, адамдығы еңкейгеннен қорыққан...» деген елеусіз ғана бір жол бар. Негізгі мазмұн осы жолда, алайда біз оған кейінірек соғамыз.
1916 жылға дейін небәрі 40 жыл өмір сүрген Америка жазушысы Джек Лондон «Арыстан адамның хикаясында» да осыны айтады. Бірақ мұндағы кейіпкер – арыстан. «Ол үшін арыстандармен бетпе-бет келіп шайқасу түкке тұрмайтын, соншалықты оңай нәрсе еді. Егер сасқалақтап, қобалжымай, сабырлы қалпын бұзбай тұра алса, кез келген адам арыстанды таяқпен-ақ дегеніне көндіре алады. Арыстан адам (кейіпкер кісі) бірде арыстанмен бір жарым сағат шайқасқан болатын. Арыстан өзіне ызалана ұмтылған сайын мұрнынан таяқпен соғып қалады да, айлаға басып, басын төмен салып шабынған кезде аяғын таяқ орнына қолданады. Ал аяғына жармасқысы келсе, сәл ғана артқа шегініп, мұрнынан қайтадан таяқпен ұрады. Бар болғаны осы» дейді кейіпкері туралы. Яғни алтын басын имей, адам қалпын сақтай алғаннан арыстан да, жолбарыс та тайсалады екен. Сыры неде?
«Бұл сұраққа ғылым әлі толық жауап таппаған:
Адам кейпін сақтағанды жыртқыш неге жақтаған?
Бәлкім, тәңір пенделерін ойға тарту үшін де,
Жаратты ма жолбарысты осындай өр пішінде?
Іңкәр тірлік жолындасың. Қимылыңа мән бер сен,
Қай кезде де еңсе бүкпеу – ердің басты құралы.
...Мен де кейде адамдығы аласарған жан көрсем,
Ыза буған жолбарыстай атылғым кеп тұрады...»
Осы жерде біз «ең дұрысы, адамдығы еңкейгеннен қорыққан...» дегенді қайыра еске саламыз. Оған себеп – Джек Лондонның «Арыстан адамның хикаясындағы» Уэллэс есімді арыстан үйретушіге қастық қылған Де Вилдің әрекеті. «Уэллэс шын мәнінде патша еді. Мен оны біреумен бәстесіп, таяқ та ұстамай, жалаң қолмен арыстанның торына кіріп барғанын өз көзіммен көрдім. Жұдырықпен аң патшасының мұрнынан бір-ақ ұрып тырп еткізбей, дегеніне көндірді», дейді Джек Лондон. Әңгімеде ешбір жаратылыстан қорқуды білмейтін Уэллэске өшіккен Де Вилдің оған шамасы жетпей иттен қор болып, кектене түседі. «Төбелескісі келген Де Вилдің басына бір шелек желімді құйып жібере салады» Уэллэс биіктен қарап. Иә, бұған дейін қаншама аң патшасын жүгендеп, арандай ашылған арыстанның аузына басын тығып өнер көрсетіп жүрген Уэллэс кезекті бір ойында өзінің үйреншікті арыстаны Августустың аузына басын салғанда, ол кенеттен қауып қалып, қытыр еткізіп мойнын үзе салады. Уэллэстің әріптесі, «Арыстан адамның» айтуынша: «Халық тарқаған соң, мен торға кіріп, Уэллэстің басын иіскедім. Ащы иіс қолқамды атып, түшкіріп жібердім», дейді.
Сөйтсе, «киім ауыстыратын шатырда Де Виль Уэллэстің шашына қолқаны ататын ұнтақ сеуіп қойыпты. Кәрі Августус көрсетілім барысында аузын жауып қалуды мүлде қаламаған. Ол бар болғаны түшкірген екен» деп аяқтайды Д.Лондон. Шахановша айтсақ, «ең дұрысы, адамдығы еңкейгеннен қорыққан...»