• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 13 Ақпан, 2024

Шәкен аға киген бөрік

331 рет
көрсетілді

Шәкен Айманов бала кезінен қалжыңқой болып өскен. Кейде үй алдындағы үлкен тастың басына шығып алып, жылап отырады екен. Сонда оны көрген ауыл ақсақалдары: «Мынау бала жаман ырым бастап отыр, тастан сүйреп түсіріңдер», деп ұрысса, ағалары: «Жоқ, Шәкенге тиіспеңдер, оны өнер қысып отыр», деп тоқтататын көрінеді.

Ақбеттаудың баурайындағы «Айманбұлақ» жазығы Айдабол ұрпақтарының, соның ішінде атақ­ты Шоң бидің қыстауы болған. Шәкен ағаның кіндік қаны тамған жер. Жалпы, Айманнан 8 бала та­райды. Оның ішінде кенжесі Кен­жетайдан Әбдікәрім, Шәкен (Шаһкәрім), Кәукен (Әбдірахым) дүниеге келсе, ағасы Мұзапардың Қапан, Шамат, Кәрімқұл, Қалкен есімді ұлдары болған.

Қазіргі күні Кереку қаласында тұратын Тоғжан Мұзапаров – Шаматтың ұлы. Ол Шәкенді бала шағында көріп, ағалық мейірімін сезінген жан. Биыл зейнет жасына жетіп қалған ағамыздан атақты режиссер жайында естеліктерімен бөлісуді сұраған едік.

«Әкем Шамат Мұзапарұлы Шәкенге немере аға болып келеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қаты­сып, Жеңіс күніне дейін жаумен арпалысқан. Ұзақ жылдар Рид­дерде еңбек етті. Сол тұста екі аға­йындының (Мұзапар мен Кен­жетайдың) балалары әр жерде білім алып жүрген ғой. Оларды оқы­ту үшін әкем барын салады. Екі үй­дің балалары өте тату-тәтті, туыс­қандық байланыстары мықты еді. Баянауылдың Ақбеттауының баурайында «Айманбұлақ» деген әсем мекен бар, Шәкен ағаның дүниеге келген жері. Бүгінде ол жергілікті ұлттық парктің аумағына еніп тұр. Сол Ақбеттаудың баурындағы жазықта Кенжетай атаның бөре­не­ден салынған қыстауы бол­ған. Кәукен ағаның айтуынша, Кен­же­тай атамыз – әулетіне тартқан өнерлі, саятшы болған жан. Кенжетайдың сол шағын ғана үйінде әнші Қали Байжанов, Ысқақбай күйші, Дүй­сенбай ертегіші, Рахметқожа қис­сашы, сауық сүйгіш ағасы Мұзапар (атамыз), інісі Қажымұрат, тағы басқа ел жақсылары жина­лып, ойын-думанды қатты қызды­ра­ды екен. Шәкен ағаның кішкен­тайы­нан өнерлі, әнші, актер болып қалыптасуы осындай ойын-сауықтың арасында жиі болуынан болар. Әйгілі «Екі жиренін» бала шақтан айтқан. Біздің әкеміз қазіргі Торайғыр аулында туған ғой. Ол кісі 1989 жылы дүниеден озды», деп әңгімеледі Тоғжан аға.

«Алдар көсе» фильмі – Шәкен Аймановтың өзі басты кейіп­­кер­дің рөлін сомдаған ірі шығар­ма­ла­рының бірі. Сол картинада Алдар­дың басынан тастамай­тын бөркі естеріңізде болар. Қазақ­тың маңдайына біткен жарық жұл­дызының тері сіңген құнды жә­дігерді Тоғжан аға сонау бір жылдары Павлодардағы Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музе­йінің қорына тапсырған екен.

Музей директоры Ербол Қайы­ровтың айтуынша, бұл бөріктің музей қызметкерлерінің қолына түскенге дейінгі тарихы да қызық. Кинорежиссер өзінің туған жері Баянауылда 1969 жылы «Найзатас баурайында» фильмінің негізгі сюжеттерін түсіргені мәлім. Кейін Алматыда фильмнің түсірілімі аяқталады. Бірақ түсіру тобына қосымша көрініс қажет болып, олар Баянауылға қайта жол тартады. Сөйтіп, барлық шаруасын аяқтап, кері қайтып бара жатқан­да Павлодар қаласына аялдаса керек. Мұнда немере ағасы Шамат Мұзапаровтың үйіне қонақ бол­ған. Режиссер кетерінде «Бірнеше фильмге түскен әйгілі бөрігімді тастап кетейін, менен кәде болсын» деп үй иесіне ұстатқан екен. Туыстары бөрікті көзінің қара­шығындай көп жыл бойы сақтап келіпті. Осылайша, ол бүгінде ха­лық­қа ортақ естелікке айналып, көр­ген жанның есіне сонау 1965 жылы жарық көрген «Алдар көсе» фильмін түсіреді. Музей қорын­дағы құнды жәдігерлер қатарында Шәкен Аймановтың 1970 жылы Мәскеуде апатқа ұшырап, қаза болған сәтіндегі былғары тоны да сақталып тұр.

Бөрік жөніндегі естеліктерді ­ойына түсірген Тоғжан аға әңгі­месін одан әрі жалғай түсті.

«Мен бала кезімде Шәкен аға­ны бірнеше рет көрдім. Алматыға талай мәрте қонаққа барып, сол үйде апталап жататынбыз. Біз­ді Медеуге, қаланың әсем жер­ле­ріне апарып қыдыртатын. 1968 жылы болуы керек, анам Жәмила Шүлембайқызы екеуміз Алма­тыға кезекті рет барғанда қыз­мет­тік көлігімен Медеуге алып шық­ты. Ол жерде «Тақиялы періш­тенің» түсірілімі жүріп жатыр екен. Сонда көп қызыққа кенел­генім бар. Әйгілі Әлімғазы Райым­беков, Серке Қожамқұлов, Әмина Өмірзақова, өзге де актер­лерді тұңғыш рет көрдім. Тағы бірде Шәкен аға мені үйде жалғыз қалмасын деп, бір подъезде тұра­тын әнші Роза Бағланованың пәте­ріне тастап кеткені бар. Роза апайдың үйі үнемі тап-тұйнақтай болып тұратын. Ал Шәкен ағаның балаларға деген мейірімі керемет еді. «Әй, Тоқашбек, мұнда кел», деп еркелете атайтын есімімді. Ақжарқын мінезді, үнемі көңілді, күліп жүретін адам-тұғын. Дү­ние жимаған, барын аямайтын қара­пайым жан еді, үш бөлмелі пәтерінен өзге мүлкі болмаған. Ал енді бөрік жайында айтар болсам, қайтыс боларынан бір жыл бұрын Павлодарға келді. Қалада қазіргі «Қазақстан» мейрамханасы бар, кино түсірушілердің барлығы сонда орналасатын. Ол кезде Керекудегі Иса Байзақов көшесінде жер үйде тұрамыз. Кино түсірушілердің барлығы то­пыр­лап біздің үйге қонаққа жиналады. Анам наубайханада жұмыс істеген, келген қонақтардың барлығын тамақтандырып, риза қылып жібереді. Сонда Шәкен ағамыз әкеме естелік болсын деп басына киіп жүрген бөркін тастап кетті. «Алдар көсе» фильміндегі бөрік екенін кейін білдік қой. Әкеміз қастерлеп төрге іліп қояды, ұсақ балалар қайдан біліппіз, әлгіні киіп алып ойнайтынбыз. Бірде Шәкен аға маған Франция елінен ішіне тәтті толтырылған паровоз ойыншығын алып келгені есімде.

Шәкен аға туған топырағына кино түсіруге келгенде ел-жұрт барлық кино түсіруші топты кезекпен қонақ етіп күтеді екен. Жаз бойы әлдебір туындыны түсіріп жатқанда баянауылдық тұрғын, «Қоңыр әулие» үңгірінде шырақшы болған Жұмат Құрманов түсіру тобының жылқысын бағыпты. Сонда оған Шәкен аға күніне 3 сом 50 тиын төлеп тұрған. Әрі кетерінде бір жылқыны соғымға байлап кеткен.

Керекуде кеңес өкіметі жылдары қазақ театры болмады. Ел-жұрттың ұлттық өнерге сусап отырған кезі. Кейде Алматыдан Шәкен аға бастаған атақты актерлер гастрольдетіп Павлодарға келіп, қазіргі Чехов атындағы орыс театрын дүбірге толтырып, бірінен соң бірі пьесалар қояды екен.

Баянауылдық өлкетанушы, кө­­кі­регі шежіреге толы ел ағасы Алтынбек Құрманов (Жұ­мат Құр­мановтың ұлы) та бала ша­ғын­да Шәкенді көргенін жеткізді. Атап өтерлігі, Шәкен Айманов – әйгілі Шоң би Едігеұлының ұр­пағы. Айман­бұлақтағы «Шоң­ның қарағашы» соның айқын дәле­лін­дей. Шоңнан Ақын, Ақыннан Айман туады. Ал Алтынбек аға – Еді­генің ұлы Еламан­нан тарайтын ұрпақ.

Айманбұлақ маңайындағы жер жағдайын жақсы білетін өлке­та­нушы Ш.Айманов фильмдерінің қазақтың рухын сақтап қалуда маңызды рөл ойнағанын айтады. «Кеңес өкіметі қазақтың бар­лық ұлттық болмысын жоққа шығарып жатқан заманда Шәкен Кенжетайұлының фильмдерінен қазаққа тән бояудың иісі шығып тұратын. Ал енді салған әндері көп­теген фильмде қайталанбас дау­сымен жазылып қалды», дейді А.Құрманов.

Шәкен Айманов – аз зерттел­ген тұлға. Інісі Кәукен Кенжетаев біраз естелік жазып кеткені­мен, соңында іздеушісі шамалы. Білуі­мізше, Алматы қаласындағы мұ­рағаттардың біріне Кәукен Кенже­тайұлы төте жазумен толтырылған 5 дәптерді табыс еткен. Онда Айма­новтар тегінің шежіресі, атақты ки­норежиссердің балалық шағы жа­зылған екен. Сол жазбаларды тауып, жарыққа шығаратындар та­былады деген үміт зор.

 

Павлодар облысы