• RUB:
    5.28
  • USD:
    481.63
  • EUR:
    534.46
Басты сайтқа өту
Байқау 13 Ақпан, 2024

Дубайдағы табыс

120 рет
көрсетілді

Ішкі істер министрлігі «Сұңқар» арнайы жасағының жауынгерлері Дубайда өткен «THE UAE SWAT Challenge» турнирінде бес күн бойы бақ сынасып, тамаша нәтиже көрсетті.

Polisia.kz сайтының хабарлауынша, ІІМ арнайы жасағы бұл турнирге осымен екінші рет қатысып отыр. Биыл жауынгерлеріміз әлемнің 41 елі­нен қатысқан 74 команданың ішінен 6-орынды қанжығаға байлады.

Жарыстың барлық кезеңі тартысты өтті. Арнайы бөлімшелердің қызметкерлері әртүрлі тактикалық тапсырмаларды орындады. Атап айтқанда, тактикалық дағдыларды, интеллектуал­ды шоғырлануды және физикалық төзімділікті тексеруге бағытталған шабуыл және құтқару операцияларын жүргізді. Сынға толы додада тіпті бір жауынгеріміз ауыр жарақат алып қалды. Алайда жігіттеріміз намысты қолдан бермей, жарыстың барлық кезеңінде батылдық пен табандылық танытты, бірлік пен бауырмалдықтың нағыз үлгісін көрсетті.

Арнайы жасақ алғашқы үш кезеңнен сәтті өтіп, жүлделі 1 және 3-орындарды иеленген болатын. Бірақ төртінші деңгей олар үшін оңай болмады. Жауынгерлердің бірі тапсырманы орындап жатқанда аяғынан жарақат алды. Алайда ол бұған қарамастан жарысты тоқтатпады. Оны әріптестері жарты жолда қалдырмай, межелі жерге дейін сүйеп алып келді.

Сонымен, команда барлық кезеңді бірге өтіп, толық құрамда мәреге жетті. Шешуші сында команда мүшесі ауыстырылып, жарақат алған жауынгер ауруханаға жеткізілді. Қазір жағдайы тұрақты, ешқандай қауіп жоқ.

– Мен аяғымды «Мұнара оқиғасы» жаттығуында сындырып алдым. Біз үшінші қабаттан екінші қабатқа түсіп, қоңырауды соғып, жерге түсуіміз керек еді. Ол жерге секірген кезде, тоқ соққандай сезімде болдым, көздерім қарауытып кетті. Бірақ менде тоқтау туралы ой болған жоқ. Не болса да, мәреге жетуім керек деп шештім. Жігіттер мен жерлестерім тоқтаусыз қолдау көрсетті. Оларға шексіз ризамын, – деп ойымен бөлісті жауынгер.

Айта кетейік, «THE UAE SWAT Challenge» – күш құрылымдарының арнайы күштері арасында өткізілетін бейресми әлем чемпионаты. Оны «Арнайы жасақтар олимпиадасы» деп те атайды. Бұл жарыстың басты міндеті – арнайы мақсаттағы жасақтардың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру. 

Соңғы жаңалықтар