• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сараптама 13 Ақпан, 2024

Жаһандық ынтымақтастық барометрі

152 рет
көрсетілді

Бүгінгідей геосаяси ахуал, халықаралық қатынас­тар үрдісі күрделі сипат алып, мемлекеттер мен трансұлттық компаниялар арасындағы бәсеке жаңа қарқын алған уақытта жаһандық ынтымақтастықты терең зерттеген талдау еңбектерінің маңызы жоғары. Осы мақсатта әлемдегі түрлі ақыл-ой орталықтары мен мамандардың зерттеулері жүйелі жарияланып келеді.

Бүгін оқырман назарына 2024 жылдың қаңтар айында Бүкіл­әлемдік экономикалық форум мен «McKinsey & Company» халық­аралық консалтинг фирмасы бір­лесе жариялаған «Жаһандық ын­ты­­мақтастық барометрі-2024» (The Global Cooperation Barometer 2024) есебін ұсынамыз. Еңбекте жаһандық ынтымақтастықтың қазір­­­гі ахуалына мамандар тарапы­нан жан-жақты ғылыми талдау жасалған.

«Жаһандық ынтымақтастық барометрі-2024» зерттеуі бес көрсеткіш бойынша 42 индикатор­ды негізге ала отырып, мемлекеттер мен компаниялар арасын­дағы бүгінгі таңдағы өзара ынты­мақтастық мәселелеріне сараптама жүргізіп, тарихи даму траекториясын анықтайды.

Зерттеуде жарияланған диаграммада көрсетілгендей жаһан­дық ынтымақтастықтың негізгі бес саласы бойынша ағымдағы тенденцияларға баға берілген.

Сауда және капитал: ынтымақ­тастық пандемия кезінде өскені­мен, геосаяси шиеленістер және жаңа шектеулерге байланысты 2023 жылы баяулады.

Климат және табиғат: міндет­те­мелердің артуына байланысты мемлекеттер арасындағы ынты­мақтастық деңгейінің артқанына қарамастан, табиғатты ластаушы қалдықтардың бөліну көрсеткіші әлі де өседі.

Инновация және технология: деректер ағыны, зияткерлік мен­шік, халықаралық білім алмасу 2020 жылға дейін ынты­мақ­тастықтың ұлғаюына септі­гін тигізді. Бірақ әрі қарай мүмкін­діктерді пайдалану үшін бірлескен жұмыстың қажеттігі туындап отыр.

Денсаулық және әл-ауқат: пандемия кезінде ынтымақтастық күшейді, алайда уақыт өте бұл са­ладағы жаһандық ынтымақтастық қарқыны бәсең.

Бейбітшілік пен қауіпсіздік: 2016 жылдан бері бұл бағытта ынтымақтастық деңгейі төмендеп, қазіргі таңда құлдырау үрдісі басым.

Зерттеу деректеріне сүйен­сек, экономикалық қуаттың күрета­мыры саналатын халық­аралық сауданы қалпына келтіруге болжамды жаһандық бөлінушілік тенденциясы қауіп төндіріп келеді. Ал талдау нәтижелері көрсеткендей технологиялық инновация, оның ішінде генеративті жасанды интеллект (AI) саласы жыл сайын 2,6-4,4 триллион долларға баға­ланатын өнімділікті арттырудың үлкен әлеуетіне ие. Жаһандық қауіп­­сіздік бойынша Біріккен Ұлт­тар Ұйымының 2023 жылғы есебін­де көрсе­тілгендей қазіргі таңда әлем­де екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейінгі ең көп даулы қақты­ғыстардың орын алып отырға­ны көрсетілген. Кли­маттың өзгеруі, пандемия сияқты шұғыл дағдарыстарды ше­шу және денсаулық сақтау саласындағы ұзақмерзімді жетіс­тіктерді іл­гері­лету және ықтимал кемшіліктердің алдын алуға қатыс­ты мәселелер жа­һан­дық координацияны жаңа шарттар жағдайында жүйелеуді қажет етеді.

Ғылыми талдау нәтижелеріне сүйене отырып, аталған есепте мамандар мемлекеттік және жеке сектор басшыларына өз мүдделерін қорғау мен жаһандық ынтымақтастықты ілгерілету үшін келесі қадамдарды ұсынады.

Біріншіден, жаһандық коо­пе­тиция (бәсекелестік жағ­дайын­дағы ынтымақтастық) тәжі­ри­бесі. Геосаяси тартыс күшей­ген дәуірде тараптар өзара бәсеке­лес­тік ынтымақтастыққа жол бермей­ді немесе бір саладағы ынты­мақ­тастықтың төмендеуі басқа саладағы ынтымақтастыққа әсер етеді деп есептемеуі керек. Оның орнына, тараптар бәсекелестікпен қатар болжамды ортақ мүдделерді ілгерілету жолдарын іздеуге назар аударуы қажет.

Екіншіден, басқару дағдыларын арттыру. Әрбір компанияға, оның ішінде ірі трансұлттық корпо­ра­­цияларға белгілі дәрежеде жа­һан­­­да­нудағы өзгерістер әсер ете­­ді (мысалы, әлемдік сауда ағындары). Ынтымақтастықты кү­шей­туге болатын және геосаяси күйзелістерге жақсы төтеп беретін бағыт ретінде басқару дағдысын қалыптастырған жөн. Жаһандық байланыстарды және олардың бизнеске әсерін түсіну көпұлтты корпорацияның әрбір атқарушы басшысы үшін негізгі құзырет болуы керек.

Үшіншіден, динамикалы стра­тегиялық опцияларды құру. Жа­һанданудың ескі парадигмасы көбінесе бизнеске байланысты болды. Қазіргі таңда үкіметтер қайтадан көшбасшы рөліне ие. Үкімет әрбір компанияның кіммен, қайда, қандай қарым-қатынаста екеніне мұқият диагнос­тика жүргізуі қажет. Бұл әлеуетті әлсіз тұстардың тәуекелін терең бағалауға мүмкіндік береді. Тұрақ­ты баламаларды және жаһан­дық оқиғалардың динамика­сын ескере отырып, жаңа стратегиялық нұсқауларды әзірлеуді қоса алған­да, егжей-тегжей сценарийді жоспарлауға жағдай жасайды.

Төртіншіден, бөліну емес, әрта­раптандыру тәжірибесі. Зерт­теуде мамандар компаниялар мен мемлекеттерге нақты серіктестерден толық бөлінудің орнына, серіктес­тіктің өзге көздері мен байланыста­рын әртараптандыруға басымдық беруді ұсынады. Бұл тәсіл бір ғана көзге шамадан тыс тәуелділіктен аулақ болу арқылы тұрақтылықты күшейтеді. Әртараптандыру тұ­рақтылықты нығайтып қана қой­май, сонымен қатар инклюзивті және өзара байланысты сауда жүйесі мен экономикалық өсім­ге ықпал етеді. Аталған стратегия неғұрлым тұрақты және инклю­зивті экономикалық ландшафт жасауға жол ашады.

Зерттеу нәтижелері бүгінгі гео­саяси ахуалдың күрделілігіне қарамастан, жаһандық ықпалдас­тық жан-жақты дамып, ынтымақ­тастық элементтері бәсекелестік элемент­терімен қатар өмір сүре ала­ды деген баға береді. Маман­дар трансұлттық компаниялар мен мемлекеттер жаһандық ынтымақ­тастық күш пен тұрақтылық­ты тудыратынын есте ұстауы қа­жет екендігіне кеңес бере оты­рып, құнды талдамалық нұсқаулық­тарды ұсынады.

Бүкіләлемдік экономикалық форум мен «McKinsey & Compa­ny» халықаралық консалтинг фир­ма­сы ұсынған «Жаһандық ынты­мақ­тастық барометрі-2024» зерт­теуі ғалымдарға, сарапшылар, үкі­­мет­тер мен компания басшыларына, жал­пы қызығушы қауымға те­рең ғы­лыми талдамалық зерттеу нәти­желе­рімен көмекші құрал бола алады.

 

Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы