• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 14 Ақпан, 2024

Мемлекет қаражаты қатаң бақылансын

117 рет
көрсетілді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы өткен жұмысты қорытындылап, алдағы уақытта атқарылуға тиіс әлеуметтік-экономикалық міндеттерді айқындап берді. Ең бастысы, ел дамуындағы экономикалық өсім азаматтардың өмір сапасының жақсаруына және нақты табысының артуына тікелей әсер етуі қажет.

Бұл міндетті жүзеге асыруда мем­лекеттік аппарат батыл әрекет етуі керек. Осыған байланысты Үкіметтің жаңа құрамына бюджет және салық міндеттемелерінің тиімділігін арттыру жүктелді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін әзірлеуге мән беріп отыр. Одан басқа агроөнеркәсіпті дамыту және су ресурстарын үнемдеуге басымдық беру қажеттігін ерекше айтып өтті. Алдағы үш жыл ішін­де ауыл шаруа­шылығына көп қара­жат қарас­ты­рылады, сәйкесінше агро­өнер­кәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесі 70 пайызға артуы басты міндет. Ал аграрлық сала үшін су – ең басты ресурс. Сондықтан суды үнемдеу технологиясын енгізу және суды көп қажет ететін дақылдарды азайту бағытында жүйелі жұмысты жүзеге асыру керек.

Президентіміз инфрақұрылымды дамыту саласында шұғыл шара­лар қабыл­дау қажеттігін айтты. Бұл үшін Үкі­меттің алдында, жылу орта­лықтарын күрделі жөндеуден өткізу және қосымша қуат көзін табу, оны жүзеге асыру міндеті тұр. Сонымен бірге елімізде республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуді тезірек аяқ­тауды қолға алу және теміржол саласында қызмет сапасынан бастап қордаланған барлық мәселені шешу қажет. Бұл еліміздің Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналуы­на мүм­кіндік береді.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы одан әрі жетілдіруге, ре­фор­ма­лауға да ерекше тоқталды. Бү­гінде республи­ка­лық бюджеттің 50 пайы­зынан көбі әлеуметтік са­лаға қарас­тырылған. Сон­дық­тан мемлекет қаражатының тиім­ділігі әр­дайым ерекше бақылауда болуы қажет. МӘМС жүйесінің жұмысы, халыққа көрсетілетін медициналық қыз­меттердің қолжетімділігімен бірге сапасын арттыруға байланысты нақты міндеттер айтылды.

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серік­тестігі, құрылыс саласын рефор­ма­лауға байланысты заңдар қабылдау қа­жеттігін айтты. Мәжіліс депутат­тары ретінде бірнеше заң жобасына тиісті нормаларды эксперттік қоғамдастықпен талқылап, әзірлеуге кірісіп кеттік. Сонымен қатар Мә­жілістің пле­нар­лық отырысында Президент VIII шақырылымдағы депутат­тар кор­пусының жұмысына оң баға берді. Бұл – біз үшін үлкен жауап­кер­шілік. Алдағы уақытта да осы сенімді ақтауға, ел игілігі жо­лындағы қыз­метімізді сапалы әрі уақ­тылы атқаруға жұмыламыз.

 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Мәжіліс депутаты