• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Ақпан, 2024

Қорғаныс университетінің отаншыл қадамдары

127 рет
көрсетілді

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары еліміздің Ұлттық қорғаныс университетінде болып, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелерін талқылады.

Комитет төрағасы Андрей Лукин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери білім беруді жетіл­діру және әскери қызметшілердің қазақ­стандық патриотизмін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып  отыратынын атап өтті.

«Патриоттық тәрбие мәселесі барлық мемлекеттік органдарда осы сала бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруды көздейді. Алайда мекемеаралық өзара іс-қимыл мен жүйелі тәсілдің бол­мауы, білім беру үдерісінде тәрбие жұмысы маңызының төмендеуі және оң нәтижені көтермелеу мен есепке алу тетігінің болмауға тиісті нәтиже бермейді және әскери-патриоттық тәрбие жүйесін одан әрі жетілдіруді талап етеді», деді сенатор А.Лукин.

Университет басшысы, генерал-майор Асқар Мұстабеков өз кезегінде парламентшілерге жоғары оқу орнының жұмысы мен жастар­ға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі 2025 жылға дейін есептелген бағдарламаны іске асыру туралы айтып берді. Онда мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғамның жастардың әскери қызметке ынта-жігерін қалыптастыру мен әскерге шақырылғанға дейінгі дайындықтың ауқымды мәселелерін шешудегі өзара іс-қимылдың негізі қаланған.

Университет ұжымы кездесу барысында осы саладағы заңнаманы жетілдіруге қатысты мәселелерді көтер­ді. Сенаторлар өз кезегінде соңғы жылдары әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын жақсарту және жастар­дың әскери борышын өтеуге ынта-ықыласын арттыру жөнінде бірқатар заңнамалық акті қабылданғаны туралы айтып берді. Сондай-ақ бүгінгі таңда Парламентте әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.