• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 14 Ақпан, 2024

Ауған соғысы ардагерлерінің есімі ұмытылмайды

387 рет
көрсетілді

Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай бүгін 36803 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Семей қаласындағы интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Абай өңірлік әскери гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған Ауған соғысының ардагерлері – запастағы майор Айдар Манасов пен аға прапорщик Рахманқұл Абдыкаримов бастаған жауынгерлер қатысты.

«Бүгін Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлеріміз бен ардагерлеріміздің ерлігін еске алуға жиналып тұрмыз. Сол сұм соғыстың аяқталғанына биыл 35 жыл толып отыр. Олардың көбі бүгінде ортамызда жоқ, қаруластарымыздың кейбірі одан кейін де түрлі себептермен өмірден өтті. Ауғанстан жеріндегі майдан біз үшін де ел тарихында елеулі орын алатын оқиғалардың бірі. Оған қатысқан боздақтарымыздың жасаған ерлігі әрқашан жадымызда», деді 36803 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Бекболат Сұлтанбаев.

Жиналған әскери қызметшілер мен отбасы мүшелері ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Осы күнді және қарулас достарын еске алуға келген  Ауған соғысының ардагерлері өскелен ұрпаққа ерлікке тағзым жасағаны үшін алғыс білдірді.

Тарих парағына көз жүгіртер болсақ, 1979 жылы Кеңес әскерлерінің қатарындағы сарбаздар интернационалдық борышын өтеу үшін Ауған жеріне атанған еді. Он жылға созылған сол бір әділетсіз соғыста қазақ даласынан аттанған 22 мыңға жуық азамат Ауғанстанға барып, оның қатарында 900 сарбаз қаза тапса, 20-ы хабар-ошарсыз кеткен еді.

Ал қазіргі күндері Семей қаласында 400-ге жуық сол бір сұрапыл күндердің көзі тірі куәгерлері бар.