• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 14 Ақпан, 2024

Айнымаған Алдар

229 рет
көрсетілді

Асан қайғы, Қорқыт ата, Қожанасыр, Алдар көсе образы қазақ танымымен біте қайнасқан. Түгін тартса майы шыққан салқар дала топырағынан өн­ген­ қайбір аңыз да ұлттық кодымызды тірілтіп, рухымызды қоздатады. Ал қа­зақ­­тың Робин Гуды, Дон Кихоты секілді қара халықтың сойылын соғып, әді­­лет­сіздікке қарсы айла еткен Алдар көсе бейнесі жүрегімізге жақын, кө­ңі­­лі­мізге орныққан.

Қазақ киносы дегенде, дара саң­лақ, біртуар талант Шәкен Ай­ма­нов­ ойға оралады. Құдай тағала ерек тудырған шал­­қар шабыт иесінің әр қи­мы­лы, дегдар болмысы сахна үшін жарал­ғандай. Айманов тұрпа­ты­на қарай отырып айызың қана­ды, тынысың ашылады. Май­тал­ман адымының ең кең көрі­нер­ тұсы, дарынының сансыз қыры ашылар шағы – «Алдар көсе» фильмі.

Қайбір талант болса да өз дәуірінің жемісі. «Алдар көсе»­ фильмі арқылы жеке басы­ның қамын күйттеп, таптық бөліну­ші­лік пен дәстүрден жеруге ұры­на бастаған қазақ халқының кем­шін тұстары ашылады. Бауыр­­­малдық пен мейі­рімнен атта­ған жуан байлардың майлы желкесі күлкіге ұшырап, адам жүре­­гіндегі ізгілік, мейірім, жан­а­шыр­лық секілді қасиеттер дәріп­теледі. Фильм­­де Шәкен Айманов Алдардың рөлін сом­дап, қиын­нан қиысқан образды шебер сомдайды. Халықтың сүйікті пер­зенті әзіл-қалжыңмен жапсарласқан ақыл­ды шеші­­мі­мен, тапқырлығымен, кең пейіл­ділі­гімен, ұш­қыр ойымен, дана­­лығымен көрер­менді тәнті етеді. Халық ертегілерін жаңа кезеңмен бай­ланыстырып, Алдар­дың көз­қарасын, тәлім-тәрбиесін дара буынның түсі­нігіне шақ­тап беруі – жеке әңгімеге жүк. Ай­ма­нов­­тың шы­найы­­лығы сонша, экран­нан мейі­рім­­ді, ақжүрек Алдардың өзін көр­­ген­­дей бауыр басып, соңыра қи­май қош­та­са­сыз. Жүре­гі­ңіз­де­ ­­миф­тік қаһарманға ма­­хаб­бат оянып, елдік ру­хы­ңыз аспандай тү­седі.

Фильмдегі ең шебер рөл­дер­дің бірі – бақсы. Шағын ғана эпизод­тық бақсы рөлін ойнаған ұлы актер­ Елубай Өмір­зақов қара көңілді ағартып, кісіні қайран қалдырады. Шәкен Ай­ма­нов бақсы эпизодын арнайы Елу­бай Өмірзақов үшін енгізген деседі. Кедейді қанап, малын қалталаған сараң байдың ауы­лы­на тап болған Алдар, оны әжуаның астына алады. Жуан бай ән бастар тұста, Алдар халық­ты әзілімен күлдіріп, қайта-қайта әнін үзеді. Мұны қорлық көрген бай көсенің соңы­на адам салады. Солайша қапы­да ізгілік жақтаушысын қарақ­шы сойылға жығып, айдала­да қал­дырады. Міне, осы шақта ж­а­п­ан кезген жалғыз бақсы тап болып, Алдарды емдеп жазады. Елсізде жалаң аяқ жар кез­ген, таза жүрегінен, ақ тіле­гінен өзге ешнәрсесі жоқ бақсы кей­пі көшпенділердің аңсар-арма­нын еске салады. «Ешкімге соқ­тықпай жай жатқан» қазақ хал­қы­ның рухани әлеуеті, адам­шылық күйі Алдар мен бақ­сы­ның­ диалогінде кеңінен көрініс та­бады.

Көркем фильмнің кісіге ақыл­ қосып, жан иірімін қоз­ғар сәті мол. Фильмнің сцена­рийін Шәкен Айманов Лев Вар­шав­­­­­­­­с­киймен бірігіп жазған екен. Сүбе­лі туындыға сондай-ақ Қалы­бек Қуа­ныш­баев, Құр­манбек Жандар­беков, Атай­бек Жолымбетов, Серке Қожам­­құ­лов, Баян Әділова секілді қадау-қадау өнерпаздар түскен. Бір қызығы, фильмдегі Алдар көсенің бөркі бүгінге дейін сақ­талған. Майталман тұл­ғаның тері сің­ген құнды жәді­гердің тарихы қызық. 1969 жылы «Найзатас баурайында» филь­мінің негізгі сюжет­терін түсіріп, режис­сер өнер ордасына қайтады. Кейін Алматыда фильмнің түсірі­лімі бітіп, қосымша көрініс қажеттілігінен Баян­ауыл­ға қайта жолға шығады. Жолай Пав­лодар қаласына аялдап, немере ағасы Орал Мұзапаровтың үйіне түседі. Режис­сер үйден шығарда «бірнеше фильм­ге түскен әйгілі бөрігімді тастап кетейін, менен кәде болсын» деп бөркін үй иесіне табыстаған екен. Туыстары құнды жәдігерді көзінің қарашығындай сақтайды. Көрген жанның көзі тояр қазақы қалпақ ерте күндердің елесіндей, алпамса уақыт адымындай.

Аумалы-төкпелі кезеңде ұлт жаны үшін күрескен Шәкен Айманов болмысы жыл сайын биіктей бермек, ұлғая түспек. Жүрегіне байтақ даланы қондырған алып ердің қай еңбегі де көп жұлдыз ішіндегі шоқ жұлдыздай. Олар зәулім көктен бізге, туған халқына жарық төге берері ақиқат.