Бағалы металдар ішінде алтын мен күміс айрықша бағаланады. Сонау көне заманнан бері халық алтын мен күмісті байлықтың көзі ретінде қараған. Бұл екі металл да тек әшекей бұйым емес, өзінше бағалы болғандықтан, ұзақмерзімді инвестицияда олардың алатын орны ерекше.
Әдетте адамдар экономикалық дағдарыс, соғыс болмаса геосаяси шиеленіс кезде алтын мен күмісті сатып алып жанталасады. Сол секілді қымбатшылық жайлап, инфляция өскен уақытта да алтын мен күміс жинайды. Осы тұста инвестициялық перспективада немесе қорға сақтауға қай металл көбірек тиімді деген сауал туындайды. Оның сырын ашу үшін алдымен екі металдың экономикадағы салмағын, ақша-несие саясатындағы дәрежесін ажыратып алу керек. Сонда әр адам қазына жинағанда немесе болашақ инвестиция үшін қайсысын көбірек таңдау керектігін біліп жүреді.
Құны төмен болса да...
Рас, алтынға қарағанда күмістің құны төмендеу. Қарапайым халыққа да алтыннан асқан бағалы бұйым жоқ. Дегенмен күміс бүгінде қолайлы инвестиция көзіне айналып отыр. Бір жағынан төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде күмістің өндіріс саласындағы маңызы артты. Мәселен, электр, жылу өткізу технологиясында күміске тең келер металл жоқ. Осы күнде жер бетінде табылған күмістің 50 пайызы ауыр өнеркәсіп пен басқа да технологияларда қолданылып жатыр. Соның ішінде жартылай өткізгіштер, ұялы телефондар, панельдер, көліктің электр жүйелері, күн панельдерінің ұяшықтары, ядролық реакторлар мен батареялар, стоматологиялық жабдықтар, фотоаппарат, LED, RFID микросхемалары өндірісі мен технологияларында кеңінен пайдаланылады.
Вашингтон қаласында орналасқан Күміс институтының мәліметінше, бұл металды қажет етпейтін өнеркәсіп саласы өте аз. Сондықтан күмістің экономикадағы кез келген құбылысқа әсері күшті. Экономика өсіп, өндіріс жанданса күміске деген сұраныс та артып, нәтижесінде бағасы қымбаттайды. Өсім бәсеңдеп, өндіріс саябырситын болса, күмістің де бағасы түседі. Сондықтан экономикалық хал-ахуалмен тығыз байланысты болғандықтан, күмісті бағалы металл ретінде сақтау көбіне тиімсіз. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, дағдарыс кезінде өз құнын жоғалтып алуы мүмкін. Қалай болғанда да күміс өнеркәсіптің ажырамас бөлшегі болып қала береді.
Төртінші өнеркәсіптік революция енді басталып, соның аясында дамып жатқан технологиялар өндірісінде күміс аса қажет болғандықтан, бағасы жылдан-жылға өсіп келеді. Сол себепті мамандар экономикалық жақтан ұзақмерзімді инвестицияда нағыз табыс әкелетін құрал деген баға беріп отыр. Соған қарай адамдардың да күміс бұйымға қызығушылықтары күннен-күнге артып барады.
Инвесторлар алтынға құмар
Алтын жөнінде бұлай айта алмаймыз. Өйткені оның қолданыс аясы ауқымды емес. Көбінесе ол әшекей бұйымдар мен қорда сақталып тұратын бағалы металл ретінде ғана жүреді. Бұл металл көп жағдайда өзара сауда-саттықта ақша есебінде қолданыста жүр. Инвесторлардың көбі оны байлықтың қайнар көзі деп біледі. Өйткені қандай жағдай болса да, қанша уақыт өтсе де, алтын өзінің құнын жоғалтпайды. Көне заманнан бері алтын түрлі соғыс пен қақтығыстарда немесе экономикалық қиын жағдайларда байлықты сақтайтын ең сенімді қазына, бағалы қор деп есептелді. Сондықтан қалталы азаматтар алтынды өндіріс, қызмет нарығындағы толқыныстарға төтеп беретін, тұрақсыздықты сабасына келтіретін құрал деп түсінеді. Алтынның құны экономикалық дағдарыс кезінде өсіп отырады. Мәселен, әлемді дүр сілкіндірген пандемиядан кейін алтынның бағасы күрт өсті. Алтын құнының одан әрі шарықтауына кейінгі жылдары әлемнің әр түкпірінде болып жатқан геосаяси түйткілдер де себеп болып жатыр.
Инвесторлардың біразы қазынасын алтынмен толтырғанға құмар. Сөйтіп, алтынның көмегімен құны түсіп кеткен акцияларды арзан бағада сатып алуға асығады. Әрине, кейін экономика қалпына келгенде ол акциялардың бағасы көтеріледі. Тіпті жаңа акционерге қыруар табыс та әкелуі мүмкін. Мамандардың пікірінше, экономикалық дағдарыс тұсында акцияларды сатпай ұстай тұрған жөн екен, керісінше ондай кезде акцияларды сатып алу ұтымды бағыт саналады. Сол үшін дағдарыс қыспаққа алып тұрса да, алтын қоры бар азаматтың асығы алшысынан түседі.
Күмістің бәсі жоғары
Ендеше алтын мен күмістің қайсысын көбірек сақтаған дұрыс деген бастапқы сауалымызға жауап іздеп, салыстырмалы түрде өткен тарихқа шолу жасап көргіміз келеді. 1925 әлемдік нарықта алтынның 1 унциясы 20 доллар болған. 2020 жылы ол 1893 долларға көтерілді. 95 жылда бағалы металл жылдық 5 пайыз шамасындағы табыспен өсіп отырған. Ал 2023 жылы алтынның 1 унциясы 2100 долларға шыққан.
Күмісті алсақ, 1925 жылы оның 1 унциясы 0,68 доллар тұрған. 2020 жылы 17 долларға көтеріліп, 95 жылда жылдық 3 пайыздан аса табыспен өскен. Өткен жылдың соңында оның бағасы 24 долларға тұрақтады. Демек сарапшылардың есебінше ұзақмерзімді инвестиция, салым үшін күмістен гөрі алтын дұрыс.
Алтынның орнын ешқандай металл баса алмайды. Бірақ өнеркәсіпте күмістің бәсі дәйім жоғары тұратынын да қаперде ұстау керек. Себебі индустрияландыру дәуірінде бұл металсыз технологияларды дамыту мүмкін емес. Сондықтан экономикалық тұрғыдан күміс әрқашан өзінің бағасын жоғалтпайды. Ал алтын, керісінше, өнеркәсіп саласында керекті шикізат металы ретінде көп қолданылмаса да, бағалы қасиеті үшін мейлі қанша дәуір өтсе де, экономикалық небір шырғалаңдар болса да, құнын сол күйінде сақтай бермек.
ШЫМКЕНТ