Қаңтардың соңғы аптасында болған бес балдық жер сілкінісі алматылықтарды айтарлықтай алаңдатты. Содан бері қала мен қала аумағындағы жер үйлерге сұраныс артып, тұрғын үй кешендерінің жоғарғы қабатындағы тұрғындардан маза қашқан. Бұған бірден-бір себеп – желіде желдей ескен алып-қашпа ақпараттар. Азаматтарды үрейге бой алдырмауға шақырған мамандар Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы комиссиясының соңғы деректері бойынша Алматыда сейсмикалық жағдай тұрақты екенін хабарлады.
Өңірлік коммуникациялар алаңында журналистермен жүздескен ғылыми орталық директоры Дәулет Сәрсенбаев, «айғайға айтақ қосып», тұрғындардың тынышын қашырған желідегі сәуегейлердің сөзіне сенбеуге шақырды. Құрамына ғылыми орталықтың жетекші мамандары енген Сейсмикалық ахуалды бағалау жөніндегі комиссия, шаһардағы қауіпті аймақтар бойынша жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізіп, жағдайды барынша бақылауда ұстап отыр.
«Біздің мамандардың қорытындысын, бірнеше ғылыми бағыттың деректерін, жер қыртысындағы 200-ге жуық «жойқын» үдерістерді зерттей келе, Алматы сейсмикалық белсенді ауданының аумағында 5.5 және одан да көп магнитудасы бар жер сілкінісі болмайды деген болжамға келіп отырмыз. Әрине, таяуда Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған жер сілкінісінің сейсмикалық толқындары Қазақстан аумағында сезіліп, халық арасында дүрбелең туғызды, кейінгі жер сілкінісінен кейін оның қайталануы мүмкін бе деген мәселе жұртшылықты қатты алаңдатады. Егер Савельев мырза сияқты пайымдайтын болсақ, онда ай сайын жер сілкінісі болады деп «болжанады» және бұл сәйкес келуі де мүмкін. Айтпақшы, ол 15 қаңтарда Алматы қаласының аумағында сейсмикалық апатты 12 балл деп болжағанын еске салғым келеді. Шын мәнінде, 7 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда Қытайда Алматыдан 260 шақырым жерде болды. Ал алматылықтар сол күні 5 балдық жер сілкінісін сезді», дейді Д.Сәрсенбаев.
Сейсмикалық зерттеу қорытындылары гидродинамикалық, гидрохимиялық, геофизикалық, деформациялық үдерістерді және биологиялық бақылауларды талдай отырып жүзеге асады. Әрбір деректер кешені осы негізге сүйене отырып жасалады. Сарапшылар, оңтүстік пен оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағы да жер сілкінісі қаупі жоғары аймақта екенін еске салды. Алматы қаласы тау бөктерінде орналасқандықтан, сейсмикалық-шартты үдерістердің қосымша қауіптілік факторы басым.
«Азаматтар жер сілкінісі мен басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі ережелерді нақты білуі керек. Мәселен, Жапонияда жер сілкіну қалыпты құбылысқа айналған. Қанша дүмпу болса да, іс жүзінде зардап шеккендер тіркелмейді. Тағы да еске түсірейік – Алматыда жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер болды ма? Жоқ, адамдар дүрбелеңнен зардап шекті. Ал ол қайдан пайда болды? Жағдайды түсінбеу салдарынан, әртүрлі жалған хабарламалар мен мемлекеттік органдар тарапынан ақпараттың жеткіліксіздігі салдарынан. Бұл бағытта жұмыс істеу керек», дейді Д.Сәрсенбаев.
Сарапшылар Алматының 9-10 балдық сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын жоққа шығармайды. Төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етудің маңызы зор. Сол себепті әрбір азамат қауіпсіздік ережелеріне қатысты қарапайым қағидаларды қаперде ұстағаны абзал. Құтқару қызметінің өкілдері, жер сілкінісі кезінде отбасылық немесе ұжымдық қауіпсіздікке қатысты мынадай іс-қимылдарды ескеруге шақырды.
Жерасты дүмпулері кезінде әрекет ету үшін үйіңіздегі ең қауіпсіз жерлерді алдын ала анықтау қажет. Мұндай орындарға күрделі ішкі қабырғалардың саңылаулары, ішкі қабырғалардан пайда болған бұрыштар, жақтау арқалықтарының асты жатады. Ғимараттан шығудың ең қысқа жолын тауып, қауіпсіз орынды алдын ала белгілеңіз және жер сілкінісінен кейін отбасыңыздың жиналу орнын анықтаңыз. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев қабылдануы қажет шаралар туралы айта отырып, биік үйлерде тұратын алматылықтар білуге тиіс ережелерді атады.
«Дүрбелеңге түспеңіз, сабыр сақтаңыз, жерасты дүмпулері кезінде жеделсаты мен баспалдақты пайдаланбаңыз, жер сілкініп жатқан уақыт өткенше үйде күтіңіз, жиһаздан, терезелерден, жарықшамдардан алыстаңыз, жасырынатын орын табыңыз (жүк көтергіш, капитал, ішкі қабырғалардың бұрышы), ғимараттан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – жерасты дүмпулері тоқтағаннан кейін), суды, газды, электр қуатын өшіріңіз, алдын ала дайындалған «дабыл чемоданын» алыңыз, ғимараттан эвакуациялану кезінде электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз, жер сілкінісінің қайталануы мүмкін екенін ескеріңіз, балаларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіңіз», дейді маман.
Алматыда зардап шеккендерге қызмет көрсететін 384 қабылдау пункті жұмыс істейді. Олар негізінен мектеп, балабақша, колледж, жоғары оқу орындары сынды білім беру ұйымдарында орналасқан. Азаматтар «Баршаның назарына!» сигналын естігеннен кейін, қолжетімді хабарландыру құралдарын, «дабыл чемоданындағы» қабылдағышты қосып, алынған нұсқаулар бойынша әрекет етуге тиіс. Мамандар жер сілкінісінің қайталама факторларынан қорғану мақсатында үй-жайлардың (бөлмелердің) қабырғаларына ауқымды жиһаздарды бекіту жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
АЛМАТЫ