• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Ақпан, 2024

Бюджет және салық саясаты: тиімділікті арттыру тетіктері қандай?

111 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет және салық саясатының тиімділігін арттырудың маңызды, өзекті мәселесін көтерді. Ал бюджеттік және салықтық жүйелер – экономиканың дамуына негізделген мемлекеттің қаржылық негізі.

Ең алдымен, салықтардың рөлін атап өткен жөн. Өйткені салық мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің негізі ғана емес, жалпы алғанда салық жүйесі – экономика мен әлеуметтік саланы реттеудің негізгі құралдарының бірі. Сондықтан жаңа Салық кодексінде инвесторлар мен тұтастай алғанда бизнес үшін қолайлы жағдай туғызу және бюджетке түсетін түсімдердің қажетті деңгейін тұрақты ұстап тұру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін тәсілдер болуға тиіс.

Сенат заң шығару қызметі барысында, халықпен, оның ішінде кәсіп­кер­лермен кездесулерде қолданыс­тағы салық саясатының тиімділігі мәсе­ле­лерін тұрақты негізде талқылап отыра­тын­дығын атап өткім келеді. Осы орайда бірқатар іс-шара өткізіліп, солардың қорытындысы бойынша Үкіметке келелі ұсынымдар жіберілді.

Қазіргі уақытта салық жеңілдіктерін қолданудан бюджет шығынының сомасы 8 триллион теңгеден астам қаржыны құрады. Бұл – айта қаларлықтай қомақты қаржы. Демек, соған қарай салық жеңіл­дік­терінің тиімділігі, өнімділігі мен қа­жет­тілігін талдау таразысынан өткізе отырып, оңтайландырылуға тиіс. Осыған байланысты бірінші кезекте салықтық жеңілдіктер тұжырымдамасын әзірлеп, оларды жіктеу, мониторинг пен статис­тика жүргізілу қажет.

Салықтық жеңілдіктерді алып тас­тауға қатысты бизнестің жекелеген жо­ғары табысты түрлері үшін, сондай-ақ сала­лық мемлекеттік органдар салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне одан әрі талдау жүргізбеген немесе мұндай талдау кейінгі 5 жылда берілген жеңілдіктердің және басқа да тәсілдердің тиімсіздігін көрсеткен салықтық жеңілдіктерді алып тастау ұсынылды.

Жалдамалы қызметкерлері бар кәсіп­кер­лер үшін жұмыскерлерге еңбек­ақы төлеу қорынан салықтар мен басқа да төлемдерді есептеу және аудару өзекті мәселе­лердің біріне айналды. Бизнес-қауымдастығы жұмыс берушіге жоғары жүктемені (жиынтық жүктеме еңбекақы төлеу қорының 40 пайы­зына дейін жетеді), есептеудің күрделілігін (есептеу базалары мен формулаларындағы айырмашылықтар) және төлемдердің көп мөлшерін бірнеше рет атап көрсетіп келеді. Осыған байланысты заңнамалық негізде микро және шағын кәсіпкерлік үшін жиынтық жүктемені 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем көзделген.

Төленген әлеуметтік төлемдердің мөл­­­­шері жұмыскерлердің болашақ әлеу­­­меттік және зейнетақы төлемдеріне әсер ететінін ескере отырып, жеке табыс салығы есебінен жүктемені азайту қарас­тырылған. Яғни алғашқы қадамдар жасалды, енді құқық қолдануды ескере оты­рып, төлем тетіктерін жеңілдету, оны қолдану өлшемдерін қайта қарау және оны қолдану аясын кеңейту қажет.

Алдағы уақытта қарастырылатын өте маңызды мәселенің бірі – салықтық тұрақтылық. Инвестицияларды бағалау және тарту кезінде салық салудың бол­­жамды шарттары болуы үшін ортамер­зім­ді перспективада салық жүк­темесін түсіну бизнес үшін маңызды.

Кәсіпкерлер үшін тағы бір өткір мәселе – камералдық бақылау. Ол салық қателіктерін айқындап және оларды қаржылық немесе әкімшілік салдарсыз өз бетінше жоюға мүмкіндік беру мақ­сатында салық төлеушіге көмек құ­ралы ретінде енгізілген еді. Алайда шынтуайтқа келгенде, камералдық ба­қы­­лау қашықтан салықтық тексеру те­ті­гіне айналды. Осыған байланысты қосымша хабарлама алгоритмін енгізу және жетілдіру арқылы камералдық бақылау механизмін қайта қарау қажет. Осылайша, камералдық бақылау арқылы анықталған барлық заң бұзушылықты «болжамды» деп анықтау ұсынылады. Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан цифрлық шешімдер мен сервистік тәсілді қолдануды ескере отырып, салықтық әкімшілендіру жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет.

Шағын бизнес субъектілері үшін арнайы салық режімдерін реформалау бизнестің өсуі мен іріленуі үшін ынталандырушы фактор бола отырып, кәсіпкерлік қызметті «көлеңкеден» шығаруға бағытталуға тиіс. Бүгінде бұл мәселе ішінара бөлшек салықтың салық режімін қолдану арқылы шешілуде. Эко­номиканы тиімді басқару үшін бюджет қаражатын басқарудың нәти­же­лілігін арттыру үшін құралдар мен ынталандыру шараларын жасауға үлкен мән беріледі. Бұл үдерісте болжау мен жоспарлаудың тиімділігі маңызды рөл атқарады. Осы ретте оларды ұйымдастыру деңгейі, бюд­жеттің болжамды көрсеткіштерінің негіз­ділігі, олардың келісімділігі тұтас­тай алғанда мемлекеттің де, оның жекелеген өңірлерінің де әлеуметтік-эко­номикалық дамуын айқындайды.

Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда өмір сапасының бірыңғай стандартталған көрсеткіштерінің болмау проблемалары, бюджет қаражаты мен нәтижелер арасындағы әлсіз байланыс, сондай-ақ статистикалық жүйедегі кемшіліктер мемлекеттік басқарудың тиімділігін жақ­сарту және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін реформалар жүргізуде кешенді тәсілдерді қолдану талап етіледі.

Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру және «бюджеттік тәуел­ділікті» қысқарту мақсатында бюд­жет­тік шығындарды басқарудан нә­ти­же­лерді басқаруға сапалы көшу жө­нін­де шаралар қабылдау қажет. Ол үшін стра­тегиялық және бюджеттік жос­пар­лаудың өзара байланысын қам­тамасыз ету керек.

Жаңа Бюджет кодексі шеңберіндегі не­гізгі міндеттердің бірі – нәтижеге бағ­дар­ланған бюджеттеу қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құ­рал­дарын жетілдіру. Яғни бұл бюджеттің әрбір тең­ге­сі нақты нәтижеге қол жеткізуге ба­ғыт­­талуға тиіс дегенді білдіреді. Ол үшін не қажет?

Ең алдымен, дәл осы нәтижені бел­­гілейтін және оған бюджетті бай­ла­ныс­­тыратын құжаттарды айқындау, бюд­жеттік ақпараттың ашықтығын және бюджеттік құжаттаманы жария­лау ар­қы­лы іске асырылатын халық ал­­дындағы есептілікті қамтамасыз ету қа­жет.

Сондай-ақ өңірлердің қаржылық дер­бестігін қамтамасыз ету үшін жер­гі­лікті атқарушы органдардың өз кі­ріс­терінің өсуін ынталандыру мақса­тын­да салықтардың жекелеген түрлерін орта­­лықсыздандыруды жалғастыру, жер­­гілікті бюджеттік инвестициялық жо­­­баларды жоспарлауды өңірдегі ха­лық­тың сапалы тыныс-тіршілігін қам­тамасыз етудің өңірлік стандарттары жүйесінің негізінде нысаналы ин­ди­ка­тор­ларға байланыстыра отырып жүзеге асырылуға тиіс.

Бұл жобалық-сметалық құжатта­ма­ның болуына сүйене отырып, жобаларды жоспарлау тәжірибесінен бас тартуға және қаржы ресурстарын әділ бөлу үшін өңірлер арасындағы теңсіздіктерді азайтуға мүмкіндік береді. Жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізу үшін шығыс­тар­дың нақты басымдықтарын ескеріп және маңыздылығы мен сыни баға­лау­ды жүргізе отырып, бюджетті қалып­тас­ты­ру­ды жүзеге асыру қажет.

Уақтылы әрекет ету және шешуші басқару шешімдерін қабылдау мақ­са­тында, оның ішінде өңірлер бөліні­сін­де ресурстарды нәтижелі бөлуде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, оның барлық кезеңінде бюджеттік үдерісті қадағалау арқылы онлайн ре­жім­де бюджеттік мониторинг жүргізу қажет.

Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін орындау үшін Үкімет стра­те­гиялық мақсаттар мен бюджеттік шы­ғыстардың тиімділігіне қол жеткізуді баға­лауға арналған нақты өлшемдер мен көрсеткіштерді әзірлеуі қажет. Өйт­кені басқарудың барлық деңгейінде стратегиялық даму жоспарлары мен бюд­жеттік жоспарлауды үйлестіру ғана мем­лекеттік қаражатты пайдалану сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,

Сенат депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы