Жұмыс барысындағы жүйелі ұстаным, бюрократияны тоқтату, нақты нәтижелі іс, қажетсіз шығындарды қысқарту, бизнеске әкімшілік қысымды азайту, салық жүйесін толық цифрландыру – Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген нақты тапсырмалары.
Осы орайда жаңа Салық кодексін әзірлеу, Мәжілісте қаралып жатқан мемлекеттік сатып алу заңнамасы жобасын жетілдіру, әсіресе құрылыс компанияларына қатысты талапты күшейту ел экономикасының дамуына тың серпін беріп қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік қысымды азайтары сөзсіз.
Ақтөбе облысы Ардагерлер кеңесі мүшелері Мемлекет басшысының Үкіметке қойған тапсырмаларын аудандық және бастауыш салалық ардагерлер ұйымдарында өткен кездесулерде талқылап, ұсыныстарды назарға алып отырмыз. Үкіметке жүктеген міндеттер ел азаматтарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға әсерін тигізеді. Соның ішінде ауыл шаруашылығымен айналысатын шағын қожалықтардың мемлекеттік субисидиялауға қол жеткізе алуы, автокөлік жолдарының жақсаруы – Ақтөбе облысы тұрғындарының негізгі талап-тілегі.
Бұл жерде Президент атап көрсеткен әрбір маманның жұмысқа деген жоғары жауапкершілігі, бюрократияға жол бермеуі аса маңызды. Қолда бар ресурстарды тиімді де, мақсатты түрде жұмсай алсақ, экономикадағы жақсы өзгерістерді әрбір ел азаматы тез арада сезінері сөзсіз.
Серік ШАҢҒҰТОВ,
Ақтөбе облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы
АҚТӨБЕ