• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Сатира 15 Ақпан, 2024

Бүк-шік монша

74 рет
көрсетілді

Анда-санда жолай үлкен үйге тұмсық сұ­ғатын әдетіммен сонда табан тіреп, жең­геме:

– Ағам бір жаққа кетіп пе еді? – деп едім:

– Қайда болушы еді, демалыс болса бітті – моншасына түсіп «терлеп-тепшиді» емес пе! Арғы беттегі көршінің мүк басқан мәжентопай моншасында. Тілі күрмеліп, көзі қылиланбай тұрғанында барып алып кел! Көрші де көкезу біреу. Сирағы шыққан сидиған неме, – деді тыжырынып.

Келесі келгенімде жеңгем «Ағам қайда?» дегізбеді.

– Түскен соң моншаның да тәуірлеуіне барған жөн бе деп қалдым. Ағаң өткенде бажасымен басқа бір тәуірлеу моншаға барып келіп еді, өзі де, сөзі де түзу. Бажасы екеуінің тірлікті қозғаған әңгімелерінің шетін естіп «Әп, бәрекелді!» деп ши сындырдым. Барған моншалары да тәуірлеу, онда басталып, үйде жалғасын тауып жатқан әңгімелері де көңілге қонады, – деді жылы жүзбен.

Тағы бір жексенбіде қарашаңыраққа бара қалып едім, жеңгем:

– Ағаң моншада емес, орталықтағы оңаша саунада. Өткенде соған жетеғабыл біреуіне барып бағы жанды... Ондағылар осалдар емес, таныса келе, білісе келе көп нәрседен көзі ашы­лып көсемсіп келді. Бағы жанды дейтінім, сұраса келе, білісе келе біреуі ағаңды ақшасы тәп-тәуір қызметке де кіргізіп жіберді, – деп желпінгені бар.

Келесіде ағама есік алдында амандасып қалдым. Асығыс, қолдорбасынан «терлеп-тепшуге» кетіп бара жатқанын түсіндім.

Үйге кіріп үндемесем де жеңгем:

– Кім білген, білсек те монша жарық­тықтың неше түрі болатынынан мақұрым екенбіз. Бүгін оның ең мықтысына бір-ақ тартты. Өткендегі оңаша саунаға барған сайын бағы жанып... Негізі, тәп-тәуірлермен таныс-біліс болып, өресі өрге озып, өрісі кеңіді десем болады. Әріден айтқан әң­гі­месіне, сондағылардың демеуімен бел буып кіріскен көрім ісіне ризамын. Саулығын тілеп, бұрындары айына бір баратын «базарына» жеті сайын желпіндіріп отыратын болдым, – деді көз жанары жайнап.

Бірде жеңгеме дүкен маңында жолыға қалып едім:

– Ертең жексенбі емес пе, ағаңның анда апаратындарын алып жүрмін. Ағаң ерледі, Алла жазса қалауы болып, дегенімізге же­терміз! – деп жөнеле берді.

Бармағалы біраз болған, үлкен үйге тұм­сық сұғып едім, жеңгемнің қабағы қату, өңі өрт сөндіргендей:

– Келдің бе! – деп кіржиді. – Бүк-шік монша түбіне жетті! Бір крутойдың кругінде болатын. Солармен шомылып жатып, олардың бір керіс-ұрысына тап келіп, қарсыласы ұрда-жық ит екен, бұларды бу бөлмесінде бас көз демей сабап өлімші етіп... Қан-жоса қалпы ауруханаға түсіп, әрең-пәрең айыққан болып, қолтықтап көтеріп кеше үйге әкелгенбіз. Қайтейік, омыртқадан опырылып жүріп-тұрудан қалыпты... Жуынып-шайынсын деп қоларбамен арғы беттегі көршінің мүк басқан мәжентопай моншасына апарғанмын... Сирағы шыққан көкезу көршімен ішіп тілі күрмеліп, көзі қылиланбай тұрғанында барып алып кел! – деді тыжырынып.

 

Берік САДЫР