• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 16 Ақпан, 2024

Мәдениет пен ақпараттың елдік міндеті

125 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқасы өтіп, жиында министр Аида Балаева саланың 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын жариялады. Іс-шара министрліктің қайта құрылғаннан кейінгі алғашқы үлкен жиыны екенін еске салған ол екі үлкен идеологиялық саланың басын біріктірген ведомство үшін отырысының маңызы бөлек, тарихи рөлі жоғары екенін атап өтті.

«Министрлікті құру барысында Мемлекет басшысы Үкімет алдына ауқымды мін­деттер қойды. Атап айтқанда, бәсе­кеге қабілетті, жаһандық контексте бірегей мәдениетін сақтаған ұлттық болмысымызды қалыптастыру арқылы мемлекет пен қоғамның үйлесімді дамуын, ішкі идеологиялық және сыртқы имидждік әлеуетін, азамат­тарымыздың ел ертеңіне сенім­ділігін қамтамасыз ету. Әрине, осындай стратегиялық ірі міндеттің үдесінен шығу үшін біз министрлік құзыретіндегі барлық сала мен бағыттағы жоспарларымызды сараптап, жаңа деңгейге көтердік», деді Аида Балаева. Соны­мен қатар министр биыл көп­те­ген жаңа жоба мен бастама жос­пар­ланып отырғанын да айтты.

Министр, ең алдымен, мәдениет бағытындағы атқарылған жұмыс­тар­ға тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі» деген сөзін мысалға келтірген сала басшысы мәдениетіміздің өткені мен бүгінін ұтымды ұштастыру, сол арқылы оның ертеңгі келбет-болмысын жасау, оны әлемнің төріне оздыру баршамызға ортақ міндет екенін жеткізді.

«Біз бұл бағыттағы жұмыстар­ды 2029 жылға дейінгі Мәдени саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру­дан бастадық. Оның аясын­да 44 мәдени нысанның құры­лысы аяқталса, тағы 260-ы жөн­деуден өтті. 64 мыңға жуық мәдениет қызметкерінің жала­қысы 55 пайызға өсті. Былтыр респуб­ликалық концерттік ұйымдар 500-ден аса концерт ұйымдастырып, екі мыңнан аса спектакль, 65 жаңа қойылым сахналанды.

Сондай-ақ еліміздегі татулық пен ынтымақты ту еткен «Бірлік» ансамблі құрылды. Тағы бір жақсы жаңалық, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Ақжауын» ансамблі де жыл соңына дейін қайта жанданады. Ұлттық құнды­лық­тарымыз бен мәдениетімізді жаһанға таныту үшін Италия, Франция, Қытай, Әзербайжан, Мысыр, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ сияқты елдерде шығармашылық топтардың гастрольдері сәтті өтті. Былтыр еліміздің театрлары 122 халықаралық және республикалық фестиваль мен конкурсқа қатысып, ел намысын қорғады. Оның ішінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 7 халықаралық фестивальде жүлделі орындарға ие болды», деді Аида Балаева.

«Қандай өнердің болсын түп негізі – әдебиет» екенін еске сал­ған министр кітап ісінде жүргі­з­ілген жұмыс нәтижесінде енді кі­таптарды басып шығару, әде­биетті қолдау қалың көпшілік­пен талқыланып, жаңа ережеге сәйкес жүзеге асатынын жеткізді. «2023 жылы жалпы таралымы 346 мың дана болатын 134 кітап жарық көрді. Соның ішінде «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен бұрын жарияланбаған 14 туынды 42 мың данамен оқырманға жол тартты. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арналған 16 әдебиет 48 мың данамен басылып шығып, таратылды. Әдебиет дамымай өнердің басқа саласының толыққанды дамуы мүмкін емес. Әрине, мемлекет отандық ақын-жазушыларымызды қолдау мәселесін бір сәтке де ұмытқан емес. Өткен жылдары бұл бағытта жасалған жұмыс аз емес. Соңғы үш жылда мемлекеттің тікелей қолдауымен жаңа туындыларды, әсіресе жас таланттарды қолдау, осы уақытқа дейін ұлттық әдебиетіміздің жау­һар­ларына айналған шығармаларды қайта басып шығару, оларды әлем тілдеріне аудару ісі, қаламгерлеріміздің шығармашылық кештерін өткізу, мерейтойларын ұлықтау, тағы басқа жүздеген игі шаралар атқа­рылды», деді ведомство басшысы.

Осы жылдан бастап мемлекет­тік қолдауға үміткер киножобаларды кон­курс­тық іріктеу ережелері де өзгермек. Ұлттық киноны қол­дау орталығы сценарийлерді қа­былдап, олардың ең жақсысын сарап­шылар кеңесі таңдайтын болады. «Біз алғаш рет жеті тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталын іс­ке қосамыз. Жаңа портал арқылы мә­дени құндылықтарымызды тек отан­дық емес, шетел аудитория­сы­на насихат етуді мақ­сат етіп отыр­мыз. Мұндай жобалар әлем­­дік тәжірибеде өз тиімділігін бая­ғы­да-ақ көрсеткен. Ұлттық му­зей жанынан ұл­ты­мыздың сан ға­сырлық тарихынан сыр шер­­тетін құндылықтарымыздың өмір­­­шең­­ді­гін сақтап қалуға жағдай жасай­­­­­тын ауқымды реставрация орта­лы­ғы құ­­рылады. Сонымен қатар алыс-жа­қын шет­елдердегі та­ри­хи құнды мұра­­ларымызды қай­тару халықаралық заңнамаға сәй­кес жүргізіледі», дейді министр.

Оның айтуынша, барлық ведомство мен жүйенің кітап­ханаларына Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы кезең-кезеңімен енгізілмек. Биыл бірінші тоқсанда қанатқақты жобаға қосылатын екі облыстық кітапхана анықталған. «Ел идеологиясының басты тұтқаларының бірі, әрине, ақпараттық саясат. Отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру, оның құндылығын толықтыру, ақ­параттық қауіпсіздікті қамта­масыз етуге бағытталған кешенді шаралар қолданылып келеді. Президент мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасфераның даму үрдісін ескере отырып, медиа заңнамасын қайта қарау туралы тапсырма берді. Соған бай­ланысты «Масс-медиа туралы» заң жоба­сы әзірленіп, Мәжілістің бірін­ші оқы­лымында мақұлданды. Ақпа­рат­­тық шабуылдарға және деструк­тивті идео­логияның таралуына қарсы кешен­ді шаралар қабылданады. Мәселен, «сұр та­рел­каларды» таратқаны үшін әкімшілік жа­уап­кершілік енгізу, медиа саладағы биз­нес үдерістерді цифрландыру шеңбе­рінде бірың­ғай медиа платформа құру жоспарланып жатыр», деді Аида Балаева.

Министрдің сөзінше, заң қа­был­данғаннан кейін мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды бөлу тетігінен грант­тық қаржыландыруға көшеді, шекара маңындағы өңірлерді ратификациялау жұмысы жүргізіледі, салалық журналистика дамиды, сондай-ақ журналистердің біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Балалар контентін дамытуға, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Халық арасында ең көп сұранысқа ие әрі қарқынды дамып келе жатқан алаңдардың бірі – қоғамдық кеңестер. Осыған байланысты министрлік жанынан Қоғамдық кеңестердің үйлестіру орталығы құрылмақ. Азаматтық қоғам саласында азаматтық қоғамды дамыту тұ­жы­рымдамасы әзірленеді, ал 2024 жылғы сәуірден бастап қоғамдық бақылау және онлайн-петициялар тетігі енгізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен креативті индустрияны дамытуда жүйелі шаралар қабылданып жатыр, «Креативті индустрияларды қолдау орталығы» корпоративтік қорын құру пысықталып, өңірлерде креативті хабтар ашу жоспарда бар.

Министр Аида Балаева Дін саласын­дағы мемлекеттік саясатты дамыту­дың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырым­дамасының жобасы дайындалғанын атап өтті. «Өздеріңізге мәлім, ізгілік пен рухани құндылықтарды насихаттауда дін саласының орны ерекше. Дін – өте нәзік әрі маңызды сала. Ал зайырлылық – көпконфессиялы және полиэтносты қоғамда бейбітшілікті сақтаудың жолы. Бұл тек мемлекетке емес, әрбір азаматқа да қажет. Сондықтан қоғамның рухани мәселелерін шешуде бұл салада да бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз», деді ол.

Этносаралық келісім саласында Мемлекет басшысының тапсыр­масымен алғаш рет 2023 жылы «Ел бірлігі» ордені, мәдениетаралық және этнос­ара­лық бірлікті нығайтуға қос­қан үлесіне «Мәдениет пен өнер салаларындағы үздік жұ­мыс­тары мен туындылары үшін» және «Әдебиет пен журналис­тика сала­ларындағы үздік жұ­мыс­тары үшін» сый­лықтары тағайындалғанын айтты.

«Министрлік әділетті Қазақ­стан­ның құ­ры­луына елеулі үлес қосып, Прези­дент­тің ауқымды бағдарламалары мен бас­та­маларын іске асыруда жұмысын жалғас­тыра береді», деп түйіндеді сөзін министр.

Алқа отырысына қатысқан Жазушы­лар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ төрағасы Бану Нұрғазиева, «Атамекен» биз­нес телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов, «Ұлттық волонтер­лер желісі» ЗТБ төрағасы Татьяна Веронюк, «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми орталы­ғы­ның бас директоры Мақпал Жұмабай сөз алып, өзекті ұсыныстарын жеткізді.