Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесті.
Тараптар жаңа өндіріс нысандарын іске қосуды, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуды, мұнай-газ саласы мен мұнай химиясын дамытудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанда әлеуметтік жобаларды іске асыру барысын талқылады.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республикада ауқымды экономикалық реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Олар ішкі жалпы өнімнің жыл сайын 6%-ға және одан да жоғары өсімін қамтамасыз етуге тиіс.
«Үкімет инвесторларға инвестициялық жобаларды дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайды және қажетті қолдау көрсетеді. Өз кезегінде біз серіктестерімізден жергілікті әлеуетті барынша пайдалануды, технологиялар трансфертін, шикізатты терең өңдеуді көздейтін бірлескен жоспарларды уақтылы іске асыру бойынша белсенді іс-қимылдарды күтеміз», деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Теңіз кен орнында сағалық қысымды басқару және болашақ кеңейту жобаларының сәйкесінше 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуын қамтамасыз ету керектігін айтты.
Сонымен қатар Премьер-министр Үкімет Қарашығанақ кен орнын игеруге үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Бұл ретте мұнай мен конденсат өндіруді жылына ең кемі 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру – негізгі басымдық.
«Қарашығанақта қуаты жылына 4 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру туралы тұжырымдамалық шешім кен орнының болашақ дамуы үшін маңызды екенін атап өткім келеді», деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр экономикалық саясаттың басымдықтарының бірі жергілікті қамтуды дамыту екеніне назар аударды.
«Операторлардың қажеттіліктері үшін өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен тығыз қарым-қатынас қажет. Бұл ретте егер елде қажетті тауарлар немесе жабдықтар өндірілмесе, онда біз осы өндірістерді алдағы 2-3 жылда Қазақстан аумағында локализациялау жөніндегі нақты жоспарларды көргіміз келеді. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты қайта қарауды өтінемін», деді Үкімет басшысы.
Өз кезегінде Дерек Магнесс «Шеврон» компаниясының Қазақстанмен барлық мүдделі бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін растады.
«Біз бірге жұмыс істеп, арадағы серіктестікті дамытуға мүдделіміз. «Шеврон» Қазақстанның экономикасын дамыту үшін жұмсалып жатқан күш-жігерді қолдайды. Бүгінде инвестициялар мен жаңа жобалар үшін жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Өзара серіктестікке негізделген болашақтағы даму мүмкіндіктерін көріп отырмыз», деді ол.