Ұлттық қауіпсіздік комитеті тестілеу орталығының заңмен қорғалатын ақпаратына қол сұққан Қарағанды, Өскемен қаласының тұрғындарын ұстады, деп жазады Egemen.kz.
Тергеу барысында «С», «Ж» және «Н» есімді азаматтар 2023 жылы Ұлттық тестілеу орталығының ақпаратын көшіргені анықталды. Олар ҰБТ сұрақтарынан бөлек магистратура, педагогтардың білім көрсеткішін бағалайтын тестті де қолды еткен.
ҰҚК баспасөз қызметі күдікті азаматтардың қылмысы толық дәлелденгенін мәлімдеді.
«Қылмыстық кодекстің 205-бабы 2-бөлімімен және 208-бабы 2-бөлігімен қарастырылған қылмыстарды жасағандары үшін кінәлі деп танылған «С», «Ж» және «Н» есімді Қазақстан азаматтарына қатысты Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты мен Өскемен қаласы № 2 сотының үкімдері заңды күшіне енді.
Олардың әрбіріне 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы белгіленді, сондай-ақ ақпараттық технология және телекоммуникация желілері саласында лауазымды қызметке тұру құқықтарынан 3 жыл мерзімге айырылды», делінген хабарламада.