Үкімет басшысы Олжас Бектенов 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Кореяның Канвон қаласында өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Мемлекет басшысының атынан алғыс хат табыс етті, деп жазады Egemen.kz.
Олжас Бектенов жеңімпаздарды арнайы қабылдап, Президенттің алғысын жеткізді. Премьер-министр жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада ел тарихында тұңғыш алтын медаль иеленген Илья Мизерныхтың жеңісін ерекше атап өтті.
«Спорт – елдің мәртебесін биіктетіп, мемлекеттің қуаты мен өсіп келе жатқан әлеуетіне деген адамдардың сенімін нығайта түсетін маңызды фактор. Ел сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады. Өздеріңіз сияқты ерік-жігері мықты жас спортшылардың еліміздің болашағы екеніне кәміл сенемін. Жеңіс жолында қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар ерекше алғысқа лайық. Бүгінгі бағындырған биік белестер алдағы олимпиадалардағы жетістіктердің бастауы деуге болады», деді Олжас Бектенов.
Илья Мизерныхтың жаттықтырушысы Қайрат Биекеновке де алғыс хат табысталды. Өз кезегінде спортшы қолдау білдірген барша қазақ жұртына алғыс білдірді.
«Алтын медаль – менің ғана жеңісім емес, бұл бүкіл команда мен жаттықтырушылар құрамының жұмысының нәтижесі. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын естіп, төбем көкке жеткендей болды. Ол маған және басқа Қазақстан спортшыларына да жаңа жеңістер тіледі. Бұл бізді одан әрі шабыттандыра түседі. Шалғайда жүрсек те, біз үлкен қолдауды сезіндік, бұл – біздің ортақ жеңісіміз! Алға, Қазақстан!», деді ол.
Сонымен қатар шайбалы хоккей бойынша қола жүлде олжалаған Арсений Кучковский, Никита Кулаков, Темірлан Айболұлы, Матвей Решетько, Расул Тұрсынов, Жаһангер Тілеухан, Таир Бигаринов, Егор Кравченко, Роман Мичуров, Әділхан Саттар, Әнуар Ахметжанов және команданы жаттықтырушы Рамазан Қайдаровтың да еңбектері бағаланды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Канвон олимпиадасында әлемнің 78 елі арасында 20-шы орынды иеленді.