Теннистен Қатардың астанасы Дохада өткен жүлде қоры 3 211 715 долларды құраған WTA 1 000 турнирі аяқталды. Кіл мықтылардың басын қосқан бәсекеде Елена Рыбакина ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, финалда әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Инга Швентекпен шеберлік байқасты.
Бастапқы бәсекелерде қытайлық Чжу Линь (№57) мен америкалық Эмма Наварродан (№23) айласын асырған Қазақстанның теннисшісі ширек финалда Лейла Фернандеспен (№38) кездесті. Канаданың өкілі осыдан үш жыл бұрын небәрі 18 жасында US Open турнирінің финалында ойнап, жер жаһан жанкүйерлерінің назарын өзіне аударған еді. Бірінші сетте 1:4 есебімен ұтылып жатқан Елена камбэк жасап, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті – 6:4, 6:2. Жартылай финалда жерлесіміздің жолы ресейлік Анастасия Павлюченковамен (№32) қиысты. 32 жастағы Самараның тумасы – Токио Олимпиадасы мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы, 2021 жылы Ролан Гарростың финалисі. Париждегі «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстың ширек финалында олар өзара кездесіп, бұл бәсекеде Павлюченкова басым түскен еді. Бұл жолы Рыбакина кеткен есені қайтарды. Есеп – 6:2, 6:4.
Финалда отандасымыз Инга Швентекпен шеберлік байқасты. Польшаның мақтанышы «Ролан Гарроста» үш рет топ жарып, АҚШ-тың ашық біріншілігінде бір мәрте дара шықты. WTA тунирлерінде 17 рет бас жүлдені олжалады. Бұл бәсекені өте жақсы бастаған Елена әу баста 4:1 есебімен алда келе жатты. Сол кезде допты ойынға қосу барысында ол ракеткамен абайсызда өз аяғын қатты соғып алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Сол әсер етсе керек, одан кейін Рыбакинаның ойыны мүлде жүрмеді. Нәтижесінде, отандасымыз 6:7, 2:6 есебімен жеңіліс тапты.
Жалпы, биылғы маусым Елена Рыбакина үшін сәтті басталды деп айтуға барлық негіз бар. Аустралияның ашық біріншілігінде сәтсіз өнер көрсеткені болмаса, Брисбен мен Әбу-Дабидегі дүбірлі додаларда дара шықты. Дохадағы турнирдің ақтық сынында ғана ұтылды. Қатардағы жарыстың финалына шыққаны үшін Рыбакина 308 320 долларды қалтасына басып, 650 рейтингтік ұпайды еншіледі.
Ал әйелдер арасындағы Қазақстанның екінші ракетасы Юлия Путинцева кейінгі кездері жиі сүрініп жүр. Жерлесіміз Дубайдағы WTA турнирінің іріктеу сайысының екінші кезеңінде польшалық Магдалена Френгке жол берді – 3:6, 6:3, 4:6.
Александр Шевченко (№57) Роттердамдағы турнирдің тұсаукесер кездесуінде Қытайдың өкілі Чжан Чжичжэньге (№50) шаң қаптырса, келесі кезеңде АТР тізімінде жетінші орында тұрған даниялық Руне Хольгерді 6:4, 1:6, 6:3 есебімен ұтып, сенсациялық нәтиже тіркеді. Жартылай финалда Александр үздіктер рейтингінде 13-сатыға жайғасқан Григор Димитровпен күш сынасты. Осыдан біраз жыл бұрын Болгарияның беткеұстары Уимблдон, АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктерінде үздік төрт теннисшінің қатарынан көрінген. Қос саңлақтың сайысында Димитровтың мысы басым болды – 7:6, 3:6, 6:4.
АҚШ-тың Флорида штатында өтіп жатқан халықаралық турнирде Дмитрий Попко бас жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды. Ширек финалда америкалық Аксель Нефені ұтқан ол жартылай финалда румыниялық Габи Адриан Боитадан басым түсті. Шешуші ойында отандасымыз Андреас Андраде (Эквадор) пен Алекс Рыбаков (АҚШ) арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сынасады. Бұл – бір апта ғана уақыт аралығында Попконың ITF турнирлерінде екінші рет финалға шығуы. Жуырда ғана ол Санрайздегі жарыстың жеңімпазы атанды.
Бахрейнің астанасы Манамада Михаил Кукушкин жақсы ойын өрнегін көрсетті. Жартылай финалда ол чехиялық Якуб Меншиковты 6:3, 6:2 есебімен жолынан ығыстырды. Бас жүлде үшін бәсекеде жерлесіміз франциялық Ришар Гаскені ұтты – 7:6, 6:4. 2018 жылға дейін «Челленджер» санатындағы сайыстарда 14 рет топ жарған Кукушкиннің содан бері ұзақ уақыт бойы бағы жанбай жүрген еді. Міне, енді араға алты жыл салып, ол өзінің 15 титулына қол жеткізді.