• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2010

ТОҒЗИ – ДАМУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫНДА дейді еліміздің бас травмотолог-ортопеді Нұрлан ЖҰМАҒҰЛҰЛЫ

560 рет
көрсетілді

“Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылаймыз

Елімізде бір ғана травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты бар. Ол ел орталығы – Астанада орналасқан. Бұл ғылым ордасында бүгінгі күні ең соңғы, ең озық технологияларды қолдану арқылы жүздеген операциялар жасалып, үзілген үміттерді жалғауда. Институт ұжымының ғылыми және кәсіби мүмкіндіктері өте зор, сондықтан ол күннен күнге дамып келеді. Біз оған институт жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, 38 жыл өмірін осы салаға арнаған еліміздің бас травмотолог-ортопеді Нұрлан Жұмағұлұлы Батпеновпен әңгімелескенімізде көз жеткіздік. – Нұрлан Жұмағұлұлы, инс­титут қашан құрылды? – ТОҒЗИ-дың статусы ресми түрде 2001 жылдың 9 ақпанында, Үкіметтің №215 қаулысына сәйкес бекітілген болатын. Алайда бұған дейін де аталған емдеу мекемесі қатардағы емдеу мекемесінен, тіпті аймақтық травмотология және ортопедия орталығы деңгейіне жо­ғарылаған болатын. Маман­дардың біліктілігі, ғылыми жетістіктердің деңгейі, жаңа жетістіктерге, емнің озық тәсілдерін игеруге деген талпыныс – ТОҒЗИ-ды ұйым­дас­тырудың негізі болды. Ал статустың аты статус, бұл жаңа мүмкіндіктер мен биік белестер. Осының бар­лығы елімізде травмотология және ортопедияның дамуына бірден бір сеп­тігін тигізді. Науқастар үшін жо­ғары деңгейде көмек алудың бірден бір кепілі еді. “Астана мек­тебінің” даңқы жоғары болғаны сон­ша­лықты, барлығы осында келіп емделуге ынталы, ал біз қолы­мыз­дан келгенше опера­цияларды тез­детуге тырысамыз. Бұл институт бұрын-соңды елі­мізде болмаған институт. Көп жылдар бойғы еңбектену нәти­жесінде ашы­луына қол жеткіздік. Өйткені елор­даның көшіп келуі, оған қоса ал­ғаш­қыда жаңа ғи­мараттардың көптеп салынуына байланысты жарақат алу­шылар көбейді. Міне, осы факторлар институттың тезірек ашылуына түрткі болды. Оған дейін бізде болған аз орынды емдеу мекемесі көп нәрсені шешпейтін. Иә, науқастар санының өсуі ғылыми-зерттеу институтының ашылуын жеделдетті. – Институт ашылғалы бері қандай жұмыстар атқарылды? – Институт ретінде жұмыс ат­қара бастаған кезеңге көз салып, жү­ріп өткен жолымыздың нәти­же­леріне сараптама жасасақ, жетіс­тіктеріміз бен табыстарымыз да баршылық. ТОҒЗИ жақын шет ел, мысалы Ресейдегі орталықтардан еш кем емес. Тіпті, Санкт-Пе­тербургтегі кейбір ауруханалар біздің әдіс­те­рімізді қолдана­тындығын ай­тып өткім келеді. Польша, Швейцария, Германия секілді елдердің трав­мо­то­логия-ортопедия сала­ла­рын­дағы әріптес­терімізбен қарым-қаты­на­сы­мыз жақсы жолға қойылған. Инс­титут ашылған кезде мен талай елге барып, достар тауып, қаржылық қолдау көрсететін азаматтар іздедім. Түрлі халық­аралық конферен­ция­лардан қалмай, оларды өзімізге шақырып, конс­трук­цияларымыз бен жүргізген зерттеулерімізді назарла­рына ұсындық. Міне, осын­дай табан­ды ізденістер мен үздіксіз жүр­гізіл­ген жұмыстардың арқа­сында ТОҒЗИ бірқатар табыс­тарға қол жеткізді. – Бүгінгі таңдағы институт құрылымы қандай? – Институтта жоғары дәрежелі білікті ғылыми және медициналық ұжым қалыптасқан. Мұнда 11 меди­цина ғылымдарының доктор­лары және 31 кандидат, 144 дәрігер қызмет атқарады, олардың 40 пайызы жоғары санаттағы дәрі­гер­лер болып табылады. Кеңес беруші сала болып табылатын ғылыми ұйым ғылыми жұмыстың бағытын анықтайды, ғылыми-техникалық бағдарламаларды құрастырады және бекітеді. Нәти­желі емдеу және диагностика әдістерін табуға ұмтылыс институт қызметкерл­ері­нің принциптері мен стилін анықтайды. – ТОҒЗИ-да қолданылатын соңғы технологиялық аппараттар қайдан сатып алынады? – Шынын айту керек, елімізде мұндай технология жасайтын за­уыт­тар жоқ. Сондықтан біз шетелге арнайы тапсырыс беріп, алдыр­тамыз. Голландия, Польша, Гер­мания, АҚШ – уақыт сынынан өткен, жоғары сапалы техно­ло­гиялар. Бұл бір. Екіншіден, мен бұл мәселені көтергеніме біраз уақыт болды. Өйткені, Қазақстанда осы аппа­ратты жасауға мүмкіндіктердің барлығы бар. Тіпті титан, болат секілді технологияны жасайтын құ­ралы да бар. Ал біздің елімізде осы мәселенің ұйымдастыру сұрағы ше­шілмегендіктен, операцияға қажетті құрал-саймандар мен сүйекті бекітетін құрылғылар, протездер және т.б. шет мемлекеттерден алуға мәжбүр болып отырмыз. Егер осы мәселе қолға алынса, көптеген мәселе шешілетін еді. Алдымызға қойылып отырған мақсаттың бірі осы болып отыр. Ал емдеу ба­рысында қолданылатын әдіс­темелер өзі­міздікі. Олар 13 бөлімде қолда­ныста. Бөлімдердің 12-сі хирур­гия­лық бағытта маманданған. Қазір министрлік арқылы жыл сайын компьютерлік томограф, рентгендік аппарат секілді соңғы техноло­гия­лық құралдарды алдыру үстіндеміз. Менің жетекшілігіммен ойлап та­былған жамбас-сан буынына қон­дыратын эндопро­тез­дің жаңа моделі “KAZ ТОҒЗИ, Н.Батпенов моделі” атауымен Германияда шығарылып, ТОҒЗИ-да күнделікті тәжірибеге ен­гізілді. Мен бұл модельді ұжым­дық еңбектің нәтижесі деп есеп­теймін. – Ауруларды емдеуде туын­дай­тын қиындықтар жөнінде не айтар едіңіз? – Орынды сұрақ. Ауруларды емдеуді жалғыз Денсаулық сақтау министрлігіне жүктеген дұрыс емес. Оларды емдеуде, алдын-алу шара­ларын жүргізуде бірлескен кешенді іс-шаралар қажет. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және тағы басқалармен тізе қосып, ведомствоаралық жұ­мыс тобын құру арқылы бірлескен іс-шаралар атқарылса, халық денсау­лы­ғының әлдеқайда жақсара түсуіне сеп болар еді. Өйткені, түрлі жа­ғ­дайда алынған жарақаттар дер кезінде емделмегендіктен, адамдар өздеріне созылмалы сыр­қат­ты жабыстырып алады. Бұл уақыт өте келе соңы қайғылы жағдайға ұласады. Уақытында көмек көрсе­тіл­ген аурулардың қа­лыпқа келу мүмкіндігі анағұрлым жоғары болып табылады, олар өз жұмыс істеу қабілетін тез арада оңалтып, қатарға келеді. Сан, жамбас-буын, иық буыны жара­қат­тарынан соң біз оларды ауыс­тырамыз. Адам қартая келе шемір­шек еті жиырылып қала­ды, қақсап ауырады. Жүре ал­май, жатып қалады. Сондай кезде шетелден алынған протездерді са­лып береміз. Омыртқаның майы­суына жасалған операциялардан кейін адамдар қайыра жұмысқа кірісіп кетеді. Бұрын 5-6 ай жа­татын болса, енді ол уақыт әжеп­тәуір қысқарды. Елімізде жасалатын жоғары техно­ло­гиялық операция­лар­дың 80 пайызы осында жасала­ды. Ал қашық облыстардағы күрделі нау­қастардың біздің мек­е­меге келіп қаралуы қиын. Сон­дықтан ауру­лар­ды авиациялық ұшақ­тар арқылы жеткізуді қайтадан енгізу керек. Менің ведомс­тво­ара­лық жұмыс то­бын құру керек дегенімнің ас­та­рында осы мәселе жатыр. Дегенмен біз осылай екен деп, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Жыл сайын облыстарға шығып, операция жасап тұрамыз. Облыс орталық­тарына жоғары мамандандырылған ортопедті-травмотологиялық көмекті жақын­дату мақсатымен бірқатар ай­мақ­тарда, атап айтсақ Қарағанды, Көкшетау, Атырауда ірі буындар­дың артроскопиясы мен эндоп­ро­тездеу бөлімдерін аштық. – Соңғы сұрақ. Еліміздің ме­дицина саласында жүргізіліп жатқан реформаға көзқарасыңыз қандай? Қазақстанның бас трав­мотолог-ортопеді ретінде жаңа жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы пікіріңізді білгіміз келеді. – Әлгінде айтып кеттім ғой, облыстарға жиі шығып, шеберлік сыныптарын үйретеміз деп. Кейде Астанада ұйымдастырылады. Бір қызығы, бұрын ондай семинарларға қатысушылар көп келе бермейтін. Келген күннің өзінде үйрене қоюға қызығушылығы ояна қоймайтын. Ал қазір ше? Осындай бір ақпарат бе­ріңізші, ертең-ақ өздері жетіп келеді. Былтыр, биыл өткізген ше­берлік сыныптарымызға мамандар толық келді. Қазақстанның әр түкпірінен келген мамандар жаңа ақпараттарды білуге, білген-көр­ген­дерін меңгеруге құштарлықтары зор. Бұл өте жақсы. Олардың үйренуге деген ынтасы оянуындағы себеп неде деп ойлайсыз? Өйткені, жаңа жоба, жаңа жүйе бойынша, емдеп шығарған ауруына байла­нысты аурухананың өзіне қаржы түседі. Ал емхана басшылығы қаржының түсуіне мүдделі. Ауруды жаңа технологиялық қондыр­ғы­ларын қолданып, жақсы емдесең, ақша төленеді. Сондықтан бәсекеге қабілетті болуға олар да мүдделі. Өйткені, оларға өздеріне түскен ақшаға жаңа аппараттар, жаңа дәрілер сатып алудың мүмкіндігі туады. Өз жыртығын өздері жамай­ды, өзгелерге алақан жай­май­ды. Бұл жерде сапалы ем көр­сетуге деген бәсекелестік қалып­та­сады. Ал бә­секе­лестік болған жерде даму бар екен­дігі айтпаса да түсінікті. Бұл жердегі біздің қолы­мыз­дан келер бірден-бір көмек, операцияларға шақырып, біл­ге­ні­мізді үйрету. Тео­рия­лық тұрғыда оқытып, шетел­дерге тәжірибе жи­нақтауға жіберу болып отыр. Міне, жобаның мен сезінген, куә болып жүрген артықшылығының бірі осы. – Өзімізге белгілі, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау са­­ласын дамытудың 2011-2015 жыл­дарға арналған “Саламатты Қа­зақ­стан” мемлекеттік бағдарлама­сы­ның жобасы жақында ғана жарық көрді. – “Саламатты Қазақстан” мем­ле­кеттік бағдарламасына сәйкес Қазақстанның 2h өңірі тұрғын­дарының арасындағы кезд­е­сетін тірек-қимыл аппаратындағы әртүрлі ақаулары мен сырқаттары бар науқастарды ерте анықтап, дис­пансерлік бақы­лауға алып, оларға жоғары дәре­жедегі көмек көрсетуді ұйым­дастыру бізге жүк­теліп отыр. Осы бағытта институт ма­мандары еліміздің алыс өңір­леріне барып, кеңестік-диаг­нос­тикалық көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда жоғары техно­ло­гиялық операция­ларды жасауды жүзеге асырып отыр. Сондай-ақ, елімізде жарақат алу деңгейін төмендету мақсатында үкіметтік ұйымдармен бірлесе атқарған іс-шаралардың нәтиже­сінде бұл көрсеткіш едәуір төмен­деді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ. КҮРДЕЛІ ОТА ӨЗІМІЗДЕ ЖАСАЛАДЫ Елімізде Президент тапсыр­ма­сына сәйкес Бірыңғай ұлттық ден­сау­лық сақтау жүйесін құру бағы­тын­дағы жұмыстар біздің Маң­ғыстау облысында да жүзеге асы­рылу үстінде. Атап айтқанда, Бір­ыңғай ұлттық денсаулық сақтау жү­йесінің аясында бұрынғы кез­дерде тек республикалық кли­ни­ка­лар мен орталықтарда, тіптен алыс, жақын шетелдерде жасалып келген жоғары мамандандырылған меди­ци­налық көмек облыс деңгейінде енгізіліп, қарапайым халықтың жоғары технологиялық опера­цияларға қолжетімділігін арттырды. Қазіргі таңда облыс меди­ци­насы­ның тарихында болмаған күрделі операциялардың облыстық ауруханаларда жасалуы халық үшін де, мемлекетіміз үшін де үлкен жетістік десек, кардиохирургия, урология, ортопедия-травмо­то­ло­гия, офтальмология, ней­ро­хи­рур­гия жүйелері сияқты медициналық көмектер өз облысымызда жүзеге аса бастады. Айталық, жақын арада жамбас-ұршық қуысындағы жарамсыз буынды жасанды буынмен алмас­ты­ру тұрғысында операция жас­ал­ды. Күрделі операцияны рес­пуб­ликалық ортопедия-травмотология ғылыми зерттеу институтының ма­мандары жүзеге асырды. Бола­шақ­та осындай операцияларды жер­гілікті мамандардың игеруі үшін аурухана толықтай жарақ­танды. Жүрекке операция жасау істері де сәтті басталуда. Балаларға туа біт­кен жүректегі ақауларға жаса­латын операциялар да өткізілді. Опе­рациядан кейін емделушілердің көңіл-күйі, жағдайлары жақсы, ұдайы дәрігерлік бақылауда. Иә, облыстық аурухана базасында осын­дай қиын операциялар жа­сау­дың мүмкіндіктері мен же­тіс­тіктері облыс жұрт­шы­лы­ғы­ның ризашы­лық­т­арын туғызуда. Бұл опе­ра­ция­ларды Ресейден шақырылған білікті, ғалым мамандар жүргізді. Бо­лашақта осындай операция­лар­ды жергілікті аурухана мамандары да жасау мүмкіндіктеріне ие бол­мақ­шы. Аталған операциялардың барлығы да облыстық аурухана база­сында жүзеге асырылды. Об­лыс­тық денсаулық сақтау бас­қар­масы болашақта бұл бағыттағы жұмыстарды “Бірыңғай ұлттық жүйе” талаптары негізінде жүргізе бермекші. Ол үшін дәрігерлердің біліктіліктерін арттырумен қатар, оларға қойылатын талапты кү­шей­ту, қандай істе де бәсеке­лес­тікті туғызумен кадрларды тәрбиелеу басты міндет деп түсінеміз. Облыстық ауруханалардың нейрохирургия, урология және оф­та­льмология салалары да заманауи құ­рал-жабдықтармен жаб­дық­та­лып, жоғары мамандандырылған ме­дициналық көмекке зәру нау­қас­тарға күрделі операциялар жа­салмақ, осыған орай ауруларды ірік­теу жұ­мыстары да қызу жүр­гі­зі­луде десем, “Саламатты Қазақ­стан” мем­лекеттік бағдар­л­ама­сы­ның әзірленуі бұл салада да өркенді істердің одан әрі қанат жая беретініне ықпалы тимек. Осы жәйтті айта келіп, жұрт­шы­лық атынан халыққа көрсеткен қамқорлығы үшін Елбасына алғыс ай­туды өзіме парыз санап отырмын. Қаражан ҚОЙЛЫБАЕВ, Маңғыстау облыстық  Ардагерлер кеңесінің мүшесі,  оқу ағарту ісінің үздігі. ЕҢБЕКТЕРІҢ ЖАНА БЕРСІН Ет пен теріден жаралған адам болған соң, басың ауырып, балтырың сыздамай тұра ма, жақында аяқ астынан ауруханаға түсіп қалдым. Едәуір уақыттан бері дәрігерлердің алдын көрген жоқ едім, жағдай көп өзгеріпті. Ашқан басты жаңалығым – сырқаттарға қайтсек жағамыз деп бәйек болып зыр жүгіріп жүрген дәрігерлер де, мейірбикелер де өзіміздің қара­көздер. Иә, ана кездері “бәрі көшіп кетті, жөні бүтін дәрігер қалған жоқ” дегенді де құлағымыз шалған еді, бекер екен, бұлақтың көзі ашылыпты. Ешкімнен кем емес, дәрігері де, мейірбикесі де, ком­пьютер дейсің бе, неше түрлі қон­дыр­ғылардың “құлағында ой­найды”. Ең бастысы  ақ халатты абзал жандардың науқас адамдарға жылы көзқарас білдіруі қандай жара­сымды. Дәрі-дәрмегімен де, жылы сөзімен де емдейтін ортаға түскен­нен кейін тез айығып, отбасыма оралдым. Балаларыма риза болғаным сондай, іскер басшы, білікті дәрігер Абай Байкенжин басқаратын Ұлт­тық ғылыми медициналық орта­лық­тың ұжымына, оның ішінде өзім жатқан соматика бөлімшесінің қыз­меткерлеріне алғысымды газет арқылы жеткізуге ұйғардым. Ең­бек­теріңіз жана берсін, абзал жандар. Нұрмұқан ҚҰСАЙЫНОВ,  еңбек ардагері. Қарағанды облысы, Бұхар жырау ауданы.