90 жылдық тарихы бар Қарасай аудандық газетінде осы мерзімде жүздеген адам жұмыс істеп, уақыт талабына сай оқырман қауымды аумақтың бүкіл тыныс-тіршілігінен хабардар етті, жақсы істерді жалпақ жұртқа жариялап отырды. Жаңалықтың жаршысы, кемшіліктің бетін ашушы болды. Бірқатар тілші кейіннен қаламы жүйрік журналист, атақты ақын-жазушы атанды. Кезінде редакцияны Үсенбай Тастанбеков, Шекербек Садықанұлы, Өтесін Құбиев сияқты білікті редакторлар басқарды.
Алғашқы кездері тек орысша (кейіннен аралас, яғни қазақ, орыс тілінде, әлі күнге дейін солай) шыққан газеттің аты да бірнеше рет өзгертілген.Мәселен,ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Коммунизм үшін» (орысшасы «За коммунизм») деген атпен жарық көріп тұрған. Ал қазіргі атауы «NAQTY» (Нақты). Бас редакторы – мұндай лауазымға ие санаулы қазақ қызының бірі, Ақпарат саласының үздігі, аудандық мәслихаттың депутаты Атлана Жанатқызы Исаева. Біздің де біраз жыл «Заман жаршысы» аталған тұста бұл басылымда тер төккеніміз бар.
Сонымен, алпысыншы жылдары дедік қой, сондағы редакторы қасиетті Қарасай жерінің бел баласы, белгілі журналист-жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның абыз ақсақалы атанып, жүз жасаған марқұм Үсенбай Тастанбеков болатын. Ол кісі талай талантты жан-жағына жинаған жан еді. Бұған бір мысал ретінде осы жерге Шымкент жақтан Алматыға қарай келген әйгілі фотосуретші Сайлау Пернебаевты да жас шағында жұмысқа алғашқы алғанын айтқанымыз жөн. Бұл сөзімізге Үсенбай атамыздың Еңбекшіқазақ аудандық газетіне жетекшілік еткенде тұма жырдың тұнығы, ұлы ақын Тұманбай Молдағалиевтың тұңғыш өлеңін жариялағанын қоссақ ше!
1961 жылы 10 мамырда Қаскелең қаласында түсірілген мына суретте «Коммунизм үшін» газетінде қызмет істейтін жігіттер бейнеленген – Хасан Қазмұханов (солдан оңға қарай), Нұрсұлтан Әлімқұлов, Нұрсұлтан Жүнісбаев, Григорий Муллин және Мұхаметжан Етекбаев.
Осылардың ішінен Нұрсұлтан Әлімқұлов (ән өлеңінің классигі атанған ақын, «Қайықта», «Әлі есімде», «Мойынқұмда», «Алтыным», «Алатау», «Таң самалы» тәрізді көптеген тамаша әннің сөзін жазған) пен Мұхаметжан Етекбаев (қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, туындылары орыс, неміс, украин тілінде жарық көрген, Жамбылдың әдеби-мемориалдық музейін көп жыл басқарған) қара үзіп шығып, шығармалары мен есімдері бүкіл қазаққа танылды ғой!
Сөз соңында ескертеріміз, бұл сурет марқұм М.Етекбаевтың жеке мұрағатынан алынды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы