• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Ақпан, 2024

Ескі көліктердің «тынысы» тарылады

6819 рет
көрсетілді

Елімізде ескі көліктер жіті тексеріледі. Тексеру кезінде газоанализатор, тахометр және басқа да құралдардың көмегімен көліктердің шығарынды газдары өлшенеді. Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай заң жобасын әзірледі.

Министрлік өкілдері мұндай қадамға мәжбүрліктен барып отырғанын айтты. Өйткені елімізде жүргізілген эколо­гиялық рейд кезінде ауаны ластаушы ескі көліктер көптеп анықталады. Дегенмен құзырлы органдар заңға сәйкес көлік иелерінің 80 пайызын ескертумен шектесе, қалған 20 пайызына анықталған заңбұзушылықты бір жыл ішінде қайталағаны үшін тиісті шара қолданып жатыр.

Бас прокуратураның құқықтық статистикасына және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегі бойын­ша Әкімшілік кодекстің «Шыға­рындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерінен асыра отырып, автомотокөлік құралдары мен басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану» деп аталатын 334-бабына сәйкес 2020 жылы 7 849 әкімшілік іс қозғалған, соның 6 570 жағдайында ескерту жасалды; 2021 жылы 26 600 әкімшілік іс қозғалып, 20 412 көлік иелері ескертумен жіберілді; 2022 жылы 26 643 әкімшілік іс ашылып, 21 751 жүргізушіге ескерту жасалды.

«Қолданыстағы әкімшілік жаза қатайтылады. Бұзушылық толық жо­йылғанға дейін зиянды зат мөлшері жоғары көлікті пайдалануға тыйым салынады. Бұл тыйым бұзушылық тіркеле сала бірден күшіне енеді. Әйтпесе, қолданыстағы редакцияда мемлекеттік нөмірлерді алып қоюға тек құқық бұзушылық бірнеше рет жасалса, бір жыл ішінде қайталанса ғана рұқсат етілген. Жаңа талапты Қазақстандағы барлық жеке тұлғаға, сондай-ақ меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан барлық заңды тұлғаға қатысты енгізу ұсынылады», деп түсіндірді министрлік сарапшылары.

Енді жүргізушілер бұзылған көлік толық жөнделместен оны тізгіндей алмайды. Қайта қолдану үшін катализатор, фильтр сынды факторларды қалпына келтіріп, техбайқаудан өткізу маңызды. Егер де ережеге мән бермей көлік тізгініне отырса, 1,4 млн айыппұл қарастырылған.

Кейінгі уақытта қоғам арасында ескі көліктердің саны азайып жатыр. Статистикалар мен салыстырмалы нәтижелер ескі көліктердің болашағын жойды. Арнайы заң жобасы арқылы Үкімет автокөліктен экологияға келетін қауіптің алдын алмақ.

 

Дидар АСЫЛХАН,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-курс студенті