90-жылдары нарықтық экономикаға көшу кезеңінде еліміздегі өндіріс орындары тоқырауға ұшырап, қаржылық тапшылықты бастан кешті. Осындай күрмеуі қиын мезгілде біздегі ірі кәсіпорындардың әлеуеті әлсіреп, біраз тәжірибелі маман «қара қазан, сары баланың қамы үшін» білімдерін ала дорбаға ауыстырған болатын. Қай салада да жағдай мәз емес, соның ішінде химия өнеркәсібі мүшкіл халде еді.
Тек соңғы он жыл төңірегінде, онда да металл өнімдерін пластик бұйымдары алмастыра бастаған уағында аталған салаға күш бітті. Қазақстандағы шикізат ресурсының қоры мол. Әлем бойынша химия саласында өндірілетін 11 млрд тонна пайдалы қазбаның 250 млн тоннадан астамы біздің елдің үлесіне тиесілі екен.
Кейінгі бес жыл көлемінде салада 481 шағын, 14 орта және 13 ірі кәсіпорын жұмыс істеп, бұрын-соңды өндірілмеген жаңа өнімдер шығара бастады. Индустрияландырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Павлодар облысында «Каустик» АҚ-ның негізінде каустикалық сода, хлор, тұз қышқылы, натрий гипохлориті өндіріледі. Бұл өнімдер бұрын бізге Ресей, Өзбекстан мен Украина елдерінен импортталып келген. Химиялық өнімдердің жаңа түрлерін шығару және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында «Қазфосфат» ЖШС және «ҚазАзот» ЖШС-да жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған ірі кәсіпорындарды жаңғырту нәтижесінде саладағы өнімділік көрсеткіші 1,7 есе өсіп, энергия шығыны 1,4 есе қысқарған. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында «АгроХимПрогресс» ЖШС іске қосылды. Бұл зауыт эфир майын, жемір шегірткеге қарсы дәрі-дәрмек өнімдерін, пестицидтер және пластик өнімдерін шығарады. Оңтүстік өңірде жылына 350 мың метр полиэтилен құбырын шығаратын жаңа зауыт пайдалануға берілді.
Бүгінде химия өнеркәсібінде аммофос өндірісінің артуы (+39,3%) есебінен өндіріс көлемі 1,5%-ға өскен. Биыл 12,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуде 1 триллион теңгені құрайтын 170 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Қазір 233,4 млрд теңгенің 64 жобасы іске асырылып, 3,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жақында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында 1,5 млрд теңгеге 100 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін, «Литейшик» ЖШС пластикалық құбырлар және пластмасса бұйымдарын өндірумен айналысатын жаңа зауыт бой түзеді.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Өткен жылы еліміздің ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңгеге жетіп, 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Сыртқы сауда-саттықтың өзі 136 миллиард доллардан асты, оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтаған. Бүгінде жаһандық экономика мен халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп, қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Соның ішінде металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару бағыттарына айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», деген болатын.
Осы ретте бұдан жеті жыл бұрын құрылған Қазақстан Химиктер одағы заңды тұлғалар бірлестігі түрлі сала мен ауыл шаруашылығында қолданылатын және химия өнімдерін шығарумен айналысатын ірі кәсіпорындардың басын біріктірген еді. Бүгінде аталған сала түйткілдерін тарқатуда іскерлік байланыс орнатып, мемлекеттік ұйымдардың шешімін әзірлеуге қатысып келеді. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі түрлі бағдарлама мен жобаларды дайындап жүзеге асырса, заң жүзінде бірлестік мүшелерінің құқығы мен мүддесін қорғап отырған жайы бар.
«Химия өнеркәсібі дамыған елдерде ішкі жалпы өнімнің айтарлықтай үлесін құрайды. Мәселен, Қытайда – 11,5%, Кореяда – 9%, Сауд Арабиясында – 8%. Еліміздегі химия өнеркәсібінің ішкі жалпы өнім құрылымындағы үлесі небәрі 1% шамасында. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері бүгінгі күнге дейін қосылған құнның жартысын ғана қайтарып алды. Шикізат көзі бар, ол арқылы химия өнеркәсібін дамытуға әлеует жетерлік. Бірақ нәтиже көңіл көншітер емес», дейді Қазақстан Химиктер одағы ЗТБ вице-президенті Тахмина Нағұманова.
Бұған себеп – біріншіден, шикізатқа деген қолжетімділіктің жоқтығы. Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар өндірілген пайдалы қазбаларды экспорттаумен ғана айналысады. Ал өнімді одан әрі өңдеуге мүдделі емес. Мәселен, тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі ішкі қосымша құн 1991 жылдан бері үш есеге жуық өскен. Бұндағы мәселе, ішкі өңдеуге арналған химиялық шикізаттың сатылымға шығарудағы ынталандырудың тиімді тетігінің болмай тұрғандығынан көрінеді.
Екіншіден, жобалардың капитал сыйымдылығы жоғары және өтелу мерзімі ұзақ. Үшіншіден, бүкіл өңдеу өнеркәсібіндегі секілді химия өнеркәсібінде де орта бизнес субъектілерінің өсу қарқыны баяу. Қазақстандағы химия өнеркәсібі кәсіпорындарының көпшілігі импорттық жартылай фабрикаттардан дайын өнімдерді шағын өндіруге арналған. Ірі және орта кәсіпорындардың саны жиырмаға да жетпейді екен.
«2022 жылдағы дерек бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны 2 027 939 болды. Бірақ осы 2 миллионның 2 799-ы орта бизнес санатына жатады. Бұл ретте барлық жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің тек 5%-ға жуығы ғана өңдеуші секторға тиесілі. Еліміздегі барлығы 10 880 заңды тұлға мен 93 373 жеке кәсіпкер бар, яғни 104 253 субъект өздерінше бірдеңе өндірсе, қалғандары бөлшек әрі көтерме саудадан өзге қызмет түрлерін көрсетеді. Мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануда орта кәсіпкерлікпен тең дәрежеде түсетін шағын кәсіпкерлік субъектілері бір жерде шоғырлануға мүдделі емес. Мемлекет басшысының бизнес өкілдерімен кездесуінде сөйлеген сөзінде көрсетілген сандар – 7 триллион теңге мемлекеттік қолдау мен 4,5 триллион теңге салық қана осыны растайды. Меніңше, орта бизнесті негізінен өңдеуші кәсіпорындарды жетілдіру арқылы дамытуға болады. Салада жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындарды біріктіруді, жаңа орта кәсіпорындар ашуды, шағын және орта кәсіпкерлікті байланыстыратын ірі кәсіпорындарды дамытуды ынталандыру маңызды. Бұл орайда елдегі кәсіпкерлік субъективтілігінің критерийлерін бағалаудың жалпы жүйесінен өнеркәсіптік өндіріспен айналысатын субъектілерді бөліп алу керек деп есептеймін», дейді ол.
Айтуынша, кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай ынталандыруға сараланған тәсіл қажет (орта бизнесті қолдау көлемі көбірек болуы керек). «Өңдеу өнеркәсібі субъектілерін қолдау мақсатында салық заңнамасында өңдеу өнеркәсібіндегі орта кәсіпкерлік субъектілері үшін бөлшек салықтың салық тәртібіне ұқсас арнайы салық тәртібін қарастыруды ұсынар едік», дейді Тахмина Өтеғалиқызы.