Алматы әкімдігінің қызметкері қызды ұрды деген күдікке ілінді. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнеролик жұрттың наразылығын тудырды, деп жазады Egemen.kz.
Tengrinews.kz хабарлағандай, бұл іс бойынша әкімдіктің жастар саясаты басқармасының қызметкері күдікке ілініп, қамауға алынды.
Бұл туралы жәбірленушінің өзі әлеуметтік желіде мәлімдеді. Оның айтуынша, оған қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері үш жыл бойы жалғасып келген.
Алматы әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, Ділмұрат Омаров 2022 жылдың қарашасынан бері Алматы жастар саясаты басқармасының бас маманы қызметін атқарады.
«Осы оқиғадан кейін Омаров 2023 жылдың 19 ақпанынан бастап өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берді. Кадр қызметі өтінішті қабылдап, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-бабы 1-тармағы 1-тармақшасына сәйкес Ділмұрат Омаров қызметінен босатылды. Қазіргі уақытта бұл жанжалдың мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп, оған қатысушыларға қатысты құқықтық баға беру және тиісті ден қою шараларын қабылдап жатыр», деп сендірді әкімдік өкілдері.
Ал қалалық Полиция департаменті Медеу аудандық полиция бөлімі жарақат алу дерегі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындағанын хабарлады.
«Қызға күш көрсеткен ер адам қамауға алынды. Оның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сот отырысының материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі», делінген ақпаратта.