«Нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда құзырлы мекемелер алдына қойған тапсырмасы.
Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналған кеселмен түрлі жауапты органдар жаппай күрес науқанын бастап кетті. Оның барысын біз Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында бағамдай алдық. Іс-шарада сөз алған ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуы туралы баяндады.
Өткен жылдың маусым айында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес есірткінің заңсыз айналымы мен нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілген.
– Кешенді жоспар – есірткіге қарсы жүйелі жұмыс үшін өте маңызды бағдарламалық құжат. Оның негізгі мақсаты – қоғам үшін аса қауіпті есірткінің, әсіресе синтетикалық препараттардың таралуының жолын кесу, олардың қолжетімділік деңгейін төмендету; нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу; есірткіні пайдаланатын адамдардың сенімді және нақты есебін қалыптастыру; орындаушылардың құзыреті мен мәртебесін арттыру, материалдық-техникалық жағдайды нығайту, – деді ол.
Оның айтуынша, халықтың осал топтары – жасөспірімдер мен жастар арасында ведомствоаралық профилактикалық жұмыс ұйымдастырылған. Барлық өңірде әкімдердің орынбасарлары есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарларын бекітіп, ҮЕҰ-мен бірлесіп есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити-жазуларды анықтау және бояу бойынша акциялар өткізілді. Бұл жұмысқа 200-ге жуық ерікті қатысып, 6 мыңнан астам граффити боялған. Бұған қоса, ІІМ өкілі жазғы лагерьлерде, үйірмелерде, аула клубтарында 12 жастан асқан балаларға арналған спорттық және демалыс іс-шараларын өткізу ұйымдастырылып, оған еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсенді қатысқанымен атап өтті.
Бақытжан Әмірханов студенттерді есірткі сатумен айналысудың салдары туралы ақпараттандыру әдістері пысықталғанын жеткізді. «Жоғары оқу орындарының студенттері, мектептер мен колледждердің оқушылары, сондай-ақ олардың ата-аналарымен кездесулер өткізу үшін ақпараттық материалдар әзірленді. Осы айда біз есірткі қылмыстары жасалуы ықтимал қауіпті орындарды анықтау жұмысын аяқтаймыз. Содан кейін әкімдер алдында бейнебақылау камераларын орналастыру туралы сұрақтарға бастамашылық жасауды жоспарлап отырмыз», деді спикер.
Жалпы, ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті қызметінің маңызды сегменті – алдын алу жұмыстары. Яғни проблеманың салдарымен емес, себебімен күрес. Осы орайда кешенді жоспар аясында бірқатар маңызды шара қамтылған. Мемлекеттің цифрлық жүйелерінің, атап айтқанда «отбасының цифрлық картасының» мүмкіндігін пайдалану. Бұл есірткі тұтынушы мен оны жасырушының әлеуметтік-экономикалық портреттерін электронды форматта қалыптастыруға мүмкіндік береді; жастар саясаты бойынша кеңес мүшелерінің орта және арнаулы оқу орындарында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі нұсқаушы ретінде қатысуы; ерікті және әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында азаматтарға есірткіге міндетті талдау және скрининг жүргізу секілді маңызды жұмыстар бар.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайында психоактивті заттарды қолдану салдарынан «психикалық мінез-құлық бұзылуы» диагнозымен 108 722 адам динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде есірткі мен психотроптық заттарға тәуелділер – 18 329 адам.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының басшысы Анжела Бексұлтанованың айтуынша, нашақорлардың 91 пайызы, 16 817-сі – ер адам, қалғаны – әйел. Қолданылатын заттардың түрлері бойынша 6080 адамда опиоидтарға тәуелді. Олар 33,2%-ды құрайды. 6 488 адамның канабиоидтарға тәуелділігі бар. 798 адам синтетикалық есірткіге жіпсіз байланған. «Өкінішке қарай, ресми статистика елдегі есірткіге тәуелділердің нақты санын көрсетпейді. Көптеген нашақор сотталудан, жауапкершіліктен қорқып, өз жағдайларын жасырады. Ресми ведомстволық статистика нарколог-дәрігердің назарына түскен және «заттарды қолданудан туындаған психикалық-мінез-құлық бұзылыстары» диагнозымен динамикалық бақылауға алынған адамдардан қалыптасады. Бұл ретте динамикалық бақылауға алу пациенттің ақпараттандырылған келісімімен ғана жүзеге асырылады. Динамикалық байқау туралы деректер «наркологиялық науқастар тіркелімі» ақпараттық жүйесіне енгізіледі және қазіргі уақытта ол бізде құқық қорғау органдарының ақпараттық жүйесімен біріктірілген», деп атап өтті ол.
ДСМ өкілі психоактивті заттарға тәуелді пациенттерді емдеу және оңалту тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүзеге асырылатынын және 77 бастапқы психикалық денсаулық орталығында амбулаториялық жағдайда және аудандық ауруханалар жанынан ашылған 205 психикалық денсаулық кабинетінде, 20 стационарда және 1 республикалық ғылыми-практикалық орталықта жүргізілетінін айтады.
Нашақорлықтың таралуы онымен күрес және алдын алу жұмыстарынан бірнеше есе тез жүріп жатыр. 18 мың есірткіге тәуелді адам туралы ресми сандарды 10 есе арттыруға болады. Бірақ сол кезде де мәселенің ауқымын анықтау мүмкін емес. «Есірткісіз болашақ» қорының басшысы Жандос Ақтаев дөңгелек үстелде тәуелсіз зерттеу деректеріне тоқталды. Оған сәйкес, әрбір бесінші жас тәуелділікті тудыратын синтетикалық препараттарды қолданып көрген.
«БҰҰ мәліметтері бойынша, еліміз әлемдегі есірткіге тәуелді 10 елдің қатарына кіреді. Нақтырақ айтқанда, 200 елдің ішінде 8-орынға жайғастық. Біздің осындай «шыңға» жеткеніміз өкінішті. Бұған кім кінәлі? Нақты жауап беру қиын. Біз қоғам ретінде қалыптаса аламыз ба? Ол үшін рефлексия жасау керек және жұмыс істеу керек», деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша, қоғамдық қор мүшелері мемлекеттік органдардың жұмыс топтарының барлық отырысына қатысады. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігімен бірге есірткі сату және жастарды тарту бойынша 3 мыңнан астам Telegram арнасы бұғатталды. 13 жастағы балалар есірткі бизнесіне «кепілгерлермен» тартылған. Қоғам белсенділері мұны уақтылы тоқтатты.
«Біздің қорда интернет кеңістігін талдау, мониторинг жүргізу және осы мазмұнды бұғаттау бойынша «Мерген» алгоритмі бар. Біз осы қарқынмен әрі қарай жұмыс жүргіземіз. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлестік. Нәтижесінде, 1 800-ден астам студент бұл кеселмен күресуге өтініш берді. Оқу мен ғылымнан бөлек, олар қоғамдық денсаулық пен ұлттық қауіпсіздікке үлес қосқысы келеді деп айтуға болады. Бірақ бұл көрсеткіш төмен. Бізді тыңдайтын әрбір адам бізге қосылып, осы обамен кез келген тәсілмен күресуге тиіс», деді қоғам белсендісі.
Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөнінде 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды орындауда Оқу-ағарту министрілігі атқарып жатқан шаралар туралы баяндады. «Біріншіден, бұл бағыттағы қадамдардың бірі – балалардың әл-ауқат индексін қабылдау. Оған 15 пен 17 жас аралығындағы балалар арасында психоактивті заттарды қолдануымен байланысты психикалық мінез-құлық бұзылыстары мен сырқаттанушылық көрсеткіштері енгізілді. Екіншіден, білім беру ұйымдарында есірткі құралдарының таралуына жол бермеу шараларының бірі ретінде білім беру ұйымдарында және олардың аумақтарында пайдалануға шектелген, енгізуге тыйым салынған заттар тізбесі бекітілді. Үшіншіден, орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет жұмыстарының қағидалары қабылданды. Олардың мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында қиындықтарды анықтауға баса назар аудару. Төртіншіден, саламатты өмір салты, жаһандық құзыреттілік, пәндер компоненттерінің үлгілі оқу бағдарламаларына кіріктірілді», деді Меруерт Медетбекова.