• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Ақпан, 2024

Жетісуды қуантқан үшем

118 рет
көрсетілді

Үшемдерді дүниеге әкелген Талдықорған қаласының 28 жас­та­ғы тұрғыны көпбалалы ана атанды. Бұл – Жетісу облысы құрыл­ған­нан бері өмірге келген алғашқы үшем. Жас отбасы көптен күткен балаларына «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы қол жеткізген. Жаңа жылдан кейін дүние есігін ашқан періштелер шала туғандықтан дәрігерлер жайдарман жаңалықты көпші­лік­тен жасырған. Қазір сәбилердің жағдайы жақсы.

Жалпы, «Аңсаған сәби» мемле­кеттік бағдарламасы шеңбе­рінде ЭКҰ үшін өткен жылы өңірге 221 квота берілген. Ал осы жылы 217 квота бөлінген екен. Әрине, бұл аз, дегенмен алдағы уақытта бұдан да көп квота беру қарастырылып жатыр. Себебі осы арқылы көптеген ата-ана қуанышқа кенеліп жатыр.

Талдықорғандық Самал­ Аман­жолова мен Ернұр Дүмбер­генов­тердің шаңырағында – үлкен қуаныш. Биыл 10 қаңтарда олардың екі ұл, бір қызы мерзімінен бұрын дүниеге келді. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, ұл бала­лар 1800-1850 гр, қыз бала 1400 гр салмақпен туған. Дәрігерлер үшемдерді алдымен жансақтау бөлімінде тұрақты бақылауда ұстап, тиісті ем-шараларды жасап, кейін палатаға шығарып, күтіп-баптаған. Едәуір салмақ жинап, жағдайы жақсарған үшемдер мен олардың анасын бүгін Талдықорғандағы перинаталдық орталықтағылар салтанатты рәсіммен үйіне шығарып салды.

«Үшемдер 30 апта 5 күн мерзі­мінде өмірге келді. Алғашқы күндері олардың жағдайы ауыр болды, үш күн арнайы аппаратта жатты. Балалардың денсаулығын бір айдан аса уақыт дәрігерлер бақылауда ұстады. Алғашында олардың салмағы 1400-1800 грамм шамасында болған. Бір ай көлемінде нәрестелер 400 грамға дейін салмақ қосты. Бүгінде балалардың денсаулығы қалыпты», дейді Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі, штаттан тыс неонатолог Данияр Расулов.

Жас жұбайлар сәбилеріне Зей­неп, Зейін және Зейнұр деген есім берді. Дүмбергеновтердің тұң­ғы­шы қазір – 10 жаста. Сөйтіп, жас отбасы көпбалалы атанып отыр.

«Құдайдың қалауымен, ЭКҰ-ның себепші болуымен көптен күткен сәбилеріміз өмірге келді. УЗИ арқылы үшем екенін білгенде таңғалдық әрі қуандық. Жүктілік кезеңі жақсы өтті. Дегенмен 7 айлық мерзімде қиындықтар туындап, дәрігерлердің мені кесарево тәсілімен жедел босандырып алуына тура келді. Операция жасап, нәрестелеріміздің аман-есен өмірге келуіне еңбек сіңірген акушер-гинеколог Зейнегүл Рахметоваға айтар алғысым шексіз. Операция үстеліне апарғанда қатты қорықтым, бірақ дәрігер маған бәрін түсіндіріп, көңілімді тыныштандырып, қорқы­нышымды жеңуіме көмектесті. Жол­да­с­ым екеуміз ақ желеңді абзал жанның құр­метіне қызымыздың атын Зейнеп деп атадық, ұлдарымызға Зейін, Зей­нұр деген есім бердік. Сонымен қатар дәрігер Раушан Жүсіпқызына да ризашылығымды білдіремін. Қан қысымым көтеріліп, денсаулығым сыр бергенде ем-дом жасап, «Самал, балалар үшін өзіңді мықты ұстауың керек», деп үнемі маған мотивация беріп отырды. Бүгін, міне, үйімізге барамыз. Бауырлары мен сіңлісін үйде 10 жастағы әпкесі асыға күтіп отыр», дейді Самал Аманжолова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкіл­дері үшемдерді шығарып салу рәсіміне арнайы барып, сәбилерге арналған жөргектер жиын­тығын сыйға тартты. Облыстық перинаталдық орта­лық­­тың босанудан кейінгі бөлі­мі­нің меңгерушісі Зейнегүл Бейсенғалиқызының айтуынша, бұл – оның еңбек тәжірибесінде өмірге келген үшінші үшем.

«Резидентураны аяқтаған соң Алматы қаласында бір жыл жұмыс істедім. Сол уақытта үшемдердің аман-есен өмірге келуіне атсалысып, бірнеше операцияда дәрігерлердің көмекшісі болдым, ал осы жолы операцияны дәрігер ретінде өзім жасадым. Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықта жұмыс істеп жатқаныма 5 жыл болды, жалпы дәрігерлік еңбек өтілім – 10 жыл. Осы жолғы операция күрделі болды, дегенмен бәріміздің ортақ күш біріктіруіміз арқылы сәтті өтті», дейді жас маман.

Осы ретте тағы бір қуанышты жаңа­лықпен бөлесе кетсек дейміз. Сарқан кентінде 43 жастағы әйел оны­н­шы перзентін өмірге әкелді. Көпбала­лы ана Жасия Жанатбек жолдасы екеуі 7 қыз, 3 ұл өсіріп отыр. Бұл тура­лы Сарқан ауданының әкімдігі айтып берді.

Бағдар мен Жасия Сарқан қала­сын­да 15 жылдан бері тұрады, 10 бала тәр­биелеп отырған отбасының кенже қызы Ясмин жуырда өмірге кел­ді. Ана­ның оныншы перзентін өмір­ге әкелуге Сарқан аудандық орта­лық ауру­ханасының дәрігерлері көмек­тес­ті.

«Жасия Жанатбек – 1980 жылғы азамат. Жалпы жүктілік мерзімі қалыпты өтті, оған әйелдің өз көңіл күйін жақсы ұстауы да әсер етеді. Көрсетіліміне байланысты 4 ақпанда кесарево жасалды. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Бүгін оларды үйіне шығардық. Біздің аурухана үшін оныншы перзентін босандырып алу – сирек құбылыс», дейді аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі Ғалия Менисова.

Отбасының тұңғышы Хахида – 23 жаста, қазір оның өзі отау құ­рып, екі баланың анасы болып отыр. Екінші қызы Роза – 19 жас­та, студент. Алматы қала­сында Қазақ ұлттық қыздар педа­гоги­калық университетінің 2-курсында оқиды. Ұлжан, Ұлыхан, Жамбыл мен Айтөре – әлі оқушы, кішілері егіз Имран мен Ясин – үш жаста. Жасия Жанат­бек «Күміс алқа», «Алтын алқа­мен» марапатталған. Жолдасы Бағ­дар мал шаруашылығымен айналысады.

Сарқан аудандық орталық ауру­ха­на­сының перзентхана бөлімінің мә­лі­метіне қарағанда, жыл басынан бері дәрігерлер 20-дан аса әйелді аман-есен босандырып, шығарған. Со­ның үшеуі – 40 жастан асқан аналар.

Жалпы жыл басынан бері Жетісу облысында 977 бала өмірге келген.

 

Жетісу облысы