• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қылмыс 22 Ақпан, 2024

Алаяқтардан қалай қорғанамыз?

326 рет
көрсетілді

Кейінгі кезде бөтеннің атынан жалған қарыз ресімдеген алаяқтардың қитұрқы әрекеті жандана түскен. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен жүздескен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев айтып берді.

Департамент пен құқық қорғау органдары қаржылық алаяқтық мәселесін ерекше назарда ұстап отыр. Өйткені қылмыстың бұл түрі бойынша зардап шеккендер саны азаяр емес. Бірлескен іс-шаралар нәтижесінде ауқымды жұмыс атқарылып, күрмеуі көп күрделі мәселеге тап болмас үшін, азаматтарға құқықтық кеңес беру жалғасып келеді.

«Жыл сайын қаржылық алаяқтардың әдістері күрделеніп келеді. Зиян келтіру­шілер азаматтарды алдау үшін әлеуметтік инженерия мен IT-технологиялардың заманауи әдістерін қолданады. Біз бірге әрекет етіп, алаяқтарға қарсы сенімді тосқауыл қоюымыз қажет», дейді А.Терентьев.

Кез келген адам біліміне, жұмыс саласына, мәртебесіне қарамастан қаржылық алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Бірақ көбіне цифрлық әлемге дайын емес аға буын арамзалардың арбауына тез тап болып жатады. Бұл кездейсоқ емес, өйткені егде жастағы азаматтар сенімді әрі сенгіш.

– Қылмыскерлер зейнеткерлерге­ қоңырау шалып, өздерін банк қызмет­керлері ретінде таныстырады. Олардың карточкасынан әлдекім қаражат алуға тырысып жатқанын хабарлауы мүмкін. Алаяқтар ақшаны қауіпсіз шотқа аудару қажеттілігі туралы сендіреді. Содан кейін олар егде жастағы адамның интернетті немесе мобильді банкингті қалай пайдалану керегін анықтайды, зейнетақы ақшасын қашықтан қалай аудару керектігі туралы нұсқаулар береді, телефонға осы немесе басқа қосымшаны жүктеуді ұсынады немесе ақшаны дереу банкомат арқылы аударуға кеңес береді. Бұл ретте алаяқтар асығыс және эмоционалды қысым жасайды. Қарттарға айтарымыз, бейтаныс адамдар өздерін банк немесе әлеуметтік қызметкер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырса да оларға сөзсіз сенудің қажеті жоқ. Егер қоңырау шалушылар сізге аты-жөніңізді айтып хабарласса және сіздің тұрғылықты мекенжайыңызды білсе, бұл олардың ресми өкілдер екенін білдірмейді. Барлық қажетті деректі түрлі тәсілмен алуға болады, олар интернетте ашық қолжетімді болуы ықтимал. Қызметкердің аты-жөні мен лауазымын сұраңыз және оны екі рет тексеру үшін олардың өкілі шақыратын ұйымның Call-орталығына қоңырау шалыңыз. Егер телефоныңызға жақын адамыңыз хабарласып, байланыс нашар естілсе және ол қиындыққа тап болғанын айтып ақша аударуды сұраса, әңгімені аяқтап, оған өзіңіз қоңырау шалыңыз. Ешқашан және ешкімге жеке деректеріңізді, банк картасының толық деректемелерін, соның ішінде картаның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV кодын, сондай-ақ код сөзін және ақша қаражатының қалдығын бермеңіз. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері, қаржы ұйымдарының Call-орталықтарының операторлары, құқық қорғау органдарының өкілдері ешқашан телефон арқылы дербес деректерді сұрамайды. Бұл құпия ақпарат тек алаяқтарға қажет, – деп мысал келтірді А.Терентьев.

Қаржы қызметтерін тұтынушыларды қорғау мақсатында 2023 жылғы сәуірде Үкімет байланыс, төлемдер және ақша аударымдары саласындағы реттеуді күшейтуге және қатаңдатуға бағытталған кредиттік алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін іске асыру жөніндегі Жол картасын бекіткен. Жол картасының жауапты орындаушылары ретінде Ұлттық банк, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, құқық қорғау органдары және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі анықталды. Маманның айтуынша, жол картасы аясында 15 негізгі іс-шара қарастырылған.

«2024 жылы Ұлттық банктің қазақ­стандық банкаралық төлемдер орта­лығының базасында алаяқтық операциялар бойынша деректер жинауды қамтамасыз ететін қаржы нарығына арналған Антифрод орталықтың бірың­ғай базасын құру жоспарланып отыр. Антифрод жүйесі байланыс операторларына қойылатын талаптарды белгілеу мен жауап­кершілікті қатаңдатуды көздейді. Әсіресе қаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларының киберқауіпсіздігіне қойы­латын талаптарды күшейту ма­ңызды», дейді маман.

Былтыр 11 ақпаннан бастап жеке тұлғаның электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу не алу құқығы туралы түзету қабылданды, яғни бұл шара заңды сипатқа ие болды. Осылайша, 2023 жылғы шілдеде агенттік, АҚК және 18 банк арасында азаматтардың құ­қық­тары мен мүдделерін қорғауға қатысты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

Меморандумның мақсаты – қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қи­мыл жөнінде шаралар қабылдау, интернет алаяқтардың әрекеттерінен зардап шеккен клиенттерге залалды өтеу тетігін әзірлеу, сондай-ақ азаматтарға алаяқтық тәсілмен кредиттер ресімдеу кезінде туындаған берешекті реттеу арқылы ел тұрғындарының құқықтары мен мүдделерін қорғау. Меморандум та­лап­тары клиенттің жеке өзі және (не­месе) оның банк үй-жайларында же­ке қатысуымен операциялар жасаған жағ­дайларға қолданылмайды.

Маман қауіпсіздік қызметі клиент­терге қоңырау шалмайтынын атап өтті. Қауіпсіздікке қатысты барлық мә­селе банктің орталық кеңсесінде шешіледі. Алаяқтықпен күресте банк­тер клиенттердің қолма-қол ақ­шасы­ның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік ережелері мен ал­горитм­дерін үнемі жетілдіріп отырады. Бұ­ған көпдеңгейлі аутентификация, кү­дікті әрекеттерді бақылау, зиянды бағ­дарламалық жасақтамадан қорғау және деректерді шифрлау сияқты әртүрлі шара кіреді.

Егер сіз өзіңіздің жеке деректеріңіз туралы ақпаратты айтып қойған болсаңыз, картаңызды шұғыл түрде бұғаттап, банктік қосымшадағы жеке кабинеттен, электронды поштадан, әлеуметтік желілердегі аккаунттардан құпия сөздерді өзгертуіңіз керек. Егер алаяқтар сіздің шотыңыздан ақша алып үлгерсе, банкке, сондай-ақ құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Банк карточканы бұғаттап, жаңасын қайта шығарады.

 

АЛМАТЫ