Оралдық криминалист Руслан Досқалиев 8 млн теңге жымқырған баукеспе ұрыны саусақ іздері арқылы тапты.
Орал қалалық Полиция басқармасына қарасты Шаған полиция бөлімі жедел-криминалистикалық тобының криминалисі Руслан Досқалиев терезеде қалған саусақ іздері арқылы пәтер ұрлығын ашты.
Оқиға 2023 жылы қыркүйек айында болған еді. Сол кезде 102 операторына хабарласқан жергілікті тұрғын сарымайдай сақтап жүрген қомақты қаржысы сейфтен ұрланғанын хабарлаған. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы жетті.
Полицияның анықтауына қарағанда, белгісіз біреу Орал қаласындағы тұрғылықты үйлердің біріне терезесін сындырып кіріп, сейфтен 10 мың долларды және 3 млн 700 мың теңге ақшаны ұрлап кеткен. Әрине, бұл жерде нағыз маманның қырағылығы, кәсіби шеберлігі қажет еді. Полиция майоры Р.Досқалиев оқиға орнын, қылмыскердің келіп-кету жолын жан-жақты тексеріп шықты. Нәтижесінде, ұры кірген терезеден саусақ іздерін тапты.
Бір қызығы, криминалистикалық есеп базасындағы үлгілер арқылы күдіктінің кім екені анықталды. Ол 33 жастағы облыс орталығының тұрғыны екен.
Жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тәулікке жетпейтін уақыт ішінде күдікті ұсталды. Баукеспе ұрланған ақшаны түгел жұмсап үлгермепті. Қалған қаржы тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Жақында Орал қалалық қылмыстық сотының шешімімен күдікті сотталып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Батыс Қазақстан облысы