Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қаламыздағы рухани орталыққа айналып келеді. Жақында ұлттық рухтың лебі ескен тағы бір тамаша іс-шара осында өтті.
Бұл жолы Алаштың үш бәйтерегі – Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына және Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Бір кітап – бір әлем» атты кітап сыйлау жәрмеңкесі жарасым тапты. Бұған студенттер мен университет оқытушыларынан бөлек, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Университет студенттерінің арасында «kitap – qazyna» атты кітап оқу байқауы өтіпті. Мерекелік іс-шара басталмас бұрын, байқаудың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Жүлдегерлерге ақшалай сертификат тапсырылды.
Ұйымдастырушылар кітап сыйлау акциясын ерекше форматта өткізді. Ортаға қойылған екі үстелдің біреуіне – студенттердің, екіншісіне – қаламгерлердің, ғалымдардың және басқа да арнайы шақырылған қонақтардың есімі жазылған парақтарды қаз қатар қойған. Көшті университеттің басқарма төрағасы Нұрлан Дулатбеков бастады. Ол өз кітабын бір студентке тарту етіп, жылы лебізін де білдірді.
– Кітап – дүниедегі ғажаптардың қатарына еніп тұрғаны сөзсіз. Қай уақытта да солай болған және бола да бермек. Адамзат қоғамы ізгілікке жетуі үшін кітап оқуға тиіс. Оқудан ажыраған күні біз кері кетеміз. Кітап сыйлау – бұл жас ұрпақтың келешегі үшін жасалатын ең үлкен жақсылықтың, қайырымдылықтың бірі. Университетімізде мұндай шара осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Әрі қарай да жалғасын табады деп сеніммен айтамын. Мақсаты – білім әлемінің тереңіне бойлау. «Кітап – білім бұлағы» дейді. Студенттеріміз кітап оқыса, біз үшін сол үлкен қуаныш, – деді Н.Дулатбеков.
Студент өзінің кезегінде кітабын құрметті қонақтардың біріне берді. Солай жалғасып кетті. Тізімде «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетаев та бар.
– Мыңжылдықтарға созылған адамзат көшінің білген, түйгені – осы кітапта. «Адамзат баласының негізгі мұраты – өзінен кейін мұра қалдыру» деп еді бір ойшыл. Білімді болғың келсе, парасатты, пайымды болғың келсе – кітап оқу керек. Қазір біздің мемлекетке саналы, ақылды жастар ауадай қажет. Университет басшылығына осындай тағылымды шараны ұйымдастырғаны үшін зор алғысымды білдіремін, – деп алғысын жаудырды «Ғасыр адамы».
Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы өлең оқыды.
Жәрмеңке соңында университет студенттері құрған «Шаттық» әуесқойлар театры «Бір түп алма ағашы» қойылымын сахналады.
Қарағанды облысы