Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде даңқты кинорежиссер Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған «Қазақ киносының жарық жұлдызы» атты мәдени-танымдық кеш өтті. Ерен тұлғаның есімін жаңғыртқан іс-шарада шебердің тіршілігінде тұтынған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылып, шағын көрме ұйымдастырылды.
Көрмеден орын алған көрнекті экспонаттардың қатарында Ш.Аймановтың «Алдар көсе» фильміне түскенде қолына ұстаған асатаяғы, өзі шерткен домбырасы, шахмат тақтайшасы, түсірілім алаңында пайдаланған рупор, сондай-ақ 1970 жылы «Атаманның ақыры» фильмі түсірілген камера, киімдері, қаламсаптары мен үстел сағаты секілді ерекше жәдігерлер бар.
Еске алу кешінде Ш.Аймановтың ізін жалғап келе жатқан сахна саңлақтары айтулы тұлғаның азаматтық болмысы, кәсіби шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті хақында ой бөлісті. Атап айтқанда, Ш.Аймановтың әйгілі шәкірттері, қазақ киносының шоқтығы биік тұлғалары Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев сынды өнер қайраткерлері ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуына бүкіл ғұмырын арнаған тұлға туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
«Шәкен аға дарқан адам болатын. Жан-жағына Жайықтай кең еді. Біз ол кісінің балапаны құсап жанына еріп жүретінбіз. Оның ақындық қасиеті барын көп адам біле бермейді. «Әке туралы жыр» деген әннің сөзін жазғанын, талай фильмдегі жыр жолдарын, әндерді лайықты көркемдей білетін талғамы биік талант еді. Қазақ мәдениетінің өрістеуіне өрелі үлес қосқан қайраткердің рухына қалай құрмет жасасақ та жарасады», дейді Нұржұман Ықтымбаев.
Мемлекеттік орталық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонқызы мерейтой иесінің жанрлық, тақырыптық кеңістігі туралы сөз қозғап, «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар Көсе», «Тақиялы періште» секілді халықтық комедиялар әлі күнге дейін көрерменнің ықыласына бөленіп келе жатқан, ескірмейтін туындылар екенін атап өтті.
АЛМАТЫ