Кеше түнде Екібастұздан Майқайың кентіне су жеткізетін магистралдық құбыр жарылды. Соған байланысты 9 мыңның үстінде халық тұратын Майқайың кентінде су қысымы төмендеп кетті. Ал құбырға жалғанған «Богатыр-Көмір» АҚ-да су беру мүлде тоқтатылды.
«21 ақпан күні Баянауыл ауданының Майқайың кентіне су жеткізетін диаметрі 1020 мм суық сумен жабдықтау құбырында ақау анықталды. Ақаудың учаскесі «Екібастұз қалалық су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты екінші көтергіш сорғысынан 27 км қашықтықта орналасқан. Оқиға орнына өңір басшысы Асайын Байханов, Екібастұз қаласының және Баянауыл ауданының басшылары, сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы барып, жедел штаб ұйымдастырылды. Ақаудың себебін анықтау және жою жұмыстары «Екібастұз қалалық су арнасы» МКК күштерімен жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарына 30 адам және 10 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. Сондай-ақ оқиға орнында Павлодар облысының төтенше жағдайлар күштері мен «Майқайыңалтын» АҚ мамандары жұмыс істеп жатыр», деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Кенттегі ауызсу құбыры «Майқайыңалтын» АҚ-ның сенімгерлік басқаруына берілген. Кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Ботиннің айтуынша, Екібастұз қаласынан үлкен құбыр арқылы ағып келетін ауызсу кеше түскі уақытта мүлде жоғалып кеткен.
«Апат құбырдың Екібастұз қаласы аумағында болып отыр. Жалпы, судың құбырдағы ақаудан ысырап болуы 19 ақпаннан бері байқалған. Негізгі ақау орны кеше ғана табылған тәрізді. Бүгін түнде оқиға орнына барып, кәсіпорынның мамандары мен техникаларын көмекке жұмылдырдық. Қазір кентте ауызсу бойынша біраз шектеу енгізілді. «Майқайыңалтын» АҚ бойынша суды мейлінше аз пайдалануға тапсырма бердік. Өзге жергілікті кәсіпорындар аса көп тұтына қоймайды. Жағдай тұрақталғанша шектеулер күшінде сақталады», деді Қуаныш Ботин.
Майқайың кентінің тұрғындары күніне 1 мың текше метр ауызсу тұтынып келген. Кеше қысымның төмендеуіне байланысты «Майқайыңалтын» АҚ су таситын машиналарды жұмылдырды. Кентке жақын жерде скважина бар, жетпеген суды сол жерден алады. Ал кентті жылумен қамтып тұрған қазандық тәулігіне 200–250 текше метр су тұтынады.
Негізі су құбыры жолай «Богатыр-Көмір» АҚ өндірістік нысандарын басып өтеді. Ақауға байланысты кенішке су беру де уақытша тоқтатылды. Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кеніштегі көмір өндірісі тоқтамаған. Себебі оған судың қажеті жоқ. Шаруашылық қажеттіліктер үшін суды жеткізу ұйымдастырылды.
Аталған су желісі 1996 жылы салынған және бүгінгі таңда айтарлықтай тозығы жеткен. Құбырды биыл реконструкциялау жоспарланыпты. Қазіргі кезде конкурс өткізіліп, Алматыинжстрой» ЖШС мердігер ұйым ретінде таңдалған. Жұмыстарды көктем-жаз кезеңінде бастау ұйғарылып отыр.
Майқайың кеніші мен «Богатырь-Көмір» АҚ-ға су жеткізетін магистралды құбыр «Екібастұз қалалық су арнасына» тиесілі. Ал кент ішіндегі су құбырларына жоғарыда айтқандай «Майқайыңалтын» АҚ жауап береді.
Алтын кенішін жағалай орналасқан кентте орталықтандырылған ауызсуды тұтынатын 2500 жеке абонент бар. Өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, жергілікті жеке тұтынушылар үшін тариф құны 130,58 теңге тұрады. Бюджеттік ұйымдар текше метріне 779,01 теңге төлесе, өзге тұтынушылар үшін тариф бағасы – 754,1 теңге.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті