Ауыл медицинасының әлеуетін арттыру – әлі де күшіндегі мәселе. Жақында тағы Шет ауданындағы үш елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, қолданысқа берілді.
Бұл жолы Ақшатау кенті мен Киікті, Босаға аулынан ашылды. Ауылдағы ағайын мәре-сәре болған осындай игілікті істің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімін білдіріп, ардагерлер қауымы алғысын жеткізді.
«Денсаулық сақтау – қоғамның әлеуметтік өмірінің маңызды саласы. Денсаулық саласы – еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Бұл ауылдағы ағайынның денсаулығына алаңдаған Мемлекет басшысының елге деген ізгі бастамасы деп білемін. Дені сау ұлтқа айналу жолында еңбек етіп жатқан баршаңызға алғыс білдіремін», деді Шет ауданының құрметті азаматы Серік Қамбар ақсақал.
Сонымен қатар әжелер тәттіден шашу шашып, жиналған көпшілік жаңа ғимараттың ішіне кіріп, бөлмелерін аралап көрді. Фельдшерлік-акушерлік пункттің бөлмелері кең, жылы да жайлы. Мұнда дәрігерлердің тиісті ем-дом көрсетуіне, тұрғындардың келіп, сапалы ем алуына толық жағдай жасалған.
Айта кетейік, биыл Шет ауданының 14 елді мекеніне осындай медпункттердің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл ауыл халқының сапалы және уақтылы медициналық қызмет алуына үлкен септігін тигізбек.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы