Павлодар мамаңдары ормандарда жайтартқыш орнатып, өрттің алдын алуды мақсат етіп отыр. Өткен жылы облыста 207 орман өрті тіркеліп, тілсіз жау 3 905 гектар жердің жасыл жамылғысын жайпап өткен.
Орманшылардың мәліметінше, орман-тоғайда пайда болатын өртке көбіне найзағай себепкер екен. Дәйектей айтқанда, дала өрттерінің 75 пайызы жай отыннан тұтанады. Былтыр дала өрттерінің 22 жағдайында тілсіз жаудың мемлекеттік орман қоры аумағына өтіп кеткені тіркеліпті. Тағы екі өрт ошағы электр желілерінің үзілуінен пайда болған. Ал жалпы өрттен келген шығын 2 млн теңгеден асыпты.
Өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің пікірінше, ағаш қорын кәдімгі жайтартқыштарды орнату арқылы сақтап қалуға болады.
– Орманды жерлердің найзағай жиі түсетін учаскелерін зерттеп шығуды ұсынамын. Одан соң жайтартқыштар орнататын аймақтарды талқылап алуымыз қажет. Биыл ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне біраз толықтыру еніп отыр. Соған орай біз өз жұмысымызды алдын алу тұрғысынан жетілдіруіміз керек, – дейді Қ.Шаймарденов.
Қызық болғанда, өңірдегі орман-тоғайлы жерлерде бірде-бір жайтартқыш жоқ болып шықты. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың сөзінше, бұл мәселе «Ертіс орманы» резерваты бойынша талай мәрте көтеріліпті. Ол жердегі ағаш жамылғыларының аумағы өте үлкен.
– Резерватта найзағай түсуден өрт шыққан оқиғалар жиі кездесіп жатады. Бірақ орманның әрбір гектарына жай тартатын құрылғылар орнату мүмкін емес. Орман шаруашылықтарында оны сатып алуға және орнатуға қаражат жоқ, – дейді ол.
Маман күн жылына мекеме қызметкерлері резерват аумағын шолып, талдау жасайтынын, соның нәтижесіне орай қауіпті аймақтарда тым болмағанда 10 жайтартқыш орнатып көретіндерін жеткізді. Баянауылдың таулы аймақтарында мұндай құрылғыларды орнату қиынға соғатыны анық. Жалпы, орман арасында мұндай бір жайтартқыш бағанды орнатудың өзіндік құны шамамен 250 мың теңге тұрады.
Айтып өтейік, «Ертіс орманы» резерваты аумағындағы реликті қылқан жапырақты ағаштар еліміздің солтүстік-шығыс өңірінде ғана кездеседі. Ежелгі мұхиттың табанында, құм жалдарында өсіп шыққан Ертіс «орман жолағы» Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұрады. Жалпы аумағы 162 мың орман жамылғысы қорғалуы жағынан аса құнды орман алқаптары санатына енеді. Бүгінде резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде флораның алуандығы кеңейіп, 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді.
Бұған қоса Павлодар облысының аумағында «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі», сондай-ақ жалпы аумағы 127,5 мың гектар жерге ие орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелер («Павлодар», «Үрлітүп», «Максим Горький») бар екенін айтып өтейік.
Павлодар облысы