Өткен аптада Астанада халықаралық мейірім күні аталып өтті. Мерекенің мақсаты – адамдар арасында ізгілік, мейірім-махаббатты насихаттау және қайырымдылыққа тарту. Бұл күні түрлі игілікті шаралар ұйымдастырылып, адамдар бір-біріне сыйлық тарту етеді. Осы күнге орай елордада «Asyl niet» қоғамдық бірлестігі қайырымдылық аукционын өткізді.
Ауқымды аукционға қазақ суретшілерінің картиналары мен кәсіпкерлердің құнды сый-сияпаттары ұсынылды. Осындай ерекше форматта қайырымдылық жасау үрдісі бірлестіктің дәстүрлі іс-шарасына айналған. Былтыр өткізілген аукционның нәтижесінде тұрмысы төмен, обыр ауруына шалдыққан, бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға жатақханадан бір бөлме сыйға тартылған еді. Ал бүгінгі іс-шарадан түскен қаражат үшінші топ мүгедегі, обыр ауруымен күресіп отырған, сонымен қатар үш баласымен уақытша жертөлені жалдап тұрып жатқан Самал Кәрімоваға қолдау көрсетуге жұмсалды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – Самалға жекеменшік баспана сыйлап, ем-домына қажет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бірлестік төрағасы Айжан Мұқатаеваның айтуынша, әр түскен қаражаттың есебі әлеуметтік желіде ашық жарияланады.
– Қайырымдылық жасау – жүректің ісі. Осынау игілікті іс – қазақ халқының да бойына сіңген қасиет. Жылу жинау, асар ұйымдастыру – ұжымдық көмек көрсетудің айқын үлгісі. Осы дәстүрден жаңылмай біз де қайырымдылық іс-шарасын заманға сай қалыптап, оны салтанатты жағдайда өткіздік, – дейді ол.
Айта кетейік, аукциондағы сыйлықтардың ең арзаны – 200 мың, ал ең қымбаты 800 мың теңгеге сатып алынды.