Мемлекеттік тілді үйренем деушілерге жаңа мүмкіндік туады. Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясында қазақ тілін меңгеру мен диалог құру алаңдары ұйымдастырылып, ақпараттық жобалар іске асырылады.
Ұлттық академиялық кітапханада өткен басқосуда мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі мен оны күшейту жолындағы түйткілді мәселелер талқыланды. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Геннадий Шиповских, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, академик Шерубай Құрманбайұлы, ҚХА мүшесі, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова, «Орыс, славян және казак» ЭМБ төрағасы Владимир Божко, «Қазақстан украиндары радасы» ЭМБ төрағасы Юрий Тимощенко, «Астанадағы өзбек этномәдени орталығы» төрағасы Шерзод Пулатов, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев, «Qazaqstan» телеарнасының тележүргізушісі Алла Гаврина қатысты.
– Мемлекеттік тіл мен егемендік – егіз ұғым, ал тіл – ұлттық сананың өзегі. Ассамблеяның көптеген мүшесінің мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергені, олардың арасында танымал қоғам қайраткерлері мен депутаттар бар, әсіресе, жастардың көп екені қуантады. Бұл – Ассамблеяның мемлекеттік тілді ілгерілету және оның мәртебесін нығайту жөніндегі күнделікті жұмысының нәтижесі. Меніңше, қазақ халқының мәдениеті олардың өмір салтына айналса, мемлекеттік тілді олар өз тіліндей қастерлейді. Біз барлық жұмысымызда осы қағиданы ұстанамыз. Біріншіден, әрбір отандасымыз орта мектепті бітірген соң мемлекеттік тілді толық меңгеруге тиіс. Екіншіден, қысқа мерзімде қазақ тілін үйренуге жағдай жасаймыз. Мәселен, «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының өзі бір төбе. Жыл сайын 300-ге жуық жасты қамтиды. Бағдарлама аясында «Тіл мектебі», «Асыл сөз», «Sende bir kirpish dúnіege...», «Тиімді тілдік орта», «Ózіm týraly» сынды іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұндағы біздің көздеген межеміз – мемлекеттік тілді үйрету арқылы отандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, – деді Марат Әзілханов.
Отырысқа қатысушылар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін балаларға арналған анимациялық туындылар шығарудың, көпшілікке арналған кино өнімдері мен ғылыми-танымдық әдебиеттер қорын молайтудың, әлеуметтік желілерде ағартушылық бағыттағы арналар ашудың маңыздылығына назар аударды.
– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде еліміздегі түрлі ұлттарды біріктіретін үлкен мүмкіндігі бар. Осыдан біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде мемлекеттік тілді нығайту ісіндегі өзекті мәселелерді талқыладық. Президенттің пікірінше, ең алдымен, қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға басымдық берген жөн. Оның ішінде білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге айрықша мән беру қажет. Сондай-ақ бізді мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру бағытында жұмыс жүргізуге шақырды. Алдағы уақытта «Қазақ тілі» қоғамы аймақтар бойынша тіл-әдебиет пәні мұғалімдерінің форумдарын өткіземіз. Басқосуда өңірдегі ұлттық өнердің, тілдің насихатталуы, оқытылуы аясындағы проблемалар ортаға салынып, жан-жақты талқыланады. Оқушылар арасында түрлі байқау ұйымдастырамыз, олимпиада санын көбейтеміз. Өйткені білім ордаларындағы тілдің әлеуеті бір ізге қойылмай, мемлекеттік қызмет секілді биік мінберлердегі сапа өзгермейді. Сондықтан жаңаша көзқарас, мүмкіндік, әдістеме қажет. Әлемдік тәжірибеде мәдени, гуманитарлық сипаттағы ұйымдар эндаумент қорлар арқылы жұмыс істейді. Қоғам қызметін одан әрі жандандыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен осы тәжірибені енгізіп жатырмыз. Айта кетерлігі, алғаш болып Мемлекет басшысы өз атынан үлесін қосты, – деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Жалпы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып келеді. Осы ретте Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп әртүрлі әлеуметтік топтардың, оның ішінде жастардың арасында тіл тазалығын сақтау үшін оқу және жазу сауаттылығын арттыруға арналған іс-шаралардың қажеттілігіне ерекше тоқталды.
– Тіл – өзіндік жандық сипаты бар тұрақты дамушы. Өкінішке қарай, біздің жастар легі қазір «ә», «ң» әрпін құрбандыққа шалып жүр. Көп жағдайда оны «а», «н» әрпімен айтады, жазады. Әр әріптің өзіндік бояу, ырғағы бар. Қазір жасанды интеллектінің дәуірі. Сондықтан оның миына жазылатын қазақ тілінің мәселесін жедел шешіп алуымыз керек. Әр ұлттың өзінің тілдік бояуын сақтайтындай цифрлық қазан қалыптастыру қажет. Платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейткен дұрыс, – деді ол.
Елімізді мекен ететін өзге этнос өкілдері қазақ тілін қосымша үйрену үшін Ассамблея аясындағы орталықтарға жүгінеді. Яғни бас қосу платформасы бар. Енді оның мазмұнын байыта түсу үшін екі жақ уағдаластықтың жаңа деңгейіне қадам басты. Тараптар бұл бірлескен жоба мемлекеттік тілдің біріктіруші әлеуетін көтеруге, қазақ тілінің этносаралық қатынас тіліне айналуына одан әрі ықпал ететініне сенім білдірді.
– Меморандум аясында бізде жоспарда көп іс-шара бар. Әрине, бірінші кезекте – Мемлекет басшысының берген нақты тапсырмасы. Яғни болашақта қазақ тілі мемлекеттік ұлтаралық тілге айналуға тиіс деген бағыттың тұжырымдамасында нақты қадамдар жасайтын боламыз, – деді Сенат депутаты Геннадий Шиповских.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева «Тіл – кез келген елдің тәуелсіздігін, егемендігін қамтамасыз ететін құрал» екенін баса айтты.
– Тіл арқылы халық дамиды. Тіл болмаса, ел болмайды. Осыдан 15-20 жыл бұрын қазақ тілінде сөйлейтін біз сияқты өзге этнос өкілдері саусақпен санарлық еді. Күннен-күнге, жылдан-жылға өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі артып келеді. Біз үшін бұл – өте қуанарлық жағдай, – деді депутат.