• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Таным 22 Ақпан, 2024

Түсініксіздік теоремасы

101 рет
көрсетілді

Испан философы Хосе Ортега Гассет «Өнердің дегеманизиялануы» еңбегінде өнердің ХХ ғасырға дейін ғана жалпыға түсінікті болғанын айта келіп, кейінгі жүзжылдықта оның этика және эстетикалық сипатынан ажырай бастағанын баяндайды. Бұрынғы заманда аса қатты бағаланатын сұлулық, ізгілік секілді адами қасиеттер жаңа дәуірдің талғам таразысында мүлдем салмағы болмай шықты. Классикалық өнер иелерінің адам эмоциясымен ойнау тәсілін модернистер әйнек бетін қасақана қырнағанда автоматты түрде туатын тітіркенуге ғана балап, оны барып тұрған әділетсіздікке балады. Осы арқылы олар өз туындыларын ойын ретінде ғана қабылдап, онда ешбір адами сезімді, тіпті адамның өзін көрсетпеуді мақсат тұтты. Ал Х.Гассеттің «Адамшылық аяқталған жерден ақындық басталады» деген пікірі санаңызды тіптен сапырып түсуі мүмкін. Енді ойланып көрейікші. Қазіргі қазақ әдебиетінде де белең алып жатқан осы үдеріс адамзат санасының жаңа дағдарысына әкеліп соқпай ма екен?

Өнердегі дегуманизацияның негізгі сипатының бірі – түсі­нік­сіздік. Құралы – абстракция. Айталық, Альфред Мани­си­рердің «Минус он екі градус» картинасы – пішінсіз жа­сыл-күлгін және қара дақтар ая­сын­дағы сары шаршылар мен үшбұрыштардың жиынтығы. Микроскоп астындағы топырақ құры­лымына ұқсас «Солтүстік-батыс ағысы» картинасы да осы ыңғайда салынған. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл бағытта қалам тербейтін авторлар адам болмысы мен көзқарасынан саналы түрде бас тартады. Рафаэль Альбертидің «Мiss X» өлеңінде ешқандай жеке қасірет көрінбейді. «Күн электрошокерден өлді. Ай күйіп кетті» деп аяқталатын «қызық» шығар­масында қайғы автордың өзінде емес, объектілерде. Ал Италия  ақыны Филиппо Мари­­нетти футуристік мани­­фестінде мынадай мәлім­деме жасайды: «Біз үшін адамның азап шегуі қысқа тұйықталудан кейінгі шамның азап шегуінен артық емес».

Ал ХІХ ғасырға дейін көр­кем өнер өмір шындығынан ешқашан алыс кетпеді деп айта аламыз. Қалам иеле­рі­нің негізгі нысанасы адамның өзі болды. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, сол дәуірдегі романтизм мен натурализмді асқан шынайылық байланыстырады. Мұндай өнер туындыларынан ләззат алу үшін академиялық білім мен шығармашылық көзқарастың болуы міндетті емес. Бар болғаны қарапа­йым қабыл­дау мен сезімталдығы­­ңыз жет­кілікті. Осы ретте ХІХ ғасыр өнер туын­ды­ларының бұ­қара арасында неліктен сонша танымал болғанын түсінуге бола­ды. Ол қарапайым әрі түсінікті ­болды.

Ендігі жерде эстетиканың негізгі категориясы – өнердің халықтығы турасында ой қозғап көрейік. Рас, қалың бұқара өнерді түсінікті формада ғана қабылдай алады. Оны ол үшін айыптай беруге болмайды. Сайып келгенде өнер автор үшін емес, халық үшін жасалады. Осы бір ойымызды Алексей Толстойдың мына сөзімен қуаттай аламыз. Ол айтады: «Сізді, жазушыны, елсіз аралға тастап кетті делік. Мәселен, соңғы күніңізге дейін адам баласын көрмейтініңізге және жазғаныңыздың ешқайсысы жа­рық көрмейтініне сенімдісіз делік. Сіз сонда да роман, драма немесе өлең жазасыз ба?».  Жауап­ты сұрақ қоюшының өзі береді: «Әрине, жазбайсыз, өйт­кені шығармашылық үшін керек екін­ші полюс – оқырман». Сол себепті автор қауымының аузын­да жиі жүретін «түсінбесең, өзің­нен­ көр» «концепциясының» тым ода­ғай түсінік екеніне көзіміз жетеді.

«Ақиқат – қашанда қарапайым, өтірік – қашанда күрделі», дейді Лев Толстой. Қадірлі оқырман, мұндағы «қарапайым» сөзін «қарабайыр» сөзімен шатастырып алмасаңыз екен. Себебі екеуі екі түрлі ұғым. Қасиетті кітаптардың барлығы қарапайым тілде. Оны жетідегі бала оқыса да, жетпістегі дана оқыса да өз деңгейіне сай қабылдау үде­рісі жүре береді. Жалпы алғанда адамзат тарихындағы ғылыми техникалық үдеріс күнделікті өзгеріп, жаңарып отырғанымен, адамшылықтың алтын күмбезі қашанда бір мекенжайда. «Қағида, шариғаты өзгер­се де, Тағриф Алла еш жерде өзгермеді» дейтін Абай­дың тұғыр­лы тұжырымы осыны дәлел­­д­­ейді.

Ал әдебиеттанушы Юрий Борьевтің айтуынша, тұлғаның гуманистік бағыт-бағдардан және өзін-өзі бағалаудан тыс өсуі қоғамның, адамның мүд­делеріне қайшы келіп, қор­қы­нышты құбылысқа айналады. Характердің өзімшілдік негізде ғана дамуы адамдағы бүкіл ада­ми құндылықтың жойылуына әкеліп соғады. Бұған М.Булгаковтың «Ит жүрегі», америкалық фантаст Д.Шелинг­тің «Таңғажайып бала» шығар­малары дәлел.

Қош, көркем өнердегі дегу­ма­­низацияның қаншалықты қауіпті яки қауіпсіз екенін оқыр­ман санасына қалдырамыз. Ал біз ойы­мызды Темірхан Медет­бектің «Сауал» атты өлеңімен қорыт­қымыз келеді. Онда «жол үстінде бүлік салып, шырқырап», бой бермей жатқан тентек баласын анасы өз бетінше тұрған ақын­ды көрсетіп, «жылағаныңды қоймасаң, ана көке алып кетеді» деп қорқытады.

«Уақыттан, осы өмірден жаралған,

Бұл сауалға жауапты мен таба алман:

Неге біздер, неге біздер адамды

Тумай жатып қорқытамыз адамнан?..»