Күн сайын мегаполисте мыңға жетеқабыл науқас ауруханаға жедел жеткізіліп, сәт сайын күрделі операция жасалынып жатады. Алайда кейде дәрігерлерге аса күрделі операцияларды немесе бір науқасқа бірнеше операцияны қатар жасауға тура келеді. Осы жолы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургтері ыдыс жуатын химиялық тазартқышты ішіп қойып, тамағы қатты күйіп қалған үш жасар қыздың өңешін тоқішегімен алмастырды.
Өкінішке қарай, ата-анасы, үйдегі ересек адамдар қауіпті химиялық, ыстық немесе тұрмыстық заттарды дұрыс сақтамаудың салдарынан кішкентай балалардың тамағы, асқазаны күйіп қалатын оқиғалар аз емес. Осының кесірінен балалардың 70-80%-да өңеш тыртығы пайда болып, тарылады. Өңеш тыртығы тарылған балаларға алғашқы кезде гастростома салынып, жіппен, арнайы буж арқылы ұзақ уақыт сүмбілейді. Бірақ 20-30% жағдайда өңеш бойы түгел тыртықтанғандықтан, сүмбілеу әдісін қолдану қиын. Осының салдарынан кейбір балалар мүгедектікке душар болса, кейде көз жұматын кездері де болады.
Ал жыл сайын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына еліміздің әр өңірінен өңешіне зақым келген 100-ден аса бала келіп түседі. Сол сияқты жуырда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына Қызылорда облысынан «өңештің күйіктен кейінгі тыртықты тарылуы» диагнозымен 3 жасар қыз бала шұғыл жеткізілген еді. Есі кірмеген сәби «Чистый казан» деген сұйықтықты ішіп қойған. Күйіктен баланың өңеш саңылауы толығымен тыртықтанып қалғандықтан, бастапқыда ол іштің алдыңғы қабырғасынан шығарылған асқазандағы арнайы түтік арқылы тамақтандырылған. Сондықтан клиникада өңешті толығымен тоқ ішекпен алмастыру операциясын жасауға тура келді. Жылына орта есеппен дәл осындай 6-7 операция әртүрлі әдісті қолдана отырып жасалады.
Бұл операцияның бірегейлігі – мамандар ас өтпейтін өңешті тоқ ішекпен алмастырды. Операция 6 сағатқа созылып, тоқ ішектің бір бөлігі кеуде қуысы арқылы жүргізіліп, мойындағы өңештің жұтқыншақ бөлігімен жалғастырылды. Мұндай операциялар зергерлік дәлдік пен үлкен машықты талап ететіндіктен, операцияны үш бірдей білікті хирург – хирургия бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Қалабаева, Нұржан Афлатонов пен Нышанбек Шыланбаев жасады.
Қазіргі таңда Мадина есімді кішкентай пациенттің денсаулығы дұрысталды, дәрігерлердің жоспарлы бақылауында тұр. Өңештің қызметін енді тоқ ішектің бір бөлшегі атқара алатындықтан, өздігінен тамақтана алады.
Жалпы, жыл сайын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында еліміздің әр өңірінен келген, ас қорыту жолдарында туабітті мен және жүре келе пайда болған аурулары бар 400-ден аса балаға күрделі операция жасалады. Мамандар тұрмыстық химиялық заттардың дұрыс сақталмауынан, есі әлі кірмеген балалар ішіп қойып, жоғарыдағыдай ауыр диагноздарға душар болып жатқанын айтады.
АЛМАТЫ