Өмір болған соң, кейбіреудің басында нәпақасын тауып отырған жұмысынан әртүрлі себеппен шығып қалатын жағдайлар болады. Бірақ ондай азаматтардың да құқығы қорғалып, белгілі бір деңгейде мемлекеттің қамқорлығына алынады. Мұның бір айғағы – жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдер.
Биылғы 1 ақпандағы дерекке сүйенсек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 79,1 мың адамға жетті. Бұл ретте биыл 25 мың адамға аталған төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 5,7 млрд теңгені құрады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен беріледі. Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге eGov.kz порталында өтінімді жіберу қажет. Оларға бір күн ішінде тұрғылықты жеріндегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұл қызметті онлайн режімінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және бұл жұмыссыз адамды жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
Мемлекет басшысының 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында былтырдан бастап жоғалған табысты алмастыру коэффициенті 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте төлем тағайындаудың ағымдағы тәртібі сақталды және жұмысынан айырылған және жұмыссыз мәртебесін алған әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға ғана қолданылады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты. Бұл жұмыссыздарды тіркеу және азаматтардың жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.