Өткен жылы 10 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойғаны белгілі. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында аталған құжатта көрсетілген негізгі құқықтық тетіктердің бірі – желідегі жарнаманы таңбалау міндеттемесі жайында пікір білдірді.
Сала басшысының айтуынша, заң жобасы елімізде қауіпсіз онлайн орта құруға бағытталған. «Біз зерттеген халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жетекші елдер онлайн-жарнаманың маңызды рөліне және оны онлайн-платформаларда көрсету тетіктеріне ерекше назар аударады. Сонымен қатар онлайн-жарнаманың ашықтығын арттыруға бағытталған талаптарды көздейді. «Әділет» порталында желідегі жарнаманы таңбалау ережелерін белгілейтін бұйрық жарияланды», деді Аида Балаева.
Министр бұл ережелер бизнеске әсер ету үшін оң бағаланғанын және толығымен еліміздің онлайн сегментінде кең таралған қазіргі тәжірибеге негізделгенін атап өткен. Осы ережелерді қалыптастыру кезінде коммерциялық негізде орналастырылған контентті өз бетінше белгілейтін медиа-субъектілер тәжірибесіне сүйенгенін тілге тиек еткен ол өз кезегінде осы трендті елдің бүкіл интернет кеңістігіне тарату жөн деп есептейді.
Аида Балаева осы ережеге сәйкес инфлюенсерлер (блогерлер) коммерциялық немесе шарттық негізде орналастыратын онлайн-жарнаманы таңбалауға тиіс екенін айтады. Олар жарияланымның басында немесе соңында онлайн ортада белсенді қолданылатын төмендегідей тұжырымдардың бірін көрсетуі керек. Министр бұдан әрі «жарнама»; «жарнамалық материал»; «серіктестік материал»; «демеушілік материал»; «жарнама құқығында»; «демеушімен төленген»; «PR құқығында» секілді таңбалар тізбесін ұсынды.
«Әлеуметтік жарнаманы (қайырымдылық және коммерциялық емес сипаттағы басқа да қоғамдық пайдалы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған) және жедел хабар алмасу қызметтерінде (мессенджерлер) орналастырылатын жарнаманы белгілеудің қажеті жоқ», деп атап өтті министр.
Айта кетсек, аталған ережелер осы жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енбек.