Айтыс пен поэзия өнерінде сөздің сүбелісін, өлеңнің өрнектісін, ойдың ордалысын бойына жиған ақын Аспанбек Шұғатайдың «Баян. Мен. Таулар» кітабының тұсауы кесілді.
Ертіс-Баян өңірінің өлеңсүйер қауымы айтыскер ақынның ерекше шығармашылық кешіне куә болды. Жаңа кітап – 150-ге жуық жеке-дара өлең-шумақтан тұратын біртұтас портреттік поэма. Мұнда осыншама тарихи тұлғаның, тау тұлғаның бейнесі өлеңмен бедерленген. Автор тау-тұлғаларды жырлап қана қоймай, өткінші өмірдің қадірін білуге үндеп, жалған дүниенің мәні – ата-бабалардай ұлтқа қызмет ету, халыққа пайда тигізу екенін ұқтыра түседі.
Кітаптың тағы бір ерекшелігі – өлеңге арқау болған әр тұлғаның суреті қоса берілген. Суреттерді салған – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабаев.
Аспанбек ақын «Баян. Мен. Таулар» кітабында қазақтың қара өлеңіне тән кестелі тілді, ойлы тіркестерді молынан қолданған.
Кеште Аспанбек ақын Бұқар жырау Қалқаманұлына, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына, Сұлтанмахмұт Торайғырұлына арналған өлеңдерін, ғазалдарын оқыды. Ал жыр кітабының тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы мен Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының құрметті азаматы, кітап кейіпкерлерінің бірі – Мұрат Рахметов кесті.
«Бұл кітап – Аспанбектің үнемі ізденетінінің, талмай еңбектеніп, әрқашан ой арқалап жүретінінің дәлелі», деп атап өтті Дәулеткерей Кәпұлы.
ПАВЛОДАР