Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті. Жүздесу барысында Ерлан Қошанов Қытайдың Қазақстан үшін жақын көрші әрі сенімді дос мемлекет екенін атап өтті.
«Біз 2022 жылғы қыркүйекте ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары барысында елдеріміздің басшылары бастаған ынтымақтастығымыздың жаңа «алтын 30 жылдығында» мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігімізді одан әрі нығайтуға мүдделіміз», деді Мәжіліс спикері. Ол сондай-ақ екі ел арасындағы парламентаралық және партияаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне мән берді.
Өз кезегінде Төтенше және өкілетті елші Чжан Сяо Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 32 жыл толғанын және қазіргі уақыттың осы жылдар ішіндегі жарқын кезеңдердің бірі екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстандағы саяси және экономикалық реформаларға назар аударды.
«Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды экономикалық реформалар жүргізу жөніндегі бастамаларын толық қолдаймыз. Барлық саладағы өзара тиімді екіжақты ынтымақтастығымызды тереңдету және дамыту да осы мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді деп ойлаймын», деді елші.
Тараптар экономикалық, сауда, гуманитарлық байланыстарды нығайту және алдағы Қазақстанның Қытайдағы туризм жылын өткізу мәселелерін талқылады.