Қазақстан суперкубогінің иегері анықталды. Финалдық сайыста Шымкенттің «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобыл» клубтары күш сынасты.
Оңтүстіктің оғландары былтырғы маусымда Қазақстан чемпионы атанса, қостанайлықтар кубокті иеленді. Ел футболы тарихында аталған жарыстың финалы тұңғыш рет өзімізде емес, өзге мемлекетте, яғни Түркияның Анталия қаласындағы «Титаник Мардан» стадионында өтті. Бірінші таймның соңғы секундтарында Асхат Тағыбергеннің бұрыштамадан берген добын Евгений Макаренко қақпаға дәл түсірді. Үзілістен кейін «Тобыл» таразы басын теңестірді. Бұл голды 65-минутта Иван Миладинович салды. Есеп – 1:1. Пенальти соғуда «Тобылдың» ойыншылары дәлдік танытты – 5:4. Сөйтіп, Қостанайдың командасы өз тарихында үшінші мәрте Суперкубокті иеленіп отыр. Ал «Ордабасы» қатарынан екінші рет финалда жеңіліс тапты. Былтыр олар шешуші матчта «Астанаға» есе жіберген еді.
Суперкубокті олжалаған командаға 60 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі. Шешуші матчта жеңіліс тапқан клубтың ойыншылары да құрқол қайтпады. Олар 40 млн-ды еншіледі.