12-18 наурыз аралығында Сербияның астанасы Белградта бокстан халықаралық турнирдің жалауы желбірейді.
Аталған жарыста Қазақстан құрама командасының мүшелері барлық 13 салмақ дәрежесінде күш сынасады. Солардың арасында әлем және Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай (51 кг) мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов (67 кг) сынды сайыпқырандар бар. Өзге салмақ дәрежелерінде Ернұр Қайрат (48 кг), Дәулет Молдашев (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Жексен Бейбарыс (57 кг), Ерасыл Таңқай (63,5 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Темірлан Мұқатаев (86 кг), Данияр Рахымбердиев (92 кг) және Дамир Тойбай (+92 кг) жұдырықтасады. Бұл жігіттер де осал емес. Олардың дені кезінде жастар арасындағы әлем және құрлық біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтеріліп, бұл күндері еліміздің бірінші нөмірлі боксшыларына лайықты қарсылас атанып жүр.