• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 27 Ақпан, 2024

Бояу өндіру неге баяу?

211 рет
көрсетілді

Көктем шығысымен құрылыс науқанының басталатыны белгілі. Жағдайы жеткендер үй соғады, қаржысы аз жандар уақытша баспана тұрғызады. Тіпті жоқ дегенде үй ішін ақтап-сырлап алатынымыз анық. Әйтеуір, қарап жатпай қам қылатын халықтың көбі құрылыс базарының саудасын жүргізіп жатпайтын ба еді?..

153 өндіріс. Аз ба, көп пе?

Құрылыстың ажарын аша­тын бір дүние бар. Ол – түрлі түсті бояу. Есік пен терезе, еден мен төбенің түсін беретін лак пен бояу, құрылыста әрлеу немесе коррозиядан қор­ғау үшін ғана емес, көркемдік-эсте­тикалық жағынан да маңы­зы ерекше.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Өнер­кәсіп комитеті берген мәліметке сүйенсек, Қазақстанда лак, бояу немесе эмульсия шығаратын шамамен 150-ден астам компания бар. Бұл – химиялық өндіріс бо­йынша халық сұранысының үш па­йызын ғана қанағаттан­ды­ра­ды. Елдегі осы өндірісте та­нымал өндірушілер қатары­на «Alina Paint», «Концерн Бакарасов», «Алматы бояулары», «Smash ltd», «Белый дом», «Nanotech Paints», «Мус­танг-декор», «Тикку­­рила», «Радуга», «Лакра», «Brozex», «Скиф», «Казкомплекстрой», «БСФ», «Gamilon kz», «ЛКП АЛРИ» және «Саған colour», т.б. жауап­кершілігі шек­­теу­лі серіктес­тіктері жатады. Айта кетейік, бұлардың ба­сым көпшілігі Алматы облысын­да орналасқан.

Тағы бір нақты ақпарат, бізге импортталатын тауардың (бояу) басым көпшілігі Ресей мемлекетінен (39%) келеді. Одан кейінгі орында Польша (10%), Германия (8%), Италия (6%), Түркия (5%) тұр. Бір қызығы, әлемдік сауда нарығында жетекші рөл алатын қытайлықтардың бояуы соңғы орында (4%). Тұтынушылар тарапынан сұраныс соншалықты көп емес.

Жоғарыда айтқандай, елдегі бояу өндірісіндегі зауыттар мен цехтар көбіне-көп шикізатқа тәуелді. Әсіресе химиялық қоспалардың барлығы дер­лік шет мемлекеттерден келеді.

 

Қауіпсіздік бояу бағасынан төмен бе?

Озық технологиялар арқылы өнім шығаратын «Алматы бояулары» ЖШС жылына 5 мың тонна лак-бояу мен 6 мың тонна термоплас­тик өндіреді. Зауыт Талдықорған қаласында орналасқан. Кәсіпорынға қажетті инфрақұрылымның барлығы тар­тылған. Тек өндіріс басшы­лы­ғы мем­лекеттің отандық тауар өндіру­ші­лерді барынша қолдау керектігін ай­тады.

– Біздің өнімдердің барлығы жаңа технологиялардың көмегімен өндірі­ле­ді. Сонымен қатар сапа менеджменті жүйесіне сәйкес сертификаттарымыз бар. Бізге тек қазіргі нарықтық сауда жүйесіндегі өзіміздің дүкен сөре­ле­рінде отандық өнімнің сатылуына жағ­дай жасау керек, – дейді зауыт дирек­торының орынбасары Римма Салықова.

Орынбасардың айтуынша, тағы бір мәселе – шикізат тапшылығы. Сапалы әрі уақтылы бояу әзірлеу үшін жақын ай­мақ­тардан жеткілікті деңгейде шикі­зат керек.

– Біз барлық шикізатты мейлінше жергілікті өндірушілерден алуға тырысамыз. Алайда Германия, Ресейден келетін химиялық шикізаттар бар. Өйт­кені олар бізде өндірілмейді. Амал жоқ, шетелге қараймыз. Сол үшін біз ұдайы жергілікті өндірушілерді атал­­ған шикізаттарды өндіруге ұсы­­ныс айтып келеміз. Мысалы, Қа­зақ­станда еріткіш су (растворитель) өндірілмейді. Ал оған сұраныс жоға­ры. Біз оны Ресейден алып келуге мәж­бүрміз. Неге сол қоспаларды өн­дір­­меске? Екіншіден, мемлекеттік са­тып алулардың талаптары қиын. Біз кейде сайтқа кіріп, өзіміздің отандық өнімді орналастыра алмай жатамыз. Ал мемлекеттік сатып алудағы талапты білесіз, ең төмен бағадағы өнімдер алы­нады. Әрине, оның сапасына да ешкім кепілдік бермейді. Ал біздің өнім­дер өте сапалы әрі бағасы да орташа. Аса қымбат деп айтуға келмейді, – дейді ол.

15 жылдан бері үздіксіз жұмыс іс­теп келе жатқан «Алматы бояулары» кәсіпорны өз жұмысшыларын әрдайым арнайы курстардан өткізіп, шеберлігін шыңдап отырады. Маусымдық кезеңде 100-ге жуық адамды жұмыспен қам­ти­тын зауыт қыс айларында жұмыс күшін азайтатынын мойындап отыр. Өйткені құрылыстың қызар шағы – көк­тем мен жаз айлары. Тауарға сұра­ныс та сол уақытта көбейеді.

– Бізде зауытқа сұраныс көп түсетін мезгілде 100-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Білесіз, жолдарды көбіне-көп көк­темде сырлай бастайды. Қыста жұ­мыс болмайды. Енді осы жүз адам­ды үздіксіз жұмыспен қамтып отыру үшін, әрине, сұраныс керек. Сұраныс болу үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысуым қажет. Сол үшін жергілікті өндіріске басымдық берілсе екен дейміз. Неге десеңіздер, бізде жұмыс істеп, отбасын асырап отырғандар баршылық. Жалпы, жыл сайын Қазақстандағы барлық жолға кететін бояу көлемі 5 мың тоннадан асады. Біз ол көлемді емін-еркін игере аламыз. Бірақ отандық өнімге сұраныс жоқ. Әлгінде айтып кеттім, бізде сертификаттар да бар. Технолог мамандарымыздың тәжіри­бе жинақтау мақсатымен Аустрия, Гер­мания, Түркия, Ресейде оқуына жағдай жасадық. Біз алғаш жұмысты аустриялықтармен баста­ған­­быз. Батыста бірінші өнімнің баға­сы­на емес, сапасына назар аударады. Бізде керісінше. Шетелде арзан деген түсінік жоқ, арзан деген сапасыз деген сөз. Мысалы, олар жолға қажет бояулардың бірінші бағасына емес, са­пасына мән береді. Өйткені жол қате­лікті кешірмейді. Қауіпсіздік ма­ңыз­ды. Тағы қайталап айтамын, біздегі тапсырыс аясында барлық бояуды барынша арзан беру керек. Жолға сапалы бояу қолдану керектігін білсе де мән бермейді. Әзірге қауіпсіздік бағасы бояудың бағасынан төмен болып тұр. Мен екі негізгі мәселені айт­тым. Басқа анау айтарлықтай қиын­дық­тар жоқ, – деп түйіндеді сөзін Р.Салықова.

 

Құйылмалы бояу көп

Осы кәсіптің басы-қасында жүр­ген­­дердің айтуынша, Қазақстанда да­йын­да­латын бояудың көбісі құйыл­малы. Дұрысы, шетелден әкеліп, арна­йы ыдысқа құйылып, отандық өнім болып сатыла береді.

– 2020 жылы күзде өз кәсіпорны­мызды іске қостық. Бірақ сол уа­қыт­тағы пандемия кесірі, одан кейінгі Ресей мен Украина арасындағы жағдай біздің өндіріске әсер етпей қоймады. Сонда да жұмысты тоқтатқанымыз жоқ. Алдағы көктемде зауыт жұмысы тіп­тен қарқын алады деп ойлаймын. Соған мақсат қойып, жұмыс жүр­гізудеміз. Жылына 2 500-5 000 литр бояу шығарамыз деген жос­парымыз бар. Өнімнің негізгі шикізаты – су мен кальций кар­бонаты. Бұл – өзімізден табылатын заттар. Ал арнайы химиялық қоспалар мен түс беретін заттарды шетелден алдырамыз. Зауыттың құрал-жабдықтары Канада елінен келген. 10-нан астам адам жұмыс істейді, – дейді «Баумастер Интернэшнл» ЖШС басшысы Серікбай Шәпиұлы.

Зауыт басшысының айтуынша, бұл өндіріспен жұмыс істеу қиын. Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, әр өңірден кемінде 10-нан аса шағын цех салуға болады. Ал қазірге бояу дайындайтын цехтардың көбісі тек сырттан келетін дайын өнімді шағын ыдысқа құйып, арнайы баспадан шыққан қағаз қаптамасын орап, сатылымға шығара береді.

Айта кетейік, аталған кәсіпорын алдағы уақытта жол үсті белгілеріне қажет­ті және көлік шамымен шағы­лы­сатын арнайы бояу түрлерін де дайындамаққа бел буып отыр.

 

Өңірде алғаш рет...

Лак-бояу өндірісіне қатысты ком­па­ниялардың басым көпшілігі Ал­ма­тыда орналасқан дедік. Ал кей­бір өңірлерде мұндай жоба енді қолға алынып жатыр. Соның бірі – Қызылорда облысы. Жаңа жылдан бастап қызылордалық тұрғын Айдос Амангелдиев мемлекеттік қол­дау арқылы құрылысқа қажетті су-эмульсиялы бояуын шығара бастады.

– «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы» арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант ұттым. Қаржы көлемі – 5 млн теңге. Бұған Алматы қаласынан арнайы қондырғы мен жабдығын алып, ғимарат жалдау арқылы шағын цех аштық. Эмульсияға қажетті шикізат пен түрлі қоспаны да Алматыдан алдырамыз. Қазір тап­сырыс аясында жұмыс бастап кет­тік. Өнім әзірге қала орталығы мен облысқа қарасты аудандарға тарайды. Қосымша жергілікті құрылыс компанияларымен де келісім жүргізіп жатырмыз, – дейді «Дос групп» жеке кәсіпкерлігінің иесі А.Амангелдиев.

Айдос құрған цех үш түрлі эмульсия дайындайды. Біріншісі – ішкі бөлмелерге, енді бір түрі – үй сыртын әрлеуге арналған. Сондай-ақ қабырға немесе төбеге жағылған эмульсия кір­леген уақытта жууға арналған түрі де бар екен. Кәсіпкер алдағы уа­қытта жол белгілеріне және үй жағ­дайына қа­жет түрлі түсті бояу өндірісін де іске қос­­пақшы.

Тәуелсіздіктен бері қарай отандық кәсіпкерлердің үле­сі артқанын білеміз. Дей тұрғанмен де дәл осы химиялық өнім шығару бағытында кенже қалғанымыз өтірік емес. Бояу шығаруда баяулық бар. Ал бұған ынталы топқа мемлекет дем берсе, істі дөңгелететіндер де жоқ емесін бай­қадық.