• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Ақпан, 2024

Ауылдарда медицина объектілерінің құрылысы кешіктіріліп жатыр. Мәселе Үкіметте қаралды

92 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды, деп жазады Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлттық жоба 655 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанын (медициналық пунктілер, фельдшерлік-акушерлік пункт, дәрігерлік амбулаториялар) салуды, 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғыртуды, сондай-ақ ауылдағы денсаулық сақтау нысандары үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлауды көздейтінін атап өтті.

Бүгінгі таңда 92 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы аяқталған, 7 медициналық мекеме бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, жыл соңына дейін тағы 556 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаның қалған бағыттары бойынша қажетті рәсімдер мен процестер жүріп жатыр.

Олжас Бектеновтың айтуынша, қазіргі уақытта жобалардың сараптамасы кешіктіріліп жатыр. Бұдан басқа Ұлытау және Қостанай облыстарында объектілерді салу мерзімдері ауысты.

Аталған мәселелер бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, сондай-ақ өңірлер әкімдері Берік Әбдіғалиұлы мен Құмар Ақсақалов түсініктеме берді.

Олжас Бектенов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру мәселесі Үкіметте бірнеше рет қаралғанын, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ екеніне тоқталды.

«Өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған еді. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Сондықтан ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды», деді Премьер-министр. 

Үкімет басшысының айтуынша, былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді, бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Жалпы биыл 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр.

«Құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді. Әлі күнге дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Сондай-ақ оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады», деді Үкімет басшысы. 

Оған қоса Олжас Бектенов ұлттық жоба үшін жиһаз және құрылыс материалдарын жеткізуге отандық өндірушілерді тарту қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге тиіс. 

«Өткен аптада ғана жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Әбдікәрімова Салтанат «Самұрық-Қазына» қорының тауар сатып алу саясатын сынға алып, конкурстарда шикіліктің барын айтып, шағымданды. Мен кәсіпкерлердің пікірін қолдаймын. Біз осы саладағы жағдайды түбегейлі өзгертіп, отандық өндірушілерді қолдау жүйесін құруға тиіспіз», деді Премьер-министр. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы Ұлттық жоба бойынша жағдайды жақсарту үшін жұмыс қарқынын барынша күшейту қажеттігін айтты. Атап айтқанда, әрбір объектінің құрылысын құжаттарды дайындау, қаржыландыру кезеңінен бастап, уақытылы тапсырғанға дейін күнделікті бақылауға алу қажет. Сондай-ақ медициналық жабдықтармен және персоналмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс. 

Үкімет басшысы облыс әкімдіктеріне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1 сәуірге дейін жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтауды тапсырды.

«Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер жобаларды қаржыландыру мәселесін жедел шешуге тиіс», деп түйіндеді Олжас Бектенов.