Биыл ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайреткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойы. Осы жылдарға дейін музей қорында Сәкеннің еңбектерінен бөлек, жеке қолданылған заттары да сақталған. Соның бірі – алтынмен апталған бағалы қалта сағаты.
1936 жылы Қазақстан Жазушылар одағында Сәкен Сейфуллиннің әдеби және коғамдық қызметіне 20 жыл толуына орай салтанатты кеш өтіп, аталған жиында өкімет ардақты азаматты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттап, алтынмен апталған қалта сағат сыйлайды. Ақын өмірден озғаннан кейін жары Гүлбаһрам оның жеке заттарын мұқият сақтаған. Қазіргі таңда сағат елордадағы ақын музейінде сақтаулы тұр. Бағалы алтын жәдігердің салмағы – 100 гр. Қалта сағатының бір ерекшелігі – қайраткердің есімі үстіңгі жағына бедерленіп жазылған.
Құнды жәдігер қазіргі «H.Moser & Cie» швейцариялық брендіне тиесілі. Жылына компания бар болғаны 1 200 сағат шығарады. Бұл бренд сағаттарының құндылығы арта беретінін көрсетеді.
Нұрай АСЫЛБЕК,
Astana IT университетінің студенті