Бүгінде Ұлттық спорт қауымдастығының Асық ату федерациясы Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Еліміздің бірнеше өңірінен келген ұлттық құрама сапындағы спортшылар 12 күн бойы шеберліктерін шыңдайды.
Биыл 8 қыркүйекте Астанада V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының алауы тұтанатыны белгілі. Жауапты жарысқа тыңғылықты даярлану мақсатында аталған федерацияның мүшелері дайындық жұмыстарын Алатау баурайында өткізуді жөн көрген екен. Қазіргі кезде Армияшылардың орталық спорт клубының (АОСК) базасында 37 спортшы шеберліктерін шыңдап жатыр. Олардың 20-сы – асықшы жігіттер, ал 11-і – бесасықшы қыздар.
– Алғашқы оқу-жаттығу жиынымыз сәтті өтіп жатыр, – деп бастады өз әңгімесін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы. – Әсем шаһар Алматыда еш алаңсыз даярлануымызға барлық жағдай жасалды. Алдымызда әлі Шымкент пен Көкшетау қалалары және Қырғызстанның Шолпан-Атасы мен Түркияның Анталиясында өтетін төрт жиын бар. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында құрамамыз ел намысын абыроймен қорғап, асық ату мен бес асықтан топ жарады деп сенеміз. Дүбірлі додада қырғыздың ордо ойынынан да сайысқа түсеміз. Сондықтан Шолпан-Атаға сапар шеккенде қырғыздардың төл өнерінің қыр-сырына әбден қанығуды көздеп отырмыз.
Асық атудан Павлодар облысының аға жаттықтырушысы, әлем және Еуразия кубогінің жеңімпазы, «Алтын тұғыр» иегері Қалибек Қуанұлы күн өткен сайын құрама мүшелерінің шеберліктері шыңдалып келе жатқанын айтты.
– Дайындығымыз жақсы. Жерлестеріміздің арасынан бас жүлдеден үміткер мына спортшы деп ешкімді бөле-жара атағым келмейді. Бәрінің деңгейі бірдей. Ең бастысы, олардың физикалық дайындықтарын психологиялық тұрғыдан да пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мақсатымыз – Әлем кубогі, әлем және Азия чемпионаты және Көшпелілер ойындарында үздіктер қатарынан көріну, – дейді ол.
Дүбірлі додаға дайындықтарын пысықтап жатқандардың қатарында Ақмола облысынан келген бесасықшы Көгершін Думан да бар. Ол – Көкшетаудағы жоғары медициналық колледжінің төртінші курс студенті. Көгершіннің бес асықпен айналысқанына бес жыл болды. Сол аралықта қазақ қызы Әлем және Қазақстан кубогінің иегері, Еуразия кубогінің күміс жүлдегері атанып үлгерді. Ол өз болашағын ұлттық спортпен байланыстырып, спорттық мансабын аяқтағаннан кейін бапкер болуды көздеп отыр.
Алатау баурайында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша алдағы уақытта өтетін халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын асықшылар анықталады.
Еске сала кетейік, республикалық «Асық ату» федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Тоғызқұмалақ», «Теңге ілу», «JORYQ» ат спорты федерациялары бар.