• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Ақпан, 2024

Бізге қандай стратегия қажет?

173 рет
көрсетілді

Еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары әзірленді. Басты бағдар – ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көлемін 450 млрд долларға жеткізу. Бұл үшін нақты 17 бағыт қамтылған. Маңызды құжат Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алаңында сарапқа салынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасына сүйене отырып, Стратегиялық даму және реформалар агенттігі (СЖжРА) ендігі бес жылда асар белесімізді жүйелеп шық­қан. Таяуда ғана құжат жобасы Ашық НҚА порталына жария­ланды.

– «Қазақстан-2029» ұлттық даму жоспары бүкілхалықтық тал­қылауға 5 ақпанда шыға­рылды. Сарапшылар қауым­дас­тығы тарапынан көптеген пікір мен ұсыныс келіп түсті. Құжатты әзірлеу кезінде мем­ле­кеттік органдарды ғана емес, қазақстандық және шетелдік сарапшыларды да тарттық. Қазір талқылаулар жүріп жатыр. Наурыздың басында мем­лекеттік органдармен ке­лі­су­дің үшінші кезеңін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Құжат әлі де пысықталады, – дейді Стратегиялық даму және реформалар агенттігі төрағасы Жандос Шаймарданов.

Мемлекеттің ұпайын тү­гел­дейтін маңызды құжат кез келген елде бар. Мұны жиын барысында Ұлттық банк бас­шысы, ҚСЗИ жанындағы экономикалық клуб төрағасы Тимур Сүлейменов тілге тиек етті.

– Бұған қоғам мен сарапшылар қауымдастығынан сұраныс өте жоғары. Бізге ортамерзімді сипаттағы стратегия қажет. Оның нәтижелерін алдағы жылдары сезінетініміз анық. Агенттік әзірлеген жобаға көптеген мемлекеттік орган мен сараптамалық қауымдастықтар сүбелі үлес қосты. Құжат таяуда ғана жария­ланды. Сан түрлі пікір мен идея бар. Сондықтан ҚСЗИ алаңында сындарлы ұсы­ныстарды пысықтау үшін барлық мүдделі сарап­шы­лар­дың басын қостық, – деді ол.

Институт директоры Еркін Тұқы­мовтың айтуынша, «Қазақ­стан-2029» ұлттық даму жоспарына жан-жақты тал­дау қажет.

– Президент елдің страте­гия­лық құжаттарын, оның ішінде жаңа эконо­микалық саясатты дайындауға сарап­та­малық қоғамдастықтың қа­тысуы маңызды екенін бір­не­ше рет айтты. Біз құжаттың халық мүддесіне қалай қызмет ететінін, мемлекеттің ендігі бағыт-бағдары қандай стратегиямен түзілетінін қарапайым тілмен түсіндіруіміз керек. Әсі­ресе, «Ішкі жалпы өнім және оны молайтудағы эконо­ми­каның нақты секторының көрсеткіштері қандай болады?», «Азаматтардың тұр­мысы қалай өзгереді?», «Әр отандасымыз білімге, медицинаға тең қолжеткізе ме?» деген секілді сауалдар төңірегінде біздің салмақты пікіріміз қажет, – деді сарапшы.

Құжатта «А» нүктесі ре­тін­де шикі­зат­қа тәуелділік, инвестиция ая­сының тар­лығы, кіріс пен шығыс арасындағы тең­сіздік секілді экономи­ка­ның өзекті проблемалары кірістірілген. «Visor Holding» ЖШС басқарушы директоры Алмас Чукин түйткілді шешу үшін өзі­міз­дің өндірістік қуа­ты­­мызды еселеуге иек артуы­мыз керек деп отыр.

– Салалар бойынша нақты мәсе­ле­лердің тізбесін жасақтап, оларды шешу жолын көрсетіп, қаржы көлемін айқын­да­уымыз қажет. Меніңше, оның екі жолы бар – не кірісті көбейту, не шығысты азайту. Яғни қолданбалы талдау жасап, тәуелді болатын модельді құру қажет. Осылайша, 2029 жылға қарай бюджеттің бағамын бағдарлаймыз, – деді экономист.

«Halyk Finance» АҚ бас­қарма төраға­сы­ның кеңес­ші­сі Мұрат Темірханов та шоғырландырылған бюджет құру идеясын қолдайды.

– Кейінгі 6-7 жылда төмен­деп келе жатқан өнім шығару көрсет­кіші­міз­ді сарапқа салу қажет. Сондай-ақ біз­де ірі жоба­лар­ға инвестиция тапшылығы ба­ғы бар. Себебі ішкі баға экспорттық баға­дан арзан. Бұған мемлекет араласуы керек. Алдымен бізге эко­номикада секіріс жасау үшін құрылымдық өзгерістер, нарық­тық экономиканың нақ­ты секторын құру қажет, – деді Мұрат Темірханов.

Бізде ІЖӨ құрылымының көп бөлігін шикізат экспорты құрайды. Тәуекел таяғының екі ұшы барын ескерсек, болашақта сарқылатын активтердің орнын толықтыратын резервтерге мән беру керек. Сондықтан алдағы бес жылда металл мен басқа да пайдалы қазба өндірісін 40%-ға ұлғайту көзделіп отыр. Бұл да жүйелі өзгерісті талап етеді.

– Бізде инвестициялық сая­сатты қайта қарау бойын­ша бірқатар ұсыныс бар. Инди­ка­торлар Қазақстандағы жағ­дай­ды көрсетпейді. Өйткені тәркіленген шоттар бес есе өсті. Жұмыс орындарын барынша белсенді түрде ашу қажет, – дейді «Ulagat Consulting Group» консалтингтік компаниясының директоры Марат Қайырленов.

Мәжіліс жанындағы Қо­ғам­­дық палата мүшесі Ерлан Смайыловтың айтуын­ша, ұлттық жоспардың орын­далуын Үкімет пен министр­лік­тер­дің KPI-не енгізу қажет. Өз кезегінде экономикалық клуб мүшелері сараптамалық талқылау барысында айтылған барлық ұсыныс пен ескертулер жұмысқа қабылданатынын жеткізді.