Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бейжіңге жұмыс сапары аясында ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесіп, жобаның жай-жапсарын талқылады. Бастама қызметі музей, кітапхана ісі, музыка және кино өнері, тіл үйрету сынды бағыттарға екпін береді деп жоспарланып отыр.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы достық, татулық және ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік қарым-қатынас белсенді дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ға ресми сапары аясында Си Цзиньпинмен кездесіп, 2022 жылы екі елге ортақ мәдени орталықтар құру туралы келісімге қол жеткізді. Елдер арасындағы мәдени диалогті дамытудағы бұл маңызды қадам мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастықты нығайтатыны анық.
«Қытай мен Қазақстан – ұзақ уақыттан бері стратегиялық одақтас, сондай-ақ барлық сала бойынша тығыз қарым-қатынас орнатқан серіктес. Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы татулықты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік негіз болды. Біз өз тарапымыздан орталықтың ашылуына қатысты барлық мәселені жедел шешуде барынша қолдау көрсетеміз», деді Сунь Ели.
Сапар барысында Қытайдағы Қазақстан орталығының мазмұндық тұжырымдамасы әзірленіп, ғимарат таңдауға қатысты ұйымдастырушылық мәселелер мен құқықтық аспектілер пысықталды. Сондай-ақ министрлер мәдениет саласындағы келісімдерге қол қою арқылы бірлескен жұмысты күшейтуді көздейді. Екі ведомствоның одан әрі байланысын арттыру үшін театр және концерттік ұжымдар арасындағы гастрольдер, көрмелер мен классикалық әдебиет туындыларын өзара аудару, басып шығару және тағы басқа жобалар қарастырылған.
А.Балаева Қазақстан үшін Қытайдан мұрағат материалдары мен мәдени мұраны қайтарудың маңызына тоқталды. Оған қоса цирк өнері мен хореография саласындағы студенттер мен оқытушыларға арналған ҚХР мамандарының шеберлік сыныптарын өткізу, кинематография бойынша гранттар бөлу, музей ісі саласында тәжірибе алмасу және тарихи-мәдени мұраны сақтау, реставрациялау өзекті екенін атап өтті.
Жұмыс сапары барысында министр ҚХР радио және теледидар істері жөніндегі Мемлекеттік басқарма басшысы Цао Шуминмен де жүздесті.
«Қазақстан-Қытай серіктестігі барлық салада жақсы қарқынмен дамып келеді. Екі елдің телеарналары бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асырды. Біз жаңа форматта контент жасау арқылы микросериалдар мен елдер туралы бейнероликтер түсіріп, оларды теледидарға тарату бағытындағы жұмысты күшейтуді ұсынамыз», деді Цао Шумин.
Отырыста Аида Балаева ҚХР телеарналарында көркем, деректі, анимациялық фильмдердің ротациялануына қолдау сұрады. Сонымен қатар бірлескен сериал, Қазақстанның көрікті жерлері мен мәдени нысандары туралы роликтер түсіруде көмектесуге әзір екенін айтты. Ізінше министр хабар тарату ауқымы бойынша әлемдегі ең ірі БАҚ-та көрсетілетін Қытайдың телевизиялық шоуларына отандық мәдениет өкілдерінің қатысуына ерекше қызығушылық танытатынын құлағдар етті.
Ал А.Балаеваның ҚХР «Global China Media Corporation» ірі медиа корпорациясының бас директоры Шэнь Хайсюнмен кездесуінде қытайлық тарап екі елдің мәдени мұрасы мен мәдени құндылықтарын насихаттауға бағытталған деректі фильмдер шығару туралы келісім жасауды ұсынды. ҚХР Ұлттар істері жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасы Пан Юэмен жүздесуде министр Қазақстан тарихында алғаш рет құрылған көпұлтты «Бірлік» ән-би ансамблінің Бейжіңге гастрольдік сапарын ұйымдастыруды қозғады.
Мәдениет және ақпарат министрінің Бейжіңге жұмыс сапарында Қытай Үлкен театрының директоры Ван Нинмен кездесіп, тараптар екі елдің театр өнерін дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстандық делегация «Үлкен қызыл арман» қойылымын тамашалап, биік эстетикалық деңгейде қойылған би драмасынан ерекше әсер алды. Айта кетейік, Наурыз мейрамы қарсаңында Қытай радиостансаларында қазақ күйлері беріледі.