«Шөл даладағы мұз» десем, нанасыз ба? Қисынға келмесе де, бұл тіркесте шындық бар. Заманауи технология дамымай тұрып, күннің ыстығында азық-түлікті бүлдірмей сақтау біршама қиындық әкелді. Ежелгі парсылар бұл мәселені қалай шешкені туралы дерекке назар аударып көрейік.
Елестетіңізші, адамзат тоңазытқышты ойлап тапқанға дейін әлі 2 300 жыл бар. Күн аптап ыстық. Азық-түлік тез бүлінеді. Мұндайда май, қойдың еті, ірімшік сынды тағамдар тағат таптырмайды. Енді не істемек керек? Ертеде парсылар біздің заманымызға дейін 400 жылы шөл ортасынан мұз жасаған. Шіліңгір жазда «табиғи тоңазытқыш» болып, аса маңызды әлеуметтік-медициналық қызмет атқарған қойма «Яхчал» деп аталған. Оның тереңдігі 20 метрге дейін жетеді. Конус тәрізді тостаған пішінде қазылған терең ұңғыма. Әдетте яхчалға күзде акведуктан су әкеп, жер төлені толтырады. Қыста ол су қатады. Сөйтіп қатқан мұзды жыл бойы қолданады.
Кемі 2 метр болатын яхчалдың қабырғалары – өте қалың. Оны топырақ, құм, ешкі жүні мен күлдің қоспасынан тұрғызған. Бір қызығы, осы заттардың қоспасы жылу өткізбейтін қасиетке ие. Тіпті яхчалға кіретін есік желдеткіштің қызметін атқарған. Ұңғымаға кірген ауа мұздың әсерінен салқындап, конустың жоғарғы жағындағы тесік арқылы жылы ауа шығып отырған. Кейде яхчалды оңтүстік жақтан түсетін күн сәулесінен көлегейлеу үшін қалың қабырғамен жапсарлас салған. Сондай-ақ «бадгирлар», яғни ауа алмасуды күшейтіп, ұңғыма ішін салқындататын жел тосқауылдары бар яхчалдар да көп болған. Мұз таситындар текпішектермен төмен түсіп, үлкен ыдыстарға мұзды толтырып алып, қала тұрғындарына апарып беретін. Халық сол кезден бастап шарапқа, суға мұз салып салқындатып ішіп немесе кішігірім мұздық жасап, тез бұзылатын азық-түліктерді сонда сақтаған. Бұл тоңазытқыштар ең әуелі парсы жерінде пайда болып, кейінірек басқа елдерге де тараған. Тіпті XX ғасырға дейін қолданыста болған.