Қашаннан жаңалықтың жаршысы болып келе жатқан наурыз айы «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Атына сәйкес биылғы наурызымыздың мазмұны, расында да, жаңа уақытпен астасып тұр. Нақтырақ айтсақ, ертеңнен бастап еліміздің барлық өңірінде уақыт белдеуі біріздендіріледі. Яғни бірнеше өңірде уақыт бір сағат артқа жылжиды.
Қоғамда қызу талқыланған осынау өзгерісті құптай қоймағандардың бір уәжі бірыңғай уақыт белдеуінің денсаулыққа кері әсері еді. Алайда медицина мамандары бұлай қауіптенудің қажеті жоқ екенін айтып, бірдей уақыт биологиялық сағатпен де сәйкесетінін алға тартты. Тіпті осы пікірталас ауанында Денсаулық сақтау министрлігі арнайы мәлімдеме жасады.
«Адам ағзасы тәулік бойы гормондардың әсеріне ұшырайды және іс жүзінде барлық сергу, ұйқы, белсенділік, стресс, қалпына келтіру үдерістері – жалпы организмнің жұмысы гормондардың түзілу уақыты мен деңгейіне тікелей байланысты. Гормондар түзілуінің тәуліктік циклі организмнің тәуліктік ырғақтарымен реттеледі. Олар өз кезегінде табиғи, күн уақытымен басталады және синхрондалады. Бұл үдеріс басқа сыртқы факторларға бағынбайды. Организмнің уақытылы қалпына келуі, ұйқының сапасы, ояту және сергу кезеңдері, ақыл-ой белсенділігі – барлық осы үдерістер белгілі бір гормондардың деңгейімен өте жақсы реттеледі. Сондай-ақ қатаң режім мен циклге ие. Сондықтан физиологиялық функциялардың күнделікті ырғағы тұрақты», делінген министрліктің хабарламасында.
Сонымен қатар мұнда адам миының «гипоталамус» деп аталатын бөлігін басқаратын организмдегі биологиялық сағаттың рөлі жөнінде мағлұмат бар. Гипоталамус көру нервтерінен жарық пен қараңғылықтың өзгеруі туралы тікелей ақпарат алады. Сондай-ақ тәуліктік ырғақтың негізгі реттеушісі – мелатонин гормонын шығаруға жауап береді. Басқаша айтқанда, мелатонин – ұйқы гормоны, яғни ішкі биологиялық сағаттарымызды іске қосу серіппесі.
Қысқа мерзімде режімнің бұзылуы көбінесе иммунитеттің төмендеуіне, қатты шаршауға, ақыл-ой белсенділігі мен есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, басқа да көптеген салдарға әкеледі. Табиғи емес уақыт белдеуінде ұзақ уақыт болу, әрине, дененің бейімделуіне тура келеді, бірақ денсаулыққа ауыр зардабын тигізеді.
Осы орайда Астана медицина университеті қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Курейш Хамчиев биологиялық сағаттың ерекшелігіне тоқталып, мұның уақыт белдеуімен қаншалықты үйлесетінін айтып берді.
«Ұзақ жыл бойы Қазақстан халқының басым бөлігі UTC+6 уақыт белдеуі бойынша, яғни қабылданбаған уақытқа сәйкес өмір сүріп келеді. Алайда UTC+6-ның орталық меридианы тіпті Қазақстан аумағынан да өтпейді. Айталық, Өскемен қаласы UTC+6 өлшемінің ең батыс бөлігінде орналасқан. Яғни өз уақытынан әлдеқайда алда тұр. Шын мәнінде бұл шаһар UTC+5,5 уақыт белдеуінің басында жатыр. Ал Қостанай облысында қолданыстағы уақыт (UTC+6) табиғи UTC+5-пен сәйкес келмейді. Мұның салдарынан 17 жылдан бері балалар уақытынан бұрын оянуға мәжбүр. Осы ретте кешкі сағат 22.23-те көшеде күндізгідей жарықтың сақталып отырғаны байқалады. Бұл, әсіресе ұйқысыздықтан әбден мезі болған адамдарға, оның ішінде зейнет жасындағы азаматтарға қиын», дейді К.Хамчиев.
Оның айтуынша, биологиялық сағат – адам ағзасындағы иммундық немесе жүрек-қан тамырлары секілді маңызды жүйелердің бірі. Аталған сағат бізге қоршаған ортаның ырғағымен үйлесім табу үшін қажет. Мәселен, күн мен түннің өзгерген кезінде немесе жыл мезгілдеріне бейімделу үшін оның өзектілігі арта түседі. Біздің ағзамызды басқаратын сағат үш деңгейде жұмыс істейді. Біріншісі – әрбір жасушада жасырылған кішкентай сағат механизмі. Ол барлық жасушада синтезделетін арнайы сlock-ақуыздары деп аталады. Сlock-ақуыздарының бір бөлігі таңертең түзіліп, жасушадағы метаболизмді белсендірсе, екіншісі кешке қарай метаболизмді тежейді. Осылайша, әр жеке жасушаның күнделікті немесе тәуліктік ырғағы жолға қойылады.
«Барлық жасушаның ырғағын үйлестіретін арнайы без эпифиз немесе домалақ без деп аталады. Ол адамның ұйықтау үдерісі мен оянуын, көңіл күйін реттейтін ағзадағы мелатонин мен серотонинді бөлетін гормондар. Күндіз аталған без «бақыт гормоны» серотонинді шығарып, қараңғы түскенде ол «ұйқы гормонын» мелатонинге айналады. Бұл ұйқымызды тереңдетіп, толық етеді. Мелатонин жеткілікті мөлшерде тек түнде бөлінеді. Шамалы жарықтың өзі оның көлемін азайтатынын атап өткен жөн. Бұл гормон тым қысқа уақытта ғана қызмет етеді – сағат 23.00-01.00 аралығында. Сондықтан да осы кезге дейін ұйқыға дұрыстап көңіл бөлген дұрыс. Сонымен бірге бұл уақытта гипофиз безі есірткіге әсер ететін опиоидты гормондар – эндорфиндер мен энкефалиндерді бөліп, ағзадағы адреналин көлемі төмендейді. Нәтижесінде, адам қалыпты ұйқыға кетеді. Оянуға дейін адам ағзасы күндізгі белсенді әрі сергек өмірге дайын болуы керек. Бұл кезде бүйрек үсті безінің қыртысы таңғы 6-7-де жүйке жүйесін қоздыратын кортизол гормонын бөле бастайды. Дәл осы уақытта адамның тұрып кеткені абзал. Неге десеңіз, сергектік гормоны мен кортизол энергиясы стресс гормонына айналуы мүмкін. Соның кесірінен үйлесімділік үдерісі нашарлап, ұзақ уақыт бойы шаршауға, депрессияға, ұйқысыздыққа, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары, онкологиялық және басқа да ауруларды қоздыратын биологиялық ырғақтың бұзылуына әкелуі ғажап емес. Жедел инфаркт пен мидың геморрагиялық инсульті негізінен таңертең глюкокортикоидтардың бөлінуіне байланысты пайда болады. Осы орайда табиғи және биологиялық сағаттарды үйлестіру біздің қолымызда екенін ұмытпайық. Бұл – ұлт денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі, осыны ескеруіміз қажет», дейді дәрігер К.Хамчиев.